Өскемен титан-магний комбинатының ұжымымен кездесуде сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтары талқыланды. Алдағы 5 жылда өңірде 130 мың жаңа жұмыс орнын ашу, 2,5 мың шақырым автожолға жөндеу жүргізу, 230-дан астам ауылдың 100 мыңдай тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, 30 мың отбасының тұрғын үй мәселесін шешу жоспарланған. Сондай-ақ кәсіпорындарды жаңғырту мен қоқыс өңдеу кешендерін салу есебінен экологияны жақсарту және зиянды шығарындыларды кемінде 10 пайызға төмендету бойынша бірқатар шара қолға алынады.
Nur Otan өкілдері облыстағы Ана мен бала орталығына барды. Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек атап өткендей, отбасын қолдау мен нығайту – елдің табысты дамуының кепілі. Алдағы 5 жылда отбасын қолдау үшін әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылар бойынша барлық міндеттеменің орындалуы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік жәрдемақыларға индексациялау жүргізіледі. Осы мақсатқа 3 трлн-нан астам теңге бағыттау жоспарланған. Көп балалы, толық емес, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мақсатында әлеуметтік кәсіпкерлікті, отбасын жұмыспен қамтуды дамыту бойынша шаралар қабылданады.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту бойынша жүйелі шараларды қолға аламыз. Елдегі әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау, отбасылық шиеленістерді шешу және балалы әйелдерге уақытша тұрғынжай ұсыну орталықтары құрылады. Бұл ретте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, отбасылық соттар құрылады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға атаулы көмек көрсету үшін «111 шұғыл қызмет» жұмысы қамтамасыз етіледі», деді Б.Байбек.