Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған бұл ресми сапарын Әбу-Даби әмірлігінің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесуден бастады.
БАӘ Үкіметінің «Әл-Мушриф» резиденциясында өткен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян екі елдің инвестициялық, энергетикалық, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелерді кеңінен қозғады. Бұл кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің соңында бірқатар құжатқа қол қойылды. Олар:
– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қажеттіліктері үшін Астана қаласында және Әбу-Даби қаласында жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім;
— Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломатиялық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
— Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ислам істері және уақыфтар бас агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
— «Астана ЭКСПО-2017» және «ЭКСПО Дубай-2020» бюросы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
— Маңғыстау облысы әкімдігі мен DP World FZE компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
— Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрлігі арасындағы Консулдық мәселелері бойынша бірлескен комиссия құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
— Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Экономика министрлігі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
— Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Құрлықтағы және су көлігі федералдық агенттігі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автокөлік арқылы халықаралық тасымалы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
Бұдан кейін Елбасы «Emirate palace» cарайында «Calatrava Grace Corporation» компаниясының атқарушы директоры Майкл Калатравамен кездесті. Кездесу барысында компанияның біздің елімізбен арадағы ұзақ мерзімге арналған ынтымақтастығының перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Астанада іске асыру жоспарланып отырған жобалар таныстырылды. Айта кетейік, «Calatrava Grace Corporation» компаниясы жылжымайтын мүлік саласындағы жаһандық жобаларға өз клиенттерімен бірге әр транзакция үшін 100 млн долларға дейін қаржы бөле алатын мүмкіндігі бар инвестор болып табылады. Бүгінде компания портфолиосы 32 елдегі жалпы көлемі 1,9 млн шаршы метр болатын 340 жобаны қамтиды.
Одан әрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен екі елдің іскер топ өкілдерінің форумы өтті. Форумда екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқаны, түрлі салалар бойынша әріптестіктің болашағы мол екені, бүгінгі жиынның екі елдің үкіметаралық комиссиясының 6-отырысының аяқталуымен тұспа-тұс келгені атап өтілді.
Сондай-ақ, жиында екі жақтың бизнес өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуының, түрлі бағыттар бойынша келісіп жұмыс істеудің маңыздылығы Қазақстан мен БАӘ-нің мұнай өндіру, шағын және орта бизнес, ғарыш салалары бойынша серіктестіктің екі жақ үшін де аса қажет екені, БАӘ тарапының Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысатыны, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары тараптардың өзара байланыстарына тың серпін беретіні ерекше аталды.
Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесудің маңызы өте зор екенін айта келіп, Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыстағы ең сенімді әріптесі болып табылатынына тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан-БАӘ қатынасының ұдайы дамып келе жатқанын, оның достыққа және өзара сенімге негізделгенін атап өтті. Одан әрі Мемлекет басшысы өзінің Әбу-Даби әмірлігінің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен бүгінгі кездесуі бұған дейін орнатылған әріптестікті жаңғыртуға оң ықпалын тигізетініне назар аударды.
– Біріккен Араб Әмірліктері араб елдері арасында тауар айналымы бойынша Қазақстан үшін 1-орынды иеленіп отыр. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты өзгелерге үлгі ретінде ұсынуға әбден болады. Бұл – өте жоғары деңгейдегі қарым-қатынас. Соңғы 25 жыл ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға салынған тікелей инвестиция көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 200-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Олар ауыл шаруашылығы, металлургия, энергетика салаларын қамтиды, – деді Елбасы.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің ядролық энергетика саласы бойынша қатынастары дамып келе жатқанын сөз ете отырып, Қазақстанның уран шығарудан әлем бойынша екінші орында тұрғанына екпін берді. Президенттің айтуынша, бұл сала бойынша Қазақстан-БАӘ әріптестігінің әлеуеті зор.
Одан әрі Президент екі ел арасындағы ірі инвестициялық жобалар тұрғысында сөз қозғады.
– Астана қаласында салынып жатқан, жалпы құны 1,6 млрд доллар болатын көп функциялы «Әбу-Даби плаза» ғимараты екіжақты инвестициялық жобалардың ерекше көрінісі деп айтуға болады. Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес жұмыс істейді. Біріккен Араб Әмірліктері ірі мұнай экспорттаушы мемлекет болса да, экономикасын әртараптандыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын білеміз. Мұнай мен газға бай Қазақстан да 2010 жылдан бастап индустриялық бағдарлама жасап, экономикамыздың мұнай мен газға тәуелді болмауын қарастырып жатырмыз. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу нәтижесінде, индустрияландырудың бірінші бесжылдығында 1000-ға жуық өндіріс іске қосылды. Екінші бесжылдықты да одан әрі жүзеге асырудамыз, – деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанның алдында әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына ену міндеті тұрғанын сөз ете келіп, бұл межеге жету үшін Қазақстанда бизнеске қолайлы жағдай жасалып отырғанын, елдің инвестициялық тартымдылығы арта түскенін атады.
