Алғаш рет 2014 жылы жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған еді. Содан бері көптеген жас облысымызда оқу оқып, жұмысқа орналасты, отбасын құрды. Әртүрлі себептермен «ауылым қайдасың?» деп қайтып кеткендері де жоқ емес. Дегенмен «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен жастарға мемлекет тарапынан жағдай жасалып-ақ жатыр. Жыл сайын гранттар бөлінеді, жақсы оқығандарға стипендия тағайындалған, жатақханамен қамтылған. Кейін оқу орындарын тәмамдап, жұмысқа орналасқан соң үй кезегіне тұруға болады. Айта кетерлігі, әлеуметтік жеңілдіктерге сәйкес олардың өтініштері басқа өңірден қоныс аударушылар ретінде жеке қаралады.
Шығыс Қазақстандағы «Серпін-2050» штабының жетекшісі Лейла Төлеубайқызының айтуынша, «Серпін» жобасының аясында облыстағы жоғары білімді мамандарды даярлауға 11 оқу орны қатысқан. Қазіргі таңда С.Аманжолов атындағы университетте 689 түлек білім алып жатыр. Оның ішінде Түркістан облысынан – 302, Қызылорда облысынан – 156, Алматы облысынан – 193, Жамбыл облысынан – 32, Маңғыстаудан 6 талапкер келген.
Жалпы, жоғары оқу орнын бітіргендердің бірі жұмысқа орналасса, енді бірі өз қалауларымен әрі қарай білімдерін жалғастырады. Мысалы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті республиканың 24 жоғары оқу орнымен бірге аталған бағдарламаны жүзеге асыруға қатысып келеді. Мұнда 22 мамандық бойынша білім беріледі.
– Біз шығысқа 2014 жылы алғашқылардың бірі болып келдік. Шынын айту керек, біздің білім алуымыз үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалды. Әрине, о баста «серпіндіктер» аз ұпаймен түсіп жатыр деген мәселенің басы қылтиған. Бірақ әркім өз білімімен түсті деп ойлаймын. Дипломдарын алып, жұмысқа орналасып, осында тұрақтап қалған қатарластарымыз көп. Өзім де Өскеменде қалатын сияқтымын, – дейді «Серпіннің» түлегі Бақдәулет Мұхитдинұлы.
Рас, шығысқа қоныс аударғандар көп. Бірақ қазақ баласы үшін Қазақстанның қай пұшпағы болсын өз жері, өз елі емес пе?! Оңтүстіктен оқу оқимын деп келіп, бақытын тапқандардың бірі – Назым Айтуғанқызы.
– «Серпін» бағдарламасының жеңілдіктері жеткілікті. Төрт жыл бойы студенттер үйімен қамтамасыз етеді, жолақысы төленеді. Мен оқуымды тәмамдаған соң шығыста жұмысқа орналастым. Сонымен қатар магистратураға тапсырдым. Биыл тұрмысқа шығып, Өскеменнің келіні атандым, – дейді қызылордалық Назым.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл диплом алған түлектердің 98 пайызы Шығыс Қазақстанда еңбек етіп, оқуларын жалғастыру үшін қалған.
– Қазіргі таңда коронавирус инфекциясына байланысты студенттер қашықтан білім алуға көшкені белгілі. Алайда онлайн оқуға мүмкіндіктері жоқ «серпіндіктер» мен әлеуметтік жағдайы төмен студенттер үшін жатақхана wi-fi желісімен қамтылып, тиісті жағдайлар жасалды, – дейді «Серпін-2050» жетекшісі.
Ал «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 2015 жылы басталды. Алғашында педагогикалық мамандықтар оқытылып, кейіннен техникалық және ауылшаруашылық мамандарын даярлай бастады. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қажетті кадрлар тізімі бекітілді. Білім алып жатқан «серпіндіктер» өңірдегі «Казцинк», «AES», «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, Өскемен жылу жүйелері сынды кәсіпорындарда практикадан өтеді. Бүгінде Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 242 студент оқып жатыр.
Сондай-ақ аталған бағдарлама бойынша Шығыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіптік колледждерінде де гранттар бөлінеді. 2020-2021 оқу жылында жалпы 10 колледжде 276 оқушы білім алып жатыр. Бұл жоба негізінде техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі үшін 87 кәсіпорынмен келісім жасасқан.
Иә, о баста «Серпін-2050» бағдарламасына күмәнмен қараған ата-ананың күмәні сейілді. Керісінше, үйден жырақта жүріп жылы орнын тауып жатқан балаларының әр жетістігіне қуанып отыратын болды. Ең бастысы, жұмыс таппай сенделіп жүрген «серпіндіктер» жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы