10 Желтоқсан, 2013

Дүмше молда дін бұзар

1351 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Осыны біле тұрып, діни білім беруді ақсатып отырған жоқпыз ба?

Дін мәселесі жасырын ұстап, сыбырлап айтуға көнбейтіндігін көрсетті. Жүректегі иманға үңілмей-ақ, намаз оқымағанды «кәпір» санап, ата-баба рухын қастерлегенді «ширк» деп кінәлап-күстәналағандардың, сондай-ақ, бес уақыт намазын қаза қылмай, «Алла» деп сөз бастағандардың қылығына адам түсініп болар емес. Мейірімділік пен адамгершілікті ең басты құндылық санап, тек жақсылыққа ғана уағыздайтын ізгі діннің өкілдері зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, жарылыс-жамандықтың қандықол кейіпкерлеріне айналды. Бұл не? «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, діни білімнің таяздығы ма, әлде іштен ірітуді көксегендердің алыстан басқарып, іргеден ендіріп отырған жымысқы қитұрқылығы ма, әлде ислам әлемінің тоқырауы ма?

Осыны біле тұрып, діни білім беруді ақсатып отырған жоқпыз ба?

Дін мәселесі жасырын ұстап, сыбырлап айтуға көнбейтіндігін көрсетті. Жүректегі иманға үңілмей-ақ, намаз оқымағанды «кәпір» санап, ата-баба рухын қастерлегенді «ширк» деп кінәлап-күстәналағандардың, сондай-ақ, бес уақыт намазын қаза қылмай, «Алла» деп сөз бастағандардың қылығына адам түсініп болар емес. Мейірімділік пен адамгершілікті ең басты құндылық санап, тек жақсылыққа ғана уағыздайтын ізгі діннің өкілдері зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, жарылыс-жамандықтың қандықол кейіпкерлеріне айналды. Бұл не? «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, діни білімнің таяздығы ма, әлде іштен ірітуді көксегендердің алыстан басқарып, іргеден ендіріп отырған жымысқы қитұрқылығы ма, әлде ислам әлемінің тоқырауы ма?

Аймақтардағы болып жатқан оқиғаларға қарап отырып, салыстырмалы түрде Маңғыстауда діни ахуал қалыпты деуге болады. Солай дей отырып, «бұл сыртқы көрінісі емес пе екен?» деп қорқатынымыз да рас. Балақты шорт кесіп, қаба сақалын қаптатып жіберген ерлер мен қара хиджабтың арғы жағынан қос жанары жалт-жұлт ете жан-жағына ішіп-жеп қараған қыз-келіншектер жоқ емес, бар. Тіпті, орамал тартыстарына қарап бір-бірін айырып немесе келеке етіп отыратындар да бар. Бірақ, біз жағдайды жарылыспен өлшейтін болдық, олар не айтып, не кисе де, нендей қылықтар көрсетсе де, тыныш жүрсе болғаны – біз үшін «жағдай қалыпты». Жұртшылықты тыңдасаң, қала іргесіндегі бұрынғы саяжайлар арасы қазір ағымдардың шылауында көрінеді. Өзгенің сөзіне сенбес-ақ едім, арғы жағы ауылдас бір қыздың осы саяжайдағы өзге ағымдағы бір жігіттің етегінен ұстаған соң, мүлдем өзгеріп, қара хиджабқа оранып шыға келгенін көрмегенде. Бұрынғы некесінен туған 3-4 жасар бүлдіршін қызды «жынын қағып отыру керек» деп шырылдата қамшының астына алып дүрелейтінін, жеті шелпектен шошынып, алақанын жайып дұға етуден безінгенін білмегенде!

– Маңғыстау облысының әділет департа­­ментіне қазіргі таңда 28 діни бірлес­тік тіркелген, оның 18-і Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасына қарасты мешіттер болса, қалғаны христиандық бағыттағы бірлестіктер. Аймақтағы 24 ғибадат орнының 21-і мұсылмандардың еншісінде, үшеуі христиандық шіркеулер. Бұлардың барлығы да өз қызметтерін Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заң шеңберінде жүргізіп келеді, – деді Ақтауда өткен «Қазіргі Қазақстан қоғамындағы дінтанулық білім және ағартушылық: даму барысы мен болашағы» атты халықаралық конференцияда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ш.Ілмұханбетова. Қоғамда экстремизм мен терроризмге қатысты үрейлі мәселелердің назарға ілініп отырғандығын айтқан әкім орынбасары Маңғыстау облысындағы бұл бағыттағы ең басты мәселенің бірі деп аймақта діни білімге жетік маманның жоқтығын атады. Ол, сондай-ақ, өңірдегі мемлекеттік университет базасынан «Дінтану» кафедрасын ашуға ұсыныс білдірді.

