Заң жобасы қазақстандық дипломаттардың әлеуметтік қорғалуын нығайтуға және дипломатиялық қызмет органдарының қызметін жетілдіруге бағытталған.
«Заңға келесідей өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген, яғни дипломатиялық қызмет ардагерлерінің әлеуметтік қорғалуын жетілдіру мақсатында Заңда «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері» ұғымын бекіту ұсынылады. Бұл санатқа зейнеткерлік жасқа толған және кемінде 25 жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның ішінде Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарында 15 жыл жұмыс істеген адамдар жатқызылатын болады», деп түсіндірді Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Оның айтуынша, Төтенше және Өкілетті Елші, халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты (өкілетті) өкіл қызметін атқарған немесе Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай төлем төленетін болады. Қажетті шығындарды Республикалық бюджет комиссиясы биылғы 11 тамызда қолдады.
«Әлемдік саясат пен экономика саласында іргелі және ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізу мақсатында дипломатиялық қызмет органдары жүйесіне ғылыми мекемелерді кіргізу ұсынылады. Бұл Сыртқы істер министрлігіне қарайтын Сыртқы саяси зерттеулер институтының мәртебесін арттырып, оның қызметінің негізгі бағыттарын бекітуге мүмкіндік береді», деді министр.