– Біз еліміздің келбетін айтарлықтай өзгертетін ауқымды реформаларды бастадық. Осы реформаларды іске асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қабылдадық. Реформалар экономика мен мемлекеттік басқарудың негізгі салалары бойынша әлемдегі дамыған мемлекеттердің стандарттарына қол жеткізуге мүдделі. Қазақстанда жылдан жылға инвестициялық ахуал жақсарып келеді. Тәуелсіз елімізге тартылған шетелдік инвестицияның көлемі 265 млрд долларға жетті. Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу бойынша рейтингінде Қазақстан 35-орынға ие болды, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сонымен қатар, Елбасы әлемнің 56 мемлекетінің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алатынын атап көрсете келіп, олардың арасында БАӘ-нің де бар екенін, бұл өз кезегінде тараптардың өзара ынтымақтастығының беріктігін білдіретінін жеткізді.
Бұдан бөлек, Президент шетелдік инвесторларға жасалып отырған ыңғайлы жағдайларды, жеңілдіктерді атай келіп, 19 жылдан бері Қазақстанда Президент жанында Шет ел инвесторлары кеңесі жұмыс істеп келе жатқанын әңгімеледі. Инвесторлар корпоративті табыс салығы мен жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылатынын атап көрсетті. Бұған қоса, Елбасы БАӘ кәсіпкерлерін Қазақстанда жүргізіліп жатқан жекешелендіру ісіне қатысуға шақырды.
Қазақстан Президенті ЕАЭО аясындағы іс-қимылға назар аударып, оның мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығын атады. Сондай-ақ, Елбасы Қазақстанда 10 арнайы және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейтінін, олар үшін тиісті жеңілдіктер жасалғанын, оның аясында жұмыс істеу үшін рұқсат алу рәсімі оңтайландырылғанын айтты.
Президент биыл Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 көрмесі өтетінін, оған қатысуға 110-нан астам ел, 18 халықаралық ұйым, сондай-ақ осы саладағы әлемдік жетекші компаниялар қатысатынын, бұл ауқымды шараның Қазақстанда өткізілуіне БАӘ-нің араб елдері арасында бірінші болып қолдау білдіргенін атап өтті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушыларға екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға атсалыса беретіндеріне сенім білдірді.
Сонымен қатар, форумға БАӘ тарапынан қатысушылар Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін сөз ете отырып, екі ел арасындағы қатынастардың дамуына ықпал ететін жағдаяттарды атап, өз пікірлерін ортаға салды.
Екіжақты қатынастың табысты 25 жылы
Биыл, дәлірегі, алдағы қазан айында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің дербес мемлекеттер ретінде өзара барыс-келіс жасап, екіжақты қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толады. Сондықтан, бүгін біз осы мерейтойлық жылдың Елбасының БАӘ-ге жасаған ресми сапарымен басталғанын жақсылыққа жори отырып, Әбу-Дабиден жолданған бұл мақаламызға екі ел ынтымақтастығының тарихын азды-көпті арқау етсек, артық болмас.
Нақтылай айтқанда, Қазақстан мен БАӘ арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 1 қазанынан бастау алады. Ал БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігі 2005 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істесе, еліміздің БАӘ-дегі елшілігі 2006 жылдың қыркүйек айында ашылды.
Тараптардың бұған дейінгі мәмілелі, мән-маңызы жоғары қатынастары өзара әріптестіктің өзіндік тарихын қалыптастырды, саяси, мәдени және экономикалық байланыстардың қарқынды дамуына кеңінен жол ашып берді. Бұл үдеріс өз кезегінде еліміздің өркендеуіне, өрісін кеңейтуіне оң ықпалын тигізгені анық.