«Дұрыс діни білімнің мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына қосатын үлесі» баяндамасын Исламияттың пайда болуы, мазхабтар туралы айтудан бастаған Ыстамбұлдағы Мармара университетінің профессоры Челеби Ілияс қазіргі Ислам әлеміндегі білім беру мекемелерінің әралуандығына тоқталды. «Мысырда, Сауд Арабиясында, Малайзияда, Пәкстанда, Иранда жұмыс жасап отырған білім беру мекемелерінің кейбіреулерінің дәстүршіл жағы басым екені, кейбіреулерінің аймақтық және қалыптасқан жағдайдың ықпалында екені анық байқалады. Дәстүр мен жаңашылдықты, ақыл мен нақылды, дін мен білімді үйлестіріп алып жүрген бағдарламалар жоқ деген жөн. Осы жеткіліксіз білім беру дәуірді танымайтын, оның рухын пайымдай алмайтын, Исламды заманға сай түсіндіре алмайтын дін қызметкері мен діндарлардың көбеюіне себеп болуда. Қазіргі кезде біз замана ағысын түсіне алмайтын екі діни топпен бетпе-бет тұрмыз. Бірінші топ – классикалық медресе білімімен шектелген, оның әрісіне бойлай алмайтын дәстүршілдер. Ауғанстан мен Пәкстандағы медреселердің білім беру тәсілі осындай. Осы білім беру формасы талибан қозғалысын тудырған. Мұның Ауғанстан мен Пәкстан проблемаларын қаншалықты «шешкені» баршамызға белгілі.

Заманның рухын түсіне алмаған екінші әрекет – ол мазхабтарды және дәстүрді түгелдей жоққа шығаратын реформаторлық бағыт. Жаңа сәләфилік деп аталатын бұл әрекет кез келген жаңашылдықты айыптап, дінге жат, бидағат санап, мұсылмандардың дамуына және жаңалықтарды қабылдауына тосқауыл болуда. Сәләфиттік әрекет Алланың сипаттарын, жақсылықты бұйы­­рып, жамандықтан қайтару, жихад, жаңашыл­дық, бидағат секілді діни ұғым­дарды түсіну және түсіндіруде теологиялық проблемаларға тап болумен қатар, дін – мемлекет арақатынасы, басшыға бағыну, адам құқықтары, күнделікті өмір секілді әлеуметтік мәселелерде де проблемалары бар. Көшеде, базарда бомбаларды жарып, кінәсіз адамдардың өліміне себеп болу Исламмен де, адамшылықпен де сыйыс­пайды. Байқап отырғанымыздай, Исламды дұрыс түсінбеген және заманның рухын пайымдай алмаған діни түсініктер Ислам қоғамының дамуына да, тұрақтылығы мен бейбіт өміріне де үлес қоспайды. Сондықтан шығыс елдерінің жалпы білім беруде түйінді мәселелері болумен қатар, жекелей алғанда, діни білім беруде мәселелері көп, деді ол. Діни білім беруде османдықтардан жалғасқан мол тәжірибесі бар, дін қызметін мемлекеттік жүйенің маңызды құрылымы деп танитын, бастауыш, орта мектеп және лицейлерде дін мәдениеті және әдептану негіздері сабағы жүргізіліп, Құран мен Ислам тарихы факультативтік деңгейде оқытылатын, дін істері басқармасында теология факультетінің түлектері жұмыс жасайтын Құран курстары жүріп, діни қызметті қолдайтын түрлі қорлар қолдауына ие Ислам дінінің Түркияда ұрпаққа насихатталуы мен санасына сіңірілуі барысынан хабардар етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының бөлім меңгерушісі С.Сейтбеков «Радикалды ағымдардың пайда болуы мен қоғамға тигізер залалы» баяндамасында сәләфилік және «Әт-Такфир уәл-һижра» сынды қауіпті қос ағымның пайда болуы, ұстанымдары туралы түсінік берді:

