
Дүлей қарлы борандар АҚШ-тың оңтүстіктегі штаттары аумағын шат-шәлекей етуін жалғастырып жатыр. Күшті желдің әсері мен сымдардың қатып қалуынан үзіліп кетіп жатқан электр қуаты желілері істен шығуларына байланысты негізінен Техас штатының 130 мыңғ жуық тұтынушысы жарықсыз қалып отыр. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Ауа райының қиын жағдайынан мыңнан астам авиарейстер тоқтатылып тасталды. Авиация билігіндегілердің мәліметінше, 3,5 мың адам Даллас әуежайында (Техас штаты) түнеп шығуға мәжбүр болған. Билік өкілдері адамдардан барынша сабырлылық танытуды, мүмкіндігі болғанынша жеке көліктерімен жолға шықпауды, сондай-ақ аса бір қажеттілік болмаса, көшеге де шыға бермеуді өтініп жатыр.
Ауа райының қолайсыз жағдайы көптеген жол-көлік оқиғаларының орын алуларына да себепкер болуда. Қазір кейбір жолдардағы мұздың қалыңдығы 8 сантиметрге дейін жеткен. Далластағы температура қазір нөлден 4 градус төмен болып тұр. Әдетте жылдың бұл мезгілінде мұндағы ауа райы 15 градустық жылылықты көрсетеді екен.
Жергілікті билік жексенбіде 25 мың адамның қатысуымен өтетін болып белгіленген марафонды тоқтатып қойды.
АҚШ Ұлттық ауа райы қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда аса қуатты салқын ауа толқыны біртіндеп шығыс жағалауға қарай жақындап келеді. Жақын арада солтүстік аудандарда күшті қар мен мұзды жаңбыр жаууы, оңтүстікте нөсер жауынның орын алуы күтіп тұр.
Сәкен Майлыбай.
Дереккөз: ИТАР-ТАСС.