Қаржы • 29 Желтоқсан, 2020

Қорғаныс бюджеті бекітілді

119 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Америка сена­тор­­лары мен кон­грес­смен­дері қор­ғаныс бюд­жетінің жобасын бекітті. Соған сәйкес, 2021 жылы Ақ үй әскери қажеттілікке 740 миллиард доллар жұмсамақ.

Қорғаныс бюджеті бекітілді

Бұл мол қаражат қарулы күштерді модернизациялау, жаңа технологияларды дамыту, сондай-ақ АҚШ-тың геосаяси ықпалын одан әрі кеңейту мақсатында жұмсалады.

Қорғаныс бюджетіне АҚШ прези­денті Дональд Трамп наразылық танытып отыр. Әсіресе Ақ үй басшысы интернет-платформалардағы жазбаларды бақылау мәселесіне қатысты жиі дау шығарады. Бұған дейін Twitter, Facebook секілді бірқатар әлеуметтік желі Д.Трамптың кей жазбаларын жалған ақпарат ретінде әйгілеген-ді.

Таяуда Дональд Трамп құжатқа вето қою құқығын қолданатынын айтты. Дегенмен, конгрессмендердің 300-і бюджет жобасын қолдап дауыс берді. Алда-жалда президент вето қоя қалса, депутаттар оны еңсеруге мүмкіндігі бар. Яғни Өкілдер палатасында заң қайта мақұлданса, құжат қабылданады.

Пентагонның негізгі қажеттіліктеріне 635,5 млрд доллар жұмсалмақ. Қалған қаражат энергетика саласындағы ұлттық қауіпсіздік бағдарламаларына (26,6 млрд) және шетелдегі опера­цияларға (69 млрд) бағытталады. Үш жыл ішінде дыбыстан жылдам технологияларды қаруландыру саласына қаржы бөлу  қажеттілігі ерекше ескерілген.

Ядролық үштікті модернизациялауға шамамен 30 млрд доллар бөлінген. Бұл қаражат байланыс және басқарудың жаңа жүйелерін әзірлеуге жұмсалады. Зымыран шабуылдарына қарсы күрес жүйелерін дамытуға 20 миллиард доллар жұмсау көзделсе, ғарыш әскерлеріне 15 мил­лиард доллар резервке қойы­лып отыр. 10 млрд-қа жуық қаражат киберке­ңістіктегі операцияларға бағытталады.

 

 

Соңғы жаңалықтар