Жалпы, мемлекеттер арасындағы тұрақты, өзара сенімге құралған байланыстардың орнауына ел басшыларының жоғары деңгейдегі кездесулері тікелей әсер ететіні, шешуші рөл атқаратыны белгілі. Қазақстан-БАӘ екіжақты қатынастарының бүгінгідей деңгейге көтерілуінің негізі мемлекеттер басшыларының жиі кездесіп, саяси және экономикалық ынтымақтастыққа қатысты маңызды шешімдер қабылдағандығында. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ Президентімен өзекті мәселелер бойынша көптеген маңызды келіссөздер жүргізгенін, соның нәтижесінде екіжақты әріптестіктің әлеуеті арта түскенін атап көрсеткеніміз абзал.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін БАӘ-ге ресми және жұмыс сапарларымен 12 рет барыпты. Сондай-ақ, БАӘ-нің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянның елімізге жеке сапарлары 8 мәрте жүзеге асыпты. Бұл барыс-келістер екіжақты қатынастарды дамыта түсті. Бұдан бөлек, тараптардың халықаралық ұйымдар аясындағы кездесулері де Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықтың жандануына өз ықпалын тигізе білді.
Негізінде, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың мамырында БАӘ-ге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың дамуына серпін берді деп айта аламыз. Бұл сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ-нің сол кездегі Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянмен, сондай-ақ елдің іскер топ өкілдерімен келіссөздер өткізді. Осы сапар шеңберінде Әбу-Даби қаласында Қазақстан Үкіметі мен БАӘ Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісімде «тараптар екі ел арасында ұзақ мерзімді әрі тұрақты сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, осы мақсаттарда тиісті жағдайлар жасайтын болады», деп атап көрсетілген болатын. Бұдан кейін өткен мемлекеттер басшылары деңгейіндегі кездесулер де өз жүйесін тауып, тараптардың кең ауқымдағы байланыстарын нығайта білді. Енді солардың бірқатарына тоқтала кетейік.
2002 жылғы 8 қазанда Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Әбу-Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесіп, Қазақстан экономикасының мұнай және газ салаларын дамытуға инвестицияларды ұлғайту перспективалары, сондай-ақ сауда-экономикалық және агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. 2004 жылғы 18-22 қаңтар аралығында Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, БАӘ-нің Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянмен және Әбу-Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен жүздесті. Кездесулерде басты назар екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне аударылды.
Сапар кезінде Қазақстан Президенті «Қазақстанның іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктері» атты бизнес-форумның жұмысына қатысты. Елбасы келешегі зор ретінде мұнай-газ саласын, құрылыс индустриясын, автожол, жоғары технологиялар салаларын атай келе, БАӘ-нің кәсіпкерлерін Қазақстан экономикасын инвестициялауға белсенді қатысуға шақырды. Өз кезегінде Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан кең мөлшерде БАӘ-ге астық экспортын қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді. Сапар нәтижесі бойынша екі мемлекет басшылары келіссөздердің сындарлы сипатын және тараптардың достық және өзара түсіністік рухында әрекет жасауға ниеттерін атап өткен Бірлескен коммюникеге қол қойды.
Сол сияқты, 2006 жылғы 16 ақпанда Президент Н.Ә.Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс сапарымен болып, Әбу-Дабидің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Іс-әрекет жоспары» атты маңызды құжатқа қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда зор маңызға ие.
Ал 2007 жылғы 7-11 қараша аралығында Мемлекет басшысы Әбу-Дабиде БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар экономиканың өнеркәсіп, көлік және коммуникация, құрылыс, фармацевтика және медицина сияқты салаларындағы экономикалық ынтымақтастықты белсенділендіруді қарастыратын 2006 жылы қол қойылған «Қазақстан Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Іс-әрекет жоспарының» маңыздылығын атап өтті. Сол жолы Президент Н.Ә.Назарбаев сауда-өнеркәсіп палаталары қамқорлығымен Қазақстан-Әмірліктер Іскерлік кеңесін құруды ұсынды.
2008 жылғы 15 шілдеде Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен, оның Қазақстанға ресми сапары аясында кездесіп, шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың деңгейі мен болашағы сөз болды. Айта кетейік, осы жылы тамызда БАӘ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) толық мүшесі болды.
Сонымен қатар, Елбасының 2009 жылғы 16-17 наурыздағы Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапарында БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесіп, саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Әмірліктер өзара қарым-қатынасын дамыту мәселелерін қарастырды. Кездесу соңында БАӘ Президенті Н.Ә.Назарбаевты Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғары мемлекеттік наградасы – Заид орденімен марапаттады. Қазақстан Президенті өз кезегінде, БАӘ басшысына екіжақты қарым-қатынастарды нығайту ісіне қосқан үлесі үшін «Алтын Қыран» орденін тапсырды.
