10 Желтоқсан, 2013

Сын түзелмей, мін түзелмейді

880 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы күзде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет басшылары мен облыс әкімдері атына айтқан көптеген сын-ескертпелерінен бүгінде тиісті нәтижелер мен қорытындылар шығып келеді. Осыған орай Премьер-Министр облыс әкімдеріне әр аудан әкімдерінен мемлекеттік бағдарла­ма­лардың қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде есеп алуын тапсырғаны да аян. Әрине, мұндағы басты мақсат, оларды негізсіз іреп, мінеп, сынау емес, керісінше, атқарылған жұмыстарды жан-жақты саралап, таразыға тарту және ортақ істің кемшін, олқы кеткен тұстарын түзетуге бағыт ұстау болатын.

Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы күзде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет басшылары мен облыс әкімдері атына айтқан көптеген сын-ескертпелерінен бүгінде тиісті нәтижелер мен қорытындылар шығып келеді. Осыған орай Премьер-Министр облыс әкімдеріне әр аудан әкімдерінен мемлекеттік бағдарла­ма­лардың қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде есеп алуын тапсырғаны да аян. Әрине, мұндағы басты мақсат, оларды негізсіз іреп, мінеп, сынау емес, керісінше, атқарылған жұмыстарды жан-жақты саралап, таразыға тарту және ортақ істің кемшін, олқы кеткен тұстарын түзетуге бағыт ұстау болатын.

Түптей келгенде, мемлекеттік бағ­дарламалар мен Президент тапсыр­маларының өзегі мен өрісі бір. Екеуі бірін-бірі байытып, толықтырып отырады. Осындай тәртіппен өткен аптада Батыс Қазақстан облыс әкімдігінде Орал өңіріндегі он екі ауданның әкімі аяқтарынан тік тұрып, бірінен соң бірі есеп берді. Жергілікті жерде мемлекеттік бағдарламаларды сапалы әрі нәтижелі түрде іске асыруда аудан әкімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Әсіресе, «Жұмыспен қамту-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларын ойдағыдай орындауға жұмылдыру олардың төл міндеттері болып қала бермек.

Бұл тұрғыда облыс аудандарында қолға алынған істерді жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, оны бір-бірімен ұштастыра, үйлестіре, яғни кешенді әрі тиімді түрде жүргізуде бірқатар кемшіліктер орын алып келгені де есеп кезінде ашық айтылды. Айталық, бүгінде тұрғындарды қоғам мен заман талап етіп отырған жаңа мамандықтарға қайта даяр­лау ісінің маңызы жоғары. Алайда, осы бағыт бойынша оқуды аяқтағандардың бәрі бірдей қызметке орналаса бермейді. Жастар практикасы бойынша да осылай деуге болады. Ал облыстың кейбір өңірлерінде кәсіптік оқуға жолданған тұрғындар саны күрт азайып кеткен. Мұндай кемшіліктер бірінші кезекте Ақжайық, Бөкей ордасы және Сырым аудандарына тән.

Оның орын алу себебіне талдау жасаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұған нақты қандай мөлшерде қаражат жұмсалғанын тайға таңба басқандай анықтау қажеттігін атап көрсетті. Өйткені, мемлекеттік қаражаттың бір де бір теңгесі орынсыз жұмсалуына жол берілмеуге тиіс. Иә, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, бірінші кезекте, оны қар­жы­ландыруға тікелей байланысты. Бұл қаражат аудан әкімдерінің сұраныстары мен өтініштеріне қарай бөлінетінін де екінің бірі біле бермейді. Егер олар оған жүрдім-бардым қарап тиісті деңгей­де мән бермесе, тұтастай облысқа келе­тін қаржыландыру мөлшері де қысқа­ратыны есеп кезінде облыс басшысы тарапынан орынды айтылды демекпіз.

Жоғарыда аталған «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасының үшінші бағыты ішкі көші-қонды жүйелі түрде жүргізу қажеттілігінен туындайды. Гәп мынада. Облыстағы инфрақұрылымы біршама жақсы дамыған өңірлерге шалғай аудан тұрғындарының белгілі бір бөлігін көшіріп әкелу үрдісі сөз жоқ, өте жақсы бастама. Жабайы урбанизация үрдісіне тосқауыл қоюдың басты бір жолы да осы. Осы мақсатта Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында алпыс үй салынған. Облыс орталығына таяу Зеленов және Тасқала аудандары орталықтарында да алыс аудандардағы жұмыссыз тұрғындар үшін жаңа үйлер бой көтеруде. Алайда, жергілікті атқарушы органдар оларды жұмыспен қамтуды ұмыт қалдырған.

Сондай-ақ, облыстың Зеленов ауданында тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша қордаланып қалған мәселелер бар. Мұнда тиісті тәртіпке сәйкес белгілі бір кезеңге дейін атқарылған жаңарту жұмыстарына жұмсалған қаражат мемлекетке қайтарылуы керек. Өкінішке қарай, бұлай болмай отыр. Рас, мүлдем жоқ емес, бар. Алайда, қайтарылған сомалардың көлемі мүлдем мардымсыз. Айтуға да тұрмайды. Әрине, қарызды қайтармай отырғандарды сотқа беруге де болар еді. Бірақ мәселені бұлайша ушықтырудың қандай қажеттілігі бар?! Бұл сотқа жеткізбей-ақ шешуге болатын мәселе. Өйткені, бағдарлама табысы аз отбасыларға көмектесу үшін жүргізіліп отырған жоқ па? Егер шынымен төлем төлеуге жағдайы көтермесе, мүмкін оларға тұрғын үй-коммуналдық көмегін беру жолдарын ойластыру қажет шығар.

Облыс әкімдігінде өткізілген аудан әкімдерінің мемлекеттік бағдар­ла­малардың орындалу барысы туралы есептері кезінде көбірек сынға ұшыраған әкімдердің бірі Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев болды. Аталған өңірде 54 мың халық тұрады. Яғни, тұрғындар саны жөнінен бұл – облыс аудандары арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Аудан аумағында Ақсай атты кеншілер қаласы орналасқан. Қысқасы, мұнда ұйымдастырып, істің көзін таба білсе орасан зор әлеует бар. Алайда, осы мүмкіндіктер тиісті деңгейінде пайдаланылмай келеді. Қолға алынған жобалардың қаржылық мөлшері 3-4 миллион теңгеден аса бермейді. Ақсай қаласында екінші деңгейдегі банкілердің бәрінің филиалдары жұмыс істейді. Зор әлеует, үлкен мүмкіндіктің бірі де осы емес пе? Сондай-ақ, Бөкей ордасы Жәнібек секілді шалғай аудандармен салыстырғанда Бөрліде банктерге берілетін кепілдік мүмкіндігі де жоғары.

Мемлекет басшысы мұнай-газ өндіретін ірі компаниялардың жанынан оған қосымша көптеген жаңа кәсіпорындарды шоғырландыру қа­жеттігін ұсынды. Бұл мүмкіндік емес пе? Мүмкіндік болғанда қандай?! Жұмыспен қамтудың таптырмайтын көзі деп осыны айтыңыз. Орасан зор мұнай-газ бен конденсат шикізатының түбінде отырған Бөрлі ауданы үшін осындай әлеуетті құр босқа жіберу кешірімді бола қояр ма екен? Елімізде моноқалаларды дамытудың айқын да тұжырымды бағдарламасы жасалғаны белгілі. Осы тізімге кірген қалалардың бірі – Ақсай. Алайда, бұл мәселеде де қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану жағы ешқандай сын көтермейді. Тіпті, өзгесін айтпағанда, соңғы кезде Ақсай қаласының азып-тозып бара жатқаны, оған кіре берістегі және Шыңғырлау бағытына қарай шыға берістегі жолдардың шұрқ тесік болып қалғаны ешкімге де құпия емес.

Аудан әкімі Марат Түсіпқалиев есеп беру кезінде атқарылған жұмыстарды талдап-сараптаудың және кейбір деректерге салыстырмалы баға берудің орнына, сылдырлаған құрғақ, қаптаған цифрларды тізіп шықты. Жоғарыда айтылғандай, оның тарапынан аудандағы мол әлеуетті тиімді пайдалану үшін не істеу керектігі жөнінде бір ауыз сөз айтылмады. Мүмкін, бұған мемлекеттік органдардың, облыстағы департаменттер мен басқармалардың көмегі мен қолдауы қажет шығар. Бұл жөнінде де бір ауыз сөз жоқ. Осы олқылықты дөп басқан облыс басшысы Н.Ноғаев аудан әкімдері мен жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл мен келісімді тереңдету қажеттілігіне тоқталды. Әрі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ақпараттандыру мен түсінік жұмыстары деңгейін көтеру қажеттігін атап көрсетті.

Бұған дейін аудан және қала әкім­дері­нің бастамасымен мәреге жеткен табыс­тар қандай? Неге қол жеткізе алмадық? Ендеше, мұндай кешеуілдеудің мәнісі неде? Істі ойдағыдай жүргізуге не кедергі? Осындай басы ашық сауалдарға жауап беруді көздеген облыстағы аудан әкімдерінің мемлекеттік бағдар­ламаларды уақытында және толық орындауы жөніндегі есептері өз мақсат­тарына жетті деп түйін жасай аламыз.

Иә, бұған дейін мемлекет тарапы­нан мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тетіктері белгіленіп, оны қаржыландыру мәселесі қоса шеші­мін тапты. Сондықтан да, алдағы уақытта оны аяғына дейін жеткізудің жауап­кершілігі мен салмағы жергілікті атқарушы органдарға, соның ішінде аудан, қала және облыс әкімдеріне ауып келеді. Осы орайда, Батыс Қазақстан облыс­тық әкімдігінде екі күнге созылған бас қосу осы мәселенің күрмеуін тарқа­туға әжептәуір пайдасын тигізері анық.

Ал осы тұрғыдан алғанда, жиында айтылған өткір сын-ескертпелер мен ұсыныстар істі одан әрі жақсартуға септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

 

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19