Руханият • 30 Желтоқсан, 2020

Анкарада «Абай даңғылы» мен «Абай ескерткіші» ашылды

700 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абайдың туғанына 175 жыл және Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай Анкара қаласы Гөлбашы ауданында «Абай және Фараби» және «Ұстаздың оралуы» кітаптарының түрік тіліндегі аудармаларының тұсаукесері және «Абай даңғылы» мен «Абай ескерткіші» ашылу салтанаттары өтті. Маңызды іс-шаралар Түркиядағы Елшілігі Анкара Гөлбашы әкімдігімен бірлесе отырып ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Анкарада «Абай даңғылы» мен «Абай ескерткіші» ашылды

Іс-шараның бірінші бөлімінде белгілі қазақ ғалымы Ақжан әл-Машанидің «Абай және әл-Фараби» кітабының және жазушы әрі мемлекеттік қайраткер Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітабының түрік тіліндегі аудармаларының тұсаукесері жасалды. Бұл кітаптар Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Еуразия жазушылар одағының бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде жарық көрді.

1

Қазақстан мен Түркияның әнұрандарымен басталған іс-шараның ашылу салтанатын Гөлбашы ауданының әкімі Рамазан Шимшек жасады. Ол өз сөзінде әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына және Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған осы маңызды іс-шараның ұйымдастырылуына үлес қосудың үлкен мәртебе екенін атап өтті.

Ақжан әл-Машанидің «әл-Фараби және Абай» кітабының және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітабының түрік тіліне аударылуын ұйымдастырған және Түркі әлемінің әдебиет саласындағы ынтымақтастығына үлкен үлес қосып жүрген Еуразия жазушылар одағының президенті Др. Якуп Өмероғлу әл-Фараби және Абайдың Түркі-Ислам өркениетінің даму процесінің ең шешуші кезеңінде өмір сүргенін және сол өзгеріс кезеңінде халыққа жетекшілік еткенін атап өтіп, кітаптардың Түркияда әл-Фараби және Абайдың одан да кеңірек танылуына үлес қосатынын айтты.

1

ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Касеинов Түркі әлеміне ортақ ұлы қайраткерлердің мерейтойларын атап өту дәстүрге айналғанын атап өтті. Осы тұрғыда Бас хатшы әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырғанын еске салып, бұл іс-шаралар түркі халықтары арасындағы бірлік пен бауырластықты одан әрі нығайтатынын айтты.

Анкара губернаторының орынбасары Абдуллаһ Дөлек аударылған кітаптардың тұсаукесеріне және даңғыл мен ескерткіштің ашылуына қатысқанына өте қуанышты екенін білдіріп, «Біз әл-Фараби мен Абай сияқты абыройлы өмір сүрген ата-бабаларымызға лайықты болуға ұмтылуымыз керек» деп мәлімдеді. Тұсаукесер бағдарламасында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Ұлы дала елі Қазақстанның идеялары тұрғысынан ең ықпалды тұлғаларының Анадолыда танытылуы Түркия мен Қазақстан арасындағы рухани көпірлерді қайта қалпына келтіруде маңызды екеніне назар аударып, Әбу Насыр әл-Фараби мен Абайдың қазақтың рухани әлемінің іргетасы екенін тілге тиек етті.

Әр түрлі ғасырда өмір сүргеніне қарамастан, осы екі тұлғаның арасында сабақтастық бар екенін айтқан Елші мырза: «Екі данышпанның да еңбектерінде білім, ғылым, ізгілік, мейірімділік пен көркемдік туралы айтылады. Сондықтан, екі ойшылдың жұмысын түсіну дегеніміз – бұл өзімізді түсіну және тану деген сөз», деді ол.

Баяндамалардан кейін құтты болсын тілектері айтылып, кітаптардың ленталары қиылды. Сонымен қатар, Абай көрмесі де өткізілді. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Анкара Гөлбашы әкімдігі бірлесіп өткізген шараның екінші бөлімінде «Абай даңғылы» мен «Абай ескерткіші» ашылу салтанаттары өтті.

Салтанатта Абай Құнанбайұлы туралы кеңінен ақпарат берілді. Белгілі музыкант және домбырашы Арсланбек Сұлтанбековтің «Домбыра» әні мен қазақстандық жас өнерпаз Ғайнолланың «Көроғлы» күйі іс-шараны дүркіретіп жіберді. Гөлбашы ауданы әкімі Рамазан Шимшек өз сөзінде бұл даңғыл мен ескерткіштің екі ел арасындағы бауырластықтың символы екенін баса айтты.

1

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасеинов Абайдың 175 жылдық мерейтойы пандемияға қарамастан кең көлемде атап өтіліп жатқанын мәлімдеді және Қазақстанның елшісі Абзал Сапарбекұлына әсіресе оның мәдениет және өнер саласындағы қызметі үшін ризашылығын білдірді.

Қасеинов «Абай даңғылы» мен «Абай мүсінін» ашуға мүмкіндік бергені үшін Анкара Гөлбашы әкімдігіне алғысын білдіріп, «Бір болайық, тірі болайық, ірі боламыз, бар болайық!» деді. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Гөлбашы әкімдігіне қазақ халқының атынан алғыс білдіріп, «Бауырластығымыз мәңгі жалғасып, күннен-күнге нығая түсе берсін!» деді. Ашылғалы тұрған Абай мүсіннің сәулетшісі – қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұровтың сонымен бірге Түркиядағы ең үлкен Көроғлы ескерткішінің мүсіншісі екенін жеткізген Сапарбекұлы ескерткіштің тұрғызылуына қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Невшехир қаласындағы Құрметті консулы Халил Уүлерге алғысын білдірді. Баяндамалардан кейін бата жасалып, Абай даңғылы мен Абай ескерткішінің ленталары қиылды.

Салтанатты рәсімге Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әмреев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Анкара губернаторының орынбасары Абдуллаһ Дөлек, Гөлбашы мәслихатының мүшелері, бұрынғы министрлер, студенттер, Гөлбашы тұрғындары және Анкарада тұратын қазақтар қатысты.