Экология • 28 Желтоқсан, 2020

Отындық ағашты орынсыз кеспе

625 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің хабарлауынша, егер ауылдықтар қысқы отындық ағашты рұқсат берілмеген құжатсыз отап-кесіп алса айыппұл төлейді. Өйткені бір адамға 5-10 текше метр ағаш алуға ғана рұқсат берілген.

Отындық ағашты орынсыз кеспе

– Ал, ешқандай рұхсат құжа­тынсыз кесілген ағаш көлемі үшін заң алдында жауап береді. Кел­тірілген шығын көлемі 100 айлық есептік көрсеткіштен асса, онда қылмыстық жауапкершілік саналады. Мысалы, қазан айында заңсыз ағаш кескен жерлерінен Май ауданы Баскөл ауылының төрт тұрғыны ұсталды. Орман­шылардың басты міндеті – орман байлығын сақтау, орман толы ағашты заңсыз әрекет жасаушылардан қорғау, – дейді  мекеме басшысы А.Жүсіпов.

Қысы ұзаққа  созылатын сол­түстіктегі өңірлердің отын түрі ағаш пен көмір екені белгілі. Тұр­мыстық қажеттілікке кесілген ағаш­­тың орнына көктемде жас өскіндер егілгенімен, өңірдегі ауылдар бір қыста ағаш отынның 400 мың текше метрін жағатын көрінеді.

Орманшылардың айтуынша, орман шаруашылықтарында ағаштар жалпылай және сани­тарлық түрде кесіледі. Ауруға шал­дыққан ағаштардың 1 текше метрі 1600 теңгеден сатылады. Кәдімгі  жайқалып өсіп тұрған сау ағаштардың 1 текше метрі – 2300 теңге. Мамандар бұталған, кесілген бір көлік отын ағашын 30-35 мың теңгеден сата алады.

– Бұл жерде ағаштар кесі­ліп, табиғатқа зиян келді деп уайым­даудың қажеті жоқ. Өйт­кені жыл сайын орманшылар шаруашылықта кесілген ағаш­тардың орнына жаңа ағаштар егеді. Көктем, жаз айларындағы қысқы отын дайындау маусы­мы желтоқсан айына дейін жал­­ғасады. Негізінен, орман алқа­бын кескен сайын орманды то­лық­тыру мекеме тарапынан тек­серіліп тұрады. Мысалы, 1 гек­тар алқаптағы ағаштар кесіл­се, келесі жылы 2 гектар алқапқа ағаш­тар егіледі, – дейді орманшылар.

Санитарлық шаралар бойынша жыл сайын орманшылар орман ішінде қураған, ауруға шалдыққан ескі ағаштарға арнайы белгі қойып кетеді. Бұл ағаштарды кесіп, отынға жаратуға болады.Отынға берілетін ағаш­тарды алу үшін жергілікті орман шаруашылығынан арнайы рұқсат қағазын алады. Мысалы, биыл мекемеге қарасты орман­шы­лықтарда 8500 текше метр ағаш жарамсыз болып қалған.

Сонымен бірге Аждар Жү­сіпов­тің айтуынша, жергілікті әкімдіктердің өтініштеріне сай көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларына, басқа да мұқтаж жандарға көмек ретін­де отындық ағаш жеткізіліп бе­ріледі. Әр ауданда, қалада жер үй­де тұратын 10 отбасыға бір тек­ше метрден, ал қыс суытқан кез­де қосымша отындық ағаш беріледі.

 

Павлодар облысы