Олар азаматтармен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ақжолдықтардың айтуынша, әлеуметтік әділеттілік ел азаматтарының сапалы білім беру мен медицинаға, тұрғын үй және жұмыс орындарына қолжетімділігімен айқындалады. Бұл салалар қаржыландырудың жетіспеушілігі мен жемқорлықтың кесірінен кешеуілдеп келеді. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін партия белсенділері елде бірнеше шара қолға алынуы керек деген сенімде. Мәселен, ипотека, тұтыну тауарлары үшін, шағын және орта бизнеске берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 7-8 пайыздан аспауы керек. Тұрғындарды коллекторлардан қорғау үшін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдануы керек. Партия өкілдері өзге ұсыныстарын ортаға салды.
Одан бөлек партияның республикалық штабы азаматтарды қабылдады. Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» партиясынан депутаттыққа кандидаттар Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға келгендердің көбі жеке мәселелерін көтерді.
Депутат Ерлан Барлыбаевқа газдандыру мәселесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Н.Ахметбеков және Ө.Жәнібек көшелерінің тұрғындары атынан М.Рахымғұлов жүгінді. Тұрғындарды жұмыстың баяу жүріп жатқаны алаңдатқан екен. Олар жергілікті биліктің тиісті бақылауды жүргізбей, газдандыруды аяқтауға қызығушылық танытпай отырғанына шағымданды.
Қарағанды қаласының тұрғыны М.Мырзаханова депутат Дания Еспаеваға отбасының қарыздары бойынша жүгінді. Қазіргі уақытта барлық табыс несиелерді өтеуге жұмсалады, ал отбасының өмір сүруіне ақша жетпейді екен. Ал микрокредиттік ұйымдар қарыздарды өтеу шарттарын қайта қарастырмай отыр. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң болған жағдайда мұндай проблема соншалықты өткір болмас еді. Мұндай жағдайда банкроттықты басқарушылар табысты пропорционалды түрде бөлер еді: 50% – кредиттерді өтеуге, 50% – отбасының тұрмыс-тіршілігіне. Мұндай өтініштер, әсіресе пандемия кезеңінде көбейіп келеді. Біздің партия қатардағы азаматтардың мүдделерін қорғау бойынша жұмысты жалғастырады. Біз жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қабылдануы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. «Ақ жол» партиясы мұндай заң жобасына бастамашы болды, бірақ өкінішке қарай, қолданысқа енбеді», деп атап өтті Д.Еспаева.
Депутат Меруерт Қазбековаға тұрғын үй мәселесімен астана тұрғыны Райхан Камалова келді. Оның айтуынша, тұрғын үй кезегіне тұра алмай келеді. Себебі тұрғынның зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары. «Партия тиісті инстанцияларға ресми түрде жүгінетін болады. Содан кейін біз осы мәселе бойынша, оның ішінде Мемлекеттік бағдарламалар критерийлері бойынша анықтықты енгізу үшін мемлекеттік органдардың өкілін кездесуге міндетті түрде шақырамыз», деп атап өтті М.Қазбекова.
Демократиялық партияның заң қызметі келіп түскен барлық өтініштердің қаралатынын айтып сендірді. Тиісті құрылымдарға хаттар жіберіледі, сондай-ақ бұл мәселелер партияның алдағы жұмысында қарастырылатын болады.