
Биыл елімізде алғаш рет қазақ күресінен өткен «Еуразия барысы» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды. Бұл туралы www.egemen.kzтілшісі хабарлады.
Финалда біздің балуандар Моңғолия командасын 4:1 есебімен ұтты. Бұл кездесуде еліміз құрамасында Мұхит Тұрсыновтан басқалары қарсыластарынан басым түсті. Соның ішінде ең әдемі жеңісті елімізге 2012 жылғы «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев сыйлады. Ол өзінен салмағы ауыр, алып денелі моңғол балуаны Сұғаржарғыл Болдпуревке әдемі әдіс жасап, алып жықты. Басқа балуандарымыздан Абзал Арыстанбеков пен Ерсін Естектің белдесуі жанкүйерлердің көңілінен шықты. Біздің құрамадағы Ерсін Мұхамеджанов болса, оның қарсыласы оңайлықпен жеңілмеді. Моңғолия балуаны Төвшинжарғал Ған Ерсінге жақсы қарсылық көрсете жүріп, әдемі жасап отырды. Сөйтіп, кездесу тең есеппен аяқталып, төрешілердің шешімімен балуандарға әдіс жасауға мүмкіндік берді. Осы мүмкіндікті Ерсін пайдаланып, қарсыласына ешкім күмін тудырмайтын әдіс жасады. Ал, Мұхит Тұрсыновқа келсек, ол қарсыласын жеңуге бәрін жасағанымен Моңғолия құрамындағы ұлты қазақ Серік Бердімұрат қандасына ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Кездесудің соңында Мұхит Серікке белбеуін шешіп, жеңісті берді.
Финалдың соңында Қазақстан құрамасына бас жүлдені Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев тапсырса, басқа балуандарға «Қазақстан барысы» қоғамдық қорының төрағасы Арман Шораев, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкиев пен басқа да азаматтар табыс етті.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: www.egemen.kz
Фото: Ерлан Омаров.


