07 Желтоқсан, 2013

«Еуразия барысы»: Бас жүлде – Қазақстан құрамасында

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

07-12-13-taraz-2

Бүгін, 7 желтоқсан күні Таразда«Еуразия барысы» турнирі мәреге жетті. Оның бас бәйгесін Қазақстан құрамасы жеңіп алдыі. Бұл туралы www.egemen.kz тілшісі хабарлады. Турнирге Қазақстан, Моңғолия, Түркия, Иран, Тәжікстан, Польша, Ресей және Қытай елінің құрамалары қатысты. Екінші айналымда Қазақстан мен Тәжікстанды, Моңғолия Ресейді 5:0 етіп ұтты. Бұдан әрі жұбату кездесулері басталып кетті. Ол бауырлас тәжік және парсы палуандары арасындағы шайқаспен арна тартты. Кездесу тәжіктердің ирандықтарды 4:1 етіп жеңуімен бітті. Ресей палуандары Түркияны дәл осындай есеппен ұтты. Содан соң Қытай және Польша командалары 7-8 орындар үшін таласты. Онда поляктар 3:2 есебімен басым түсті. Бұдан кейін 5-6 орындар үшін Иран және Түркия таласып, парсылар 4:1етіп ұтып шықты. Ал 3-4 орындар үшін талас Ресей және Тәжікстан құрамалары арасында өтті. Орыстар бұл кездесуге жарақат алып қалған бір спортшысынсыз шықты. Ол алдын ала бір ұпайды беріп қойды деген сөз. Міне, осы олқылықты ресейлік Филиппов бірінші шайқаста таза жеңіске жетіп, толтырып берді. Бұдан әрі тартыс қыза түсті. Себебі, тағы бір тәжік жеңіске жетті де, командасын алға шығарды. Сол кезде кілемге шыққан ресейлік Артем Ковалевский қарсыласын бірден таза жеңді де, жалпы есепті 2:2-ге жеткізді. Бәрін соңғы белдесу шешті. Онда ресейлік Дмитрий Михалев аса тартыспен өткен жекпе-жекте тәжік атлетін тізе бүктірді. Бұл Ресей құрамасына үшінші орын алып берді. Финалда Моңғолия және Қазақстан құрамалары кездесті. Әдеттегідей кездесуді 60 килоға дейінгілер бастады. Ол аса тартысты өтті. Дегенмен, бір мүмкіндігін тапқан Абзал Арыстанбеков таза жеңіске жетті. Содан кейін 70 килодағы Ерлан Естеннің кезегі келді. Ол да өзі үшін ұпай берумен басталған белдесуді ақырында таза жеңіспен аяқтады. Үшінші жұпта Ерсін Мұхамеджанов кілемге бет алды. Шайқас екі жақтың бір-бірін байқауымен өрбіді. Мұндағы текетірес айқастың соңына дейін созылды. Ол тең болып аяқталды. Сосын таза белдесу тәртібі берілді. Онда Ерсін 3 секундта моңғолды таза жеңіп кетті. Сөйтіп, бас жүлденің тағдыры шешілді. Оны Қазақстан құрамасы өзінде қалдырды. Бірақ екі ел палуандары арасындағы шайқас жалғаса берді. Төртінші жұпта Мұхит Тұрсынов пен моңғолиялық қазақ Серік Бердімұрат ұстасты. Екеуі ұзақ ырғасты. Бір-бірін алулары қиынға түсті. Екі барыс бір-бірін ала алмады. Сосын Мұхит жолын Серікке берді. Ал соңғы сынаққа 196 килолық моңғол біздің Бейбіт Ыстыбаев қарсы шықты. Екеуінің ақырын аңдысуының бір сәтінде Бейбіт тамаша әдіс қолданып, екі центренрлік қарсыласын таза жеңді. Осымен есеп – 4:1. Қазақстан жеңіс тойын тойлады. Сөйтіп, турнирге қатысушы командалар қорытынды кестеде былайша орналасты: 1.Қазақстан; 2. Моңғолия;  3. Ресей;  4. Тәжікстан;  5. Иран;  6. Түркия; 7. Польша;  8. Қытай.  Дастан Кенжалин. Дереккөз: Egemen.kz.
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19