Қазіргі қазақ қоғамындағы діни тұрақ­тылық пен бірлікке сызат түсіруші теріс ағымдардың – бірі уаһһабилік немесе сәләфилік. Уаһһабилік идеология өкілде­рі елімізде өздерін «сәләфиміз» деп атаған­дықтан, осы атпен таныла бастады. Сә­ләфилік идеологияны қолдаушылар Ислам әлемінің көптеген елдерінде белсенді жұмыс жасауда. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Орталық Азия елдеріне, соның ішінде қазақ жеріне тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда келе бастады. Сәләфилік идеология өкілдері елімізде алғашқы кезде қайырымдылық қорлар, діни сауат ашу курстарын, араб тілін үйрететін оқу орындарын ашып, көптеген жастардың санасын улады. Қала берді орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты жоқ қандастарымызды өз қатарларына тарта білді. Тоқсаныншы жылдары көптеген жастар діни білім алу мақсатында араб елдеріне бет алды. Соның ішінде осы идеологияның шырмауына іліккен кейбір жастар оқуын тәмамдап, елге оралған соң сол діни ағымның ұстанымдарын жаюға көшті. Олар алғашқы кезде дінге ықылас танытқан адамға түрлі діни әдебиет, интернет мақалалары, түрлі уағыз жазылған аудио-бейне жазбалар ұсынады. Ондай уағыздарда ашық жиһадқа шақыру, халифат құру секілді экстремистік идеялар болмайды. Бірақ бұл кітаптар мен парақшалардың негізгі мақсаты – адам санасына уаһһабиліктің базалық идеяларын (ширк, бидағат, т.б.) сіңіру, сол арқылы болашақта экстремистік идеяларды (кәпірлерге, адасқандарға қарсы жиһад, мемлекеттік құрылымды құлату, т.б.) жатсынбайтындай ету болып табылады. Көбіне бұл кітап пен парақшалар уаһһабилік идеологияны ұстанушы араб ғалымдарының еңбегінен аударма болып келеді. Бұл ағым өкілдері әһлу сүннет жолын ұстанушы 4 мазхабтың біреуін де ұстанбай, өздерін «сунна» жолында жүрміз, «сәләфпыз» деп санайды. Алайда, әһлу сүннет жолын ұстанушылар ханафи, шафиғи, мәлики, ханбали мазхабтары екендігі тарихи шындық. Ислам тарихындағы шынайы сәләф жолын ұстанушылар қоғам бірлігі мен ынтымағына, мұсылманның ауызбіршілігіне сызат түсіретін ешқандай оғаш қылық көрсетпеген. Тілін кәлимаға келтірген әрбір жанды мұсылман санап, тіпті күнәһар бауырын кәпір, мүшрик демеген. Әһлу сүннет ғалымдары рұқсат беріп, қаншама ғасыр бойы жалғасын тауып келген кейбір діни мәселені бидағат санап, мұсылман жамағаты арасында іріткі салуда. Сонымен қатар, намаз оқымаған жағдайда, мейлі ата-ана болсын, ағайын-туыс болсын, мұсылман емес деп, қарым-қатынасты үзуде. Орыс зерттеушісі Александр Игнатенко «Ислам и политика» (Ислам және саясат) атты еңбегінде уаһһабиліктің діни-саяси доктрина ретінде таралуы ислам елдерінде үш кезеңнен тұрғанын айтуда:

1. 70-ші жылдары АҚШ барлау қызметі уаһһабилікті коммунизмге қарсы тұратын идеологиялық құрал ретінде қарастырған. Уаһһабилік ресми дін дәрежесіне жеткен Сауд Арабиясының әлеуетін пайдалану арқылы 1970-жылдары барлық араб елдеріне (Египет, Ливия, Палестина, Сирия, т.б.) уаһһабилік енгізілді.

2. 1980-жылдары Ауғанстандағы КСРО әскеріне қарсы соғысқан барлық радикалды топтарды жұмылдыру үшін осы елге «уаһһабилік ілім» енгізілді. Нәтижесінде түрлі мұсылман елдерінен «кәпірлерге қарсы ғазауат соғысын жүргізу» үшін көптеген «Алла жауынгері» Ауғанстанға ағылды, кейіннен «Талибан» қозғалысы дүниеге келді.

