Қоғам • 28 Желтоқсан, 2020

«Серпінге» серпін қосатын жастар

646 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы жалғасып келеді. Жоба бойынша оңтүстік жастарына солтүстік өңірлердегі колледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алу, кейін сол аймақта жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілді. Бірақ келген жастардың дені қолына диплом ала сала оңтүстіктегі үйлеріне асықты, енді бір бөлігі оқуын бітірместен кері қайтты. Мәселенің мәнісі неде?

«Серпінге» серпін қосатын жастар

Жалпы бағдарлама аясында 6 жыл­­дың ішінде Павлодар өңіріне 1 мың­дай студент білім алуға келген екен. Бұл күндері «серпіндік» түлек­тер­дің бірі отбасын құрса, бірі Отан ал­дын­дағы бо­рышын өтеп жүр. Ал қазіргі студенттер жоғары оқу орындарында қа­шықтан оқыту бойынша білім алуды жалғастыруда. Індеттің таралуы сту­­дент­тер үшін оқу орындарының есі­гін жап­ты. Яғни «серпіндіктер» де – ауыл­дар­ында.

Облыстық білім беру басқар­ма­сы­ның мәліметінше, «Серпін» бағдар­ламасымен келген жастардың биылғы жұмысқа орналасуы бойынша колледж бітірген 129 түлектің 45-і өңірде қалды. Карантиндік шараларға дейін 338 «серпіндік» жас облыстың 7 коллед­жінде білім алды. Мысалы, 2017 жылы 67 студент оқу бітірсе, оның 14-і өңірде қалды. 2018 жылы келген түлектер саны – 174 болса, 66-сы осы Кереку жерінде жұмыс істеп жүр. Ал 2019 жылы жоғары оқу орнын бітірген 135 адамның 62-сі тұрақтады. Қазір «Білім туралы» заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған жастар сол аймақта кем дегенде үш жыл міндетті түрде жұмыс істеуге тиіс.

Жалпы, 2014 жылдан бастап өңірге «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуға оңтүстік пен батыс өңірінің жас­тары ішінде алғашқы кезеңде 50 жас келсе, 2015 жылы – 175, 2016 жылы – 185, 2017 жылы 200 бала қабылданды. Оңтүстік Қазақстан облысынан – 258, Қызылордадан – 209, Жамбылдан – 32, Алматы облысынан – 4 және Маңғыстау обл­ысынан 2 студент келді. «Сер­пін­мен» келген жастардың алғашқы легі қатарында 65 түлек қолына диплом алды. Бірақ соңғы үш жылдың ішінде 40-қа жуық студент әртүрлі себеппен оқуын соңына дейін жеткізе алмай, шығып кеткен. Айта кетелік, студенттерге жатақха­на­дан тегін бөлме беріледі және оқу бітірген соң жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар жобаның барлық қатысушысы стипендиямен және жолақы төлемі үшін 4 АЕК мөлшерінде өтемақымен қамтамасыз етіледі. Түлек­тер­ді жұмысқа орналастыруға ықпал ету мақсатында өңірде әлеуметтік серік­тестерді тарта отырып, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­ма­сы, кәсіпкерлер, «Жастар бастамала­рын дамыту орталығы» өкілдерінің қа­ты­суымен кездесулер мен «Бос орындар жәр­меңкелері» өткізілді.

1

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Бәрі жақсы-ақ. Дегенмен басқарма берген мәліметтер әр жерде әртүрлі, бірінде колледждерде 338 студент десе, бірінде 399 студент білім алуда делінеді. Қағаз бетінде «жүзіп жүрген» сандардан шатасып қаласың... Иә, «серпіндік» жас­тар­дың 70 пайызға жуығының Пав­ло­дар облысына тұрақтамағаны рас. Жас­тарға үй алу қиын екені түсінікті. Сол­түстіктің суығы тағы бар.

– С.Торайғыров университетінде білім алдық. Қызық болғанда, қазақша сөйлей алмайтын оқытушылар дәріс оқиды. Олар түсінбесе де қазақша жауап беретінбіз. Кафедраларда қазақша білмейтін оқытушылар аз емес, – дейді студенттер.

Бұл – шындық. Университетте қазақ тілінде дәріс оқитын оқытушылардың аз екені үнемі байқалады. Оқу орнын бітір­ген бұл түлектерден сонда қандай білік­ті маман шығады? Оқытушыларда білім алуға келген студенттерге деген қолдау аз екені осыдан-ақ көрінеді. Яғни бағдарламаға жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай ал­ма­уы, қажетті инфрақұрылымның бол­мауы, жұмыс берушілердің жас мамандар­ды жылы қабылдамайтыны кері әсе­рін тигізді. Тіпті «Серпінге» бөлінген грант­тар­дың облыстарда игерілмей қал­ған мысалдары да айтыла бастады. Екін­шіден, «Серпін» жобасы қарайтын «Ең­бек» мемлекеттік бағдарламасы мен «Білім туралы» заңның арасындағы қай­шы­лықтар мәселесін де қайта қарау ке­рек шығар.

Бұған дейін облыс әкімдігі «Сту­дент­­тер оңтүстіктен ата-аналарын об­лыс­қа көшіріп әкелсе, онда «Нұрлы Ертіс» жобасы аясында пәтер алуға мүм­­кіндік береміз, жұмыс істеуге қалған жас­тарды бір жыл бойы тегін жатақ­ханамен қамтамасыз етеміз» деп қызық­тырған-ды. Бұл мәселе қазір айтыл­майды. Сондықтан «Серпін» бағдар­ла­­масының науқандық шара ретінде қа­л­ғаны рас. Ал жастарды баспана, жұ­мыс және әлеуметтік қамту мәселе­ле­рі толғандырады.

