Дәл қазір алғаш рет елімізде өтіп жатқан «Еуразия барысы» халықаралық турнирі аяқталуға жақын қалды. Бұл туралы www.egemen.kz тілшісі хабарлады.
Біздің елдің балуандар алғашқы кездесуінде Иран құрамасын 5:0 жеңгеннен кейін екінші белдесуінде Тәжікстан командасын да 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Сөйтіп, біздің балуандар бірден финалға жолдама алды. Турнирде Моңғолия балуандары да қарсыластарын дәл осындай есеппен ұтып, финалға шықты. Олар Ресей құрамасынан басым түсті. Енді финалда Қазақстан мен Моңғолия балуандары кездеседі. Айта кететін бір нәрсе, Моңғолия құрамасында 90 кило салмақ дәрежесінде Серік Бердімұрат деген балуан күресіп жатыр. Финалда ол қазақстандық Мұхит Тұрсыновпен күш сынасады.
Ал бұған дейін жұбату турнирінің кездесулері болды. Оларда Тәжікстан Иранды, Ресей Түркияны 4:1 етіп ұтса, Польша Қытайдан 3:2 есебімен басым түсті. Бұлардың соңғысы 7-8 орындар үшін таласқан еді. Бұдан әрі Иран мен Түркия 5-6 орындар үшін шайқасады.
Осылайша турнир жалғасып жатыр. Енді біршама уақыттан кейін біз турнирдің бас жүлдесі кімге бұйыратынын да білеміз.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: egemen.kz