3. КСРО құлаған соң посткеңестік елдер­­дің ішкі тыныштығын бұзу үшін «уаһһа­би­лік ілім» Орталық Азия республика­лары мен Кавказ аймағына кіргізілді. Соның сал­да­рынан бұл діни-саяси доктрина Чешен­стан мен Өзбекстандағы, Қырғызстан мен Тә­­жікстандағы қарулы қақтығыстар мен жан­­­жалдардың шығуына басты себеп болд­ы.­­

Біздің елімізде уаһһабилік ағымның шыр­мауына негізінен 17 мен 40 жас аралы­ғындағы жастар, соның ішінде студенттер көбірек түсуде. Тоқсаныншы жылдары араб елдерінен келген азаматтар ашқан курстар мен қорлар уаһһабилік «ілімді» насихаттады. Қазақстан Республикасы аумағында ресми діни бірлестік болып тіркелмесе де, олар көбінесе түрлі қайырымдылық қор­лардың атын жамылып, өз идеологиясын таратып келеді. Өздерін шынайы ислам жолында жүрміз деп, «таухид» пен «бидағат» мәселесін басты тақырып ретінде түсін­­діреді. Алайда, олар әуел бастан осы сенім­ді жаюмен қатар, жайлап жихад ұғы­мын жас­тардың санасына ұялата береді де, сәті кел­генде қарулы жихадқа дайын халге жеткізе­ді.

Сәләфилік ағымның құрылымы 4 түрлі қолдаушыдан тұрады. Бірінші топқа ел аумағындағы қайырымдылық қорлар мен оқу орталықтарының басшылары кіреді. Бұл топтағы сәләфилер лауазымды мемлекеттік қызметкерлерден, зиялы қауым өкілдерінен, құқық қорғау органдары қызметкерлерінен қолдау табу үшін өзінің лауазымын пайдаланып, тіл табысуға кіріседі. Осы әдіс арқылы сәләфилік идеологияның тамыр жаюын жоспарлайды.

Екінші топтағы ағым мүшелері мешіт жамағатымен айналысады. Олар мешітке келуші жастармен жұмыс жасап, дәстүрлі исламды, ханафи мазхабын сынай отырып, имамдар тарапынан жасалып жатқан діни іс-шаралардың дінге қайшы екендігін, бидағат екендігін айтумен жастардың санасына күмән ұялатады. Осылайша ақиқатын білгісі келген жастарға шынайы исламды үйрену үшін пәтерлерге шақырады. Нәтижесінде жастарды өз қатарларына тартып алады да, келесі құрбандықты іздеуге көшеді. Үшінші топ өкілдері ретінде дін қызметіне, яғни имамдыққа өздеріне жақын жандарды қызметке қоюға тырысады. Жасырын сәләфилік сенімде болған ондай имам астыртын аталмыш идеология­ны жаюға әрекет етеді. Осы тұста, яғни Діни басқарма осындай жасырын сенімдегі имамдарды анықтаған сәтте оны қызметтен аластататынын ескертіп өтейік. Төртінші топқа сәләфи ағымның танымал шейхтары жатады. Олар заманауи жетістіктерді қолдану арқылы өз уағыздарын жүргізеді. Мәселен, интернет, диск, скайп арқылы уағыз айтып, жастардан құралған сәләфи жамағаттарының қалыптасуына ықпал етеді. Солардың уағызына уланған жас­тар әр жерде өз жамағаттарын құрып, сол шейхтерді пір тұтуға көшеді. Әрине, мұндай шейхтердің жихад жайындағы уағыздарынан әсерленген кейбір жастар қарулы жихадқа көшеді. Өз араларынан әмір сайлап, оған «байғат» (серт) беріп, лаңкестік әрекеттердің жоспарын жасауға көшеді. Мұндай жамағаттардың негізгі нысаны құқық қорғау өкілдері болмақ. Жанкештілік жасап, шахид болуды мақсат тұта бастайды. Олар үшін шариғатпен басқарылмаған мемлекет және құқық қорғау органы – «тағут», яғни дін дұшпаны. Сондықтан тағутпен күресу керек деп санайды. Бұл топтағы сәләфилер «тәкфир», «жихад» бағытындағы сәләфилер қатарына жатады. Ондай топтар дербес әрекет етіп, өзге жамағаттармен айтарлықтай байланыстары болмайды. Өкінішке қарай, сәләфилік ағым өкілдері мұсылман әдебінің ізгілік пен мейірімділік қырын емес, қатыгездік пен дөрекілікті ту етіп ұстанып, Ислам дініне орны толмас залалын тигізуде, қарапайым жұртшылықты Исламға үрке қарайтын жағдайға жеткізуде.