2012 жылғы 9-13 ақпан аралығында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктерінде болды. Мемлекет басшысы БАӘ-нің Президенті, шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Оның барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сол сәтте тараптар бұрынғы кеңестік өңірде тұңғыш ислам банкі «Әл-Хилял» банктің Қазақстандағы жемісті қызметіне қанағаттанушылық танытты. Астана және Алматы қалаларынан кейін Шымкентте үшінші филиалының ашылуы Қазақстанда 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан банктің жұмысы белсенді жүріп жатқандығының айқын дәлелі бола алады.
2014 жылғы 30 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаев Әбу-Дабидің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық басымдығы бар мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің даму қарқыны жоғары екеніне назар аудара отырып, елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимыл соңғы жылдары барлық негізгі бағыттар бойынша нығайғанын атап өтті.
Жалпы, екіжақты қатынастардың сапасы тек белсенді саяси үнқатысулармен ғана шектелмейді. Қазақстан-БАӘ қатынастарын нығайтуда сауда-экономикалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Отын-энергетика саласындағы ынтымақтастық белсенді жалғасып келеді.
2010 жылғы қаңтарда Әбу-Даби үкіметінің Қазақстанда қаржылық әлеуеті 500 млн АҚШ долларынан кем емес «AlHilal Bank» алғашқы ислам банкін ашу жөніндегі шешімі, сондай-ақ қысқа мерзім ішінде Қазақстанда тікелей инвестиялардың алдыңғы қатарлы қорларының бірі болған бірлескен инвестициялық «Фалах» қорының құрылуы екіжақты байланыстардың қарқынды дамуының дәлелі болады.
Қазақстан Республикасының сыртқы саудасында Біріккен Араб Әмірліктері әлемнің 205 елі арасында 52-орында, оның ішінде 42 Азия елдері арасында – 16-орынды, ал араб елдері арасында 1-орынды алады.
Қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктері – біз үшін маңызды әрі сенімді әріптес ел. Қос тараптың бір-біріне осылайша құрметпен қарап, ортақ мүдде орайында орнықты, байыпты қадамдар жасаулары, әрине, өзара байланыстарды тереңдете түсуде. Осы ынтымақтастықтың бір ғана көрсеткіші ретінде БАӘ-нің еліміз үшін ірі инвестор болып отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, соңғы мәліметтерге қарағанда, 2005-2016 жылдар аралығында бұл мемлекеттен Қазақстанға тікелей 2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Сондай-ақ, Қазақстандағы әлеуметтік нысандардың құрылысына БАӘ тарапынан өтеусіз негізде 100 млн АҚШ долларынан астам қаржы қаралған.
Ортақ ұстанымдар байланыс аясын кеңейтеді
Негізінде, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің саяси ұстанымдарында да алшақтық жоқ. Бірқатар өзекті халықаралық және аймақтық мәселелерге қатысты ұстанымдары бірдей. Бұл жайт екі елдің саяси саладағы өзара іс-қимылдарын тереңдете беруге мүмкіндік береді. Мәселен, БАӘ Қазақстанның бастамашы болуымен шақырылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) 2008 жылдың шілдесінде толық құқылы мүше болды. Парсы шығанағы аймағындағы жетекші мемлекеттің бірі – БАӘ-нің осы халықаралық ұйымға мүше болуы АӨСШК-нің беделі мен салмағын арттыратыны анық.
Ислам әлеміндегі лайықты орнына байланысты БАӘ басшылығы өздерінің елі ішінде және халықаралық аренада конфессияаралық үнқатысудың орныққанын қолдап келеді. Бұған Астанада дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің жұмысына БАӘ өкілдерінің белсенді қатысып жүргені дәлел болады.
Екіжақты мәдени-гуманитарлық қатынастар ұдайы даму үстінде және оның аясының кеңейе түскені байқалады. 2009 жылы наурызда Елбасының БАӘ-ге ресми сапары шеңберінде Қазақстанның БАӘ-дегі Мәдениет күндері өтті. 2010 жылы мамырда Астанада БАӘ-нің Мәдениет күндері өткізілді. БАӘ Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың қорғаны, этносаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісі деп қарастырады. Әбу-Даби Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян 2011 жылғы 30 қаңтарда Астана қаласында 7-ші қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
2014 жылғы 30 сәуірде Әбу-Дабиде Халықаралық кітап көрмесі шеңберінде алғаш рет араб тілінде басылған «Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірбаяны» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.