Әрине, өңірде қалып, еңбек етіп жүрген жастар да бар. Успен ауданының Галицкое ауылына колледж бітірген 7 жас маман келді. Кәсіпкер А.Касицын басқаратын шаруашылықта жастарға үй берілді, жұмыс бар, табыс жақсы. Бұған қоса, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемле­кет­тік бағдарламасының «Тұр­ғын­дарды жұ­мысқа орналастыруға ықпал ету және еңбек ресурстарының мобиль­ділігі арқы­лы еңбек нарығын дамыту» кіші бағ­дар­ла­ма­сы аясында тұрғын үйді жалға алу және ком­мун­ал­дық қызметтерді төлеу бойынша шы­ғындардың орнын тол­тыруға материал­дық көмек көрсе­ті­ле­ді.

Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарында да осы бағдарламаның қатысушылары бар. С.Торайғыров уни­вер­ситетінде «Серпін» бойынша білім алу­шылардың саны 541 болса, мем­лекеттік педагогикалық университет­те оңтүстіктен келген 661 жас оқиды. Бірақ тағы да сол жағдай: қос университеттің де түлектері оңтүстікке қайта оралды. Бұл төрт-бес жыл бұрын болса, қазіргідей індет тараған кезде ата-аналардың ұл-қыздарына тіпті алаңдайтыны белгілі. Олар диплом алған соң қайда барарларын білмейді. Ағайын-туыс тағы жоқ. Пәтерді жалға алу қымбат.

Бас­қар­ма­ның мәліме­тінше,­ колледж­­­дерде оқитын «серпіндік» студенттерге ай сайын 16 579 теңге шәкіртақы, үйіне бару үшін жылына екі рет 4 АЕК көлемінде ақы, яғни 9 620 теңге, бір рет­­тік тамақтану ақысы беріледі. Жал­пы, мемлекеттік бюджеттен бір сту­дент­ке жылына 690,62 мың теңге бөлі­не­ді. «Серпін» бағдарламасы бо­­йынша келген студенттер оқуын бітірген соң 3 жыл жұмыс істемей, кері қайтса, мем­ле­кет­тік гранттың ақысын қайтаруы тиіс делінді. Бірақ бұған дейін оқуға түскендерінде осы міндеттемелер бел­гі­­лен­­ген қандай да бір құжаттарға қол қойыл­маған да секілді. «Серпін» бағ­дар­ла­­масы оқуға түсудің оңай жолы емес пе? Түлектердің тұрақтап қалуы үшін құ­­жат­тық негізде тараптар арасында қол қойылған шарттар қажеттігін енді түсін­­гендейміз. Өйткені «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасымен ауылға барған тү­лек­тер міндетті түрде үш жыл жұмыс істейді. Әйтпесе, мемлекет тара­пынан берілген төлемақыларын қай­та­ра­ды.

Басқарма басшысының орынбасары С.Әлиақпарованың айтуынша, алғашқы жылдары «серпіндіктер» педагогикалық ма­ман­дықтарға ғана оқытылса, қазір бұл қатарға техникалық және ауыл шаруа­шылығы мамандықтары қосылды. Әри­не, жастардың техникалық, кәсіп­тік білім алатыны қуантады. Сөй­тіп, әр өңірден келген студенттер «Серпін» бағ­дар­ламасы арқылы еңбек нары­ғын­да­ғы сұранысқа ие ма­ман­дық­тар­ға даярлануда. Яғни студент жастар өндірістік-техникалық, кәсіптік салаларға қарай бейімделуде. Мысалы, технологиялық колледжде – 62, ақпараттық технологиялар колледжінде – 77, Химия-ме­ха­­никалық колледжінде – 35, Ақсу жо­ға­ры көпсалалы колледжінде 47, Аг­рар­лық инновациялық колледжінде – 96, Түсті металлургия колледжінде – 45, Монтаждау колледжінде 37 студент түрлі мамандықты игеруде. Басқарманың кәсіптік және техникалық білім беру бөлімінің маманы Самал Абазованың айтуынша, түлектердің кейбірі «Сүт» АҚ, «Сағып» ЖШС, Мойылды шипажайы секілді жеке кәсіпорындарда өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуде. Білімдерін жоғарылату мақсатында университетке қайта түскендері де бар.

– Жастардың туған өңірлеріне ке­туі­не баспананың жоқтығы себеп, – дейді Сәуле Әлиақпарова. – Тү­лек­­терді жергілікті жерде қалдыру мақ­са­тында колледждердің әкімшілігі Жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы, Жастар бас­тамаларын да­мыту орталығының өкілдерімен, кәсіп­­кер­лер және «жасотандықтармен» бір­неше рет кездесу өткізілді. Жалпы, «Сер­пін-2050» жоба­сының мақсаты – оңтүстік облыс­тардың жастарына солтүстік өңір­­лер­дег­і жоғары оқу орында­рын­да білім алуға, жұмысқа орналасуға жағ­дай жа­сау еді. Бұған жергілікті жер­де­­гі үл­кен­ді-кішілі әкімдерден жет­кі­лікті қам­­қор­лық, нақты назар болмады. Екін­­шіден, «серпіндіктердің» солтүстік өңір­­лерге келуі өңірде бос қалып бара жатқан ауылдарға ел қондыру, ұлттың болашағы, қазақтың демографиялық өсім мәселесіне септеседі. Оңтүстік жас­та­ры солтүстік өңірде қазақ тілінің тілдік ортасы қалыптасуына да серпін әкелері сөз­сіз. Бұл да сөз жүзінде қалды. Бос ауыл­дар сол күйі бос қалуда...

 

Павлодар облысы