Жыл ә дегеннен індет жайындағы әңгімеден басталған. Уханды удай зәрімен торлап, одан тұтас планетада пандемия патшалығын құрғызған COVID-19 қай елдің де бар әлеуетін мен медицинасының қауқарын сынға алғандай, кәріне мініп, қаһарын төге 2020 жылды құрсауынан босатпастан тарих көшіне еніп барады. Кетер жыл Қазақстан медицинасына да сабақ болды, аурумен арпалыста жеңіліс пен жеңістің, індетпен күресте іркілу мен ілгерілеудің де дәмін татырды.
Bloomberg халықаралық агенттігінің рейтингтік бағалауына сәйкес, денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстардың тиімділік көрсеткіші жөнінен Қазақстан 2012 жылы 111-орынға ие болса, 2018 жылы 44-орынға дейін көтеріліпті. Бәлкім, індет етектен тартпағанда әлі де ілгерілей түсер ме едік. Дегенмен өткен жыл қанша қиын болғанымен ізденістерге де із салған.
Дәрігерлер 2020 жылдың ең басты назардағы мамандары болды. Қайнаған майданның алғы шебінде жан аямай, әр қазақстандықтың өмірі үшін күрестің нағыз жанқияр жауынгеріне айналды. Күресе жүріп, өздері де жұқпалы індеттің тырнағына ілінді, қатары сиреді. Бірақ жеңілген жоқ, күресумен келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Көкшетау қалалық көп салалы ауруханасының бөлім меңгерушісі, дәрігер Олег Исаев пен Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозбағаров қайтыс болғаннан кейін еліміздің жоғары наградасына ие болды. Марқұмдарға жоғары дәреже – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен ерекше белгі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені берілді. Қаншама жан «Халық алғысы» марапатын иеленді.
Қараша айының қорытындысы бойынша Covid-19 және вирустық инфекциямен күреске тартылған 42 мыңға жуық медицина қызметкері жалақыларына үстемеақы алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осы мақсаттарға 98 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Еліміздегі эпидемиялық ахуалға сәйкес бұл төлемдер 2021 жылы да қарастырылады. Коронавирустан қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңгеден әлеуметтік өтемақы тағайындалды. Адам өмірі ешқандай қаржымен өлшенбейді, десе де парызын атқара жүріп көз жұмған жандардың бала-шағасына бұл көмек қажет екені анық. Бұған қоса ай сайын жұқтыру қаупіне қарай жасақталған үш топ бойынша төлемдер төленді. Мәселен, наурыз айында 23 мың, ал шілдеде пандемия шарықтау шегіне жеткенде 83 мың қызметкер қосымша қаржы алды. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 37 мың болды.
Үкімет вируспен күрестің ұзақ мерзімділігін ескеріп, вакцина жасау ісіне мән берді. Отандық ғалымдар нақты қолдаудың нәтижесінде бүгінде ДДҰ үміткер ретінде қарастырып жатқан екі вакцинаны шығарды. Қазір клиникалық сараптаудан өтіп жатқан QazCovid-in екпесіне халқымыз үміт артып отыр. Жамбыл облысында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында шамамен құны 7 млрд теңге тұратын, жылына 60 млн доза вакцина өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүргізілді. Келер жылы наурыз айында дайын өнімнің алғашқы партиясы шығарылмақ. Сонымен қатар өңірде экспресс-тест өндірісі де іске қосылмақ. Жеке инвестордың демеушілігімен қолға алынған бұл жобаның құны 2 млрд теңгеден асады.
Рас, пандемия біраз проблеманы да көрсетті. Соның бірі, отандастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, қазақстандық фармөнеркәсіп халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысының 13 пайызын ғана қамтамасыз етіп, қалғаны шетелден тасылып келген екен. Сондықтан Президент өз Жолдауында: «Барлық негізгі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін» деген болатын. Иә, қазақстандық фарминдустрияда медициналық бұйымдар өндіретін 96 кәсіпорын бар. Оның ішінде дәрілік заттар шығаратын 33, медициналық мақсаттағы бұйымдар жасайтын 41 және медициналық техникалар өндіретін 22 компания жұмыс істейді. Алайда барлығының қуаты ойдағыдай емес. Індет сабағының бірі фарминдустрияға назар аударуға сайғандай. Осыған байланысты ел бойынша инфекциялық және провизорлық орталықтарда қор құрылды. Бірыңғай дистрибьютор 16 млрд теңгеге дәрілік заттардың 91 атауын жеткізді. Аталған шара инфекциялық және провизорлық орталықтардың жұмысын жеңілдетуге, COVID-19 жеңіл түрін амбулаториялық деңгейде емдеуге, халықтың дәрілік заттарға жұмсайтын шығынын төмендетуге, мемлекеттің стационарлық емге бөлетін шығынын үнемдеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектердің тізімі де кеңейтілді. Мәселен, дәрілік заттардың 5 атауын қамтитын COVID-19 жаңа нозологиясы енгізілді. Үйде коронавирусты емдеу үшін 1 млн науқасқа тегін дәрі-дәрмектер қарастырылып отыр.
Пандемия бірқатар мамандарға деген сұранысты күрт өсірді. Мәселен, қазіргі таңда ел көлемінде 150-ге жуық эпидемиолог пен инфекционист, 321 реаниматолог, 41 пульмонолог, 144 кардиолог маманы қажет, сондай-ақ 128 рентгенолог, 244 педиатр, 44 жедел жәрдем дәрігеріне сұраныс бар. Кадр тапшылығын шешу үшін облыстардағы қажеттілікке қарай грант бөлінеді.
Ауылдық елді мекендердің тұрғындарына профилактикалық медициналық тексерулерді ұйымдастыру мақсатында рентген-аппараттармен, УДЗ, ЭКГ және гинекологиялық қарау жабдықтарымен жабдықталған 100 отандық жылжымалы медициналық кешен, отандық өндірістің 53 рентген-аппараты сатып алынды. Бұл ауылдық ауруханалар мен емханаларды 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.