Ғасырымыздағы уаһһабилік немесе сәләфилік бағытты ұстанушылар өзара бірнеше ағымдарға бөлініп кетті. Олардың бұлай бөлінуіне бірнеше себептер түрткі болған. Еліміз үшін қауіпті діни ағымның екіншісі – «Әт-Такфир уәл-һижра» сәләфилер идеясынан бастау алатын «Әт-Тәкфир уәл-һижра» (кәпір деп санау және зайырлы қоғамды тәрк ету) ағымы ислам әлемінде жаңа пайда болған ағым емес. Тек атауы ғана өзгерген ағым. Такфиршілер деп аталуының негізгі себебі – өздерінен басқа мұсылмандардың бәрін кәпір деп айыптау­дан шыққан. Бұл ағым 657 жылы «хауариж» атымен пайда болған. Хауариждер – өздері секілді ұстанымда болмаған әрбір мұсылманды кәпір санап, өлтіруге рұқсат беріп, дінде фанатизмге беріліп, халифа билігіне қарсы шығып, қаншама бейкүнә мұсылманды өлтіріп, мұсылман әлеміне үлкен зиянын тигізген ағым. Қазіргі таңдағы олардың ізбасарлары «тәкфир» ұйымы. Тәкфир ұйымының негізгі ұстанымдары кәпірлерге қарсы қарулы жихад жасау. Сондықтан кейбір жастар олардың теріс идеологиясына алданып, террористік ұйымдарға қосылуда. Аталмыш ұйымның әрекеттері қоғамдағы ешбір заңдылықты мойындамайтын зорлық-зомбылық тәсілін қолданатындықтан, ислам дінін лаңкестік дін ретінде танытуда дейді С.Сейтбеков.

Көріп отырғанымыздай, ағымдардың уысына түсетіндер 17 жастағы желкілдеген жас­тар екен. Мектеп қабырғасынан үлкен әлем айдынына шығып, жан-жағына жасқана қараған жасты «қағып» кететіні көрініп тұр. Осы жерде біздің мектептеріміздегі діни ахуал, діни білімнің негізін қалау ісі қаншалықты деген сауал туады.

Бұл сұраққа Дін істері агенттігінің сарапшысы Н.Қабыловтың еліміздегі діни білім беру ұйымдарының қызметін, дінтану мамандарын даярлау ісіне тоқталған баяндамасынан жауап іздеп көрелік. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «дінтану», «теология», «шығыстану» мамандықтарына грант бөлінгендігін жаңалық ретінде жеткізген баяндамашы оқу үдерісінде басшылыққа алынатын әдістемелік құралдардың әралуан болуы, оқытушылардың дайындық деңгейінің әркелкілігі бірізділіктің болмауына әкеліп соқтырып, қазіргі грант мөлшерінің елімізді білікті дінтанушылармен қамтуда аздық ететіндігін айтты. Сондай-ақ, мектептерде «дінтану» пәнінің сағат санын көбейту мен қолданыс аясын кеңейту, дінтанушы мамандарға қосымша мамандық беру бағытындағы ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Аңғарғанымыз, мектептерде діни білім берудің негізі болғанмен, жүйесіз, бытыраңқы, маманға мардымаған, шалажансар күйде. Әйтеуір, бар... Мұндай салғырттық пен бейқамдықтың қорадан қойды алдырары белгілі, сондықтан ұрпақты осы бастан жат жолдан жирендіруге мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінуі керек деп ойлаймыз.

Конференцияда сөз алған ғалымдардың барлығы да қазіргі қазақ қоғамындағы діни білім берудің қажеттілігі төңірегінде ой өрбітті. Ұрпақтың адаспауы, дәстүрлі діни негізден ажырамауы, ел бірлігі мен халық тыныштығына нұқсан келтірмеуі – басты мәселе. Баяндамалардың айтары бар, ал тындырары ше?

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар

Керек дерек

Digital • Бүгін, 10:17

Сезімтал сенсор

Ғылым • Бүгін, 10:15

Мамандыққа адал әулет

Қоғам • Бүгін, 10:10