Байқау қорытындысында «Үздік қар мүсіні» аталымы бойынша жергілікті «Восток» саябағы жеңімпаз атанды. Ұжымның ұйымшыл қызметкерлері келе жатқан жаңа жылдың нышаны – бұқаның мүсінін қардан соққан болатын.
«Восток» қалалық саябағы директорының орынбасары Амангелді Тоқышев мүсінді жасауға бір жарым күндей уақыт кеткенін айтады.
– Әрине, бұл оңай болған жоқ, дегенмен біз намысты қолдан бермедік. Ұжым атынан Теміртау қаласының тұрғындарын жаңа жылмен құттықтағым келеді, – дейді ол.
«Қоғамдық көлікті безендіру» аталымы бойынша қаладағы №5 автобусты безендірген «Шаңырақ» еріктілер орталығының жастары топ жарды.
Бұл игі іс-шарадан қаладағы жеке кәсіпкерлер де шет қалмады. Мысалы, «Шағын және орта бизнес нысандарын безендіру» аталымында KMK Trade company ЖШС көзге түсті.
Бұдан бөлек, Mittal спорт кешенінің алаңында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның демеушілігімен жаңа жылдық қалашық пайда болып, ол жерге мұз слайдтары, мұз айдыны, шырша және көптеген жарықдиодты мүсін орнатылды.
Үш аталым бойынша өткен байқау жеңімпаздарының әрқайсысы 300 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы