
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Киевте өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ЕҚЫҰ СІМК) 20-шы мәжілісіне қатысты.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Киевте өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ЕҚЫҰ СІМК) 20-шы мәжілісіне қатысты.

СІМК алаңдарында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Занньермен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Джеффри Фельдманмен, ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарлығына қайтадан тағайындалған Астрид Торспен, Кеден одағына мүше елдер Сыртқы істер министрлерімен, сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің бірқатарымен кездесулер өткізді.
ЕҚЫҰ СІМК-нің мәжілісінде сөз сөйлеген Е.Ыдырысов Қазақстанның Ұйымға қатысты алдағы жылдарға бағытталған шешуші қызметінің бағдарларын айқындап берді. Сонымен қатар, қатысушы мемлекеттерді ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен Саммитінде қабылданған декларацияның ережелерін жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастыруға шақырды. Е.Ыдырысов атап көрсеткендей, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті Ұйымға мүше барлық елдер бірауыздан қабылдаған сирек құжаттардың бірі болып табылады. «Астана декларациясында әлемдік қоғамдастықтың қазіргі сын-қатерлерге лайықты қарсы тұруына қабілетті мәселелер көрініс тапқан. Бұл Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктегі барлық қоғамдастық өкілдерін ешқандай айырмашылығына, ерекшелігіне қарамастан, басын біріктіруі тиіс. Осындай жағдайда ғана қауіпсіздіктің кез келген деңгейіне жауап беруге мүмкіндік бар», деп атап көрсетті Ерлан Әбілфайызұлы.
Қазақстандық дипломат Хельсинки қорытынды актісіне қол қойылғаннан бергі 40 жылда аталған құжат өзінің көкейкестілігін жоғалтпағанын және аймақтық, сондай-ақ, әлемдік саясатқа өзінің оң ықпалын тигізуін жалғастырып отырғанын атап өтті. «Біз «Хельсинки+40» үдерісі біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздік қоғамын құру жөніндегі Астана декларациясының ережелерін іс жүзіне асыруға негізделуі тиіс деп есептейміз. Өйткені, оның аясында түрлі өңірлік ұйымдар аталған саладағы проблемаларды үйлесімділікпен бірлесе шеше алады», деп мәлімдеді ол.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдердегі ынтымақтастық мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқтала келіп, әлемдік қоғамдастықтың Ауғанстанға экономикалық және әлеуметтік оңалту тұрғысынан ықпал ету бойынша ұжымдық күш-жігер жұмсау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Е.Ыдырысов ЕҚЫҰ-ның адам өлшемі саласындағы жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігі туралы да айтып өтті. Ол үшін Ұйымға мүше барлық елдер өздеріне жүктелген міндеттемелерді тең дәрежеде тиісті деңгейінде орындауы тиіс. Ол, сондай-ақ, қатысушыларды ЕҚЫҰ кеңістігіндегі созылмалы жанжалдарды ұзақ мерзімді перспективада бітістіру үшін күш-жігер жұмсауға шақырды. Қазақстандық дипломат атап өткендей, Ұйымға киберқауіпсіздікке, трансұлттық қатерлерге, лаңкестік пен есірткі саудасына қарсы күреске баса назар аударуды жалғастыру қажет.
Қазақстан СІМ-інің басшысы 2014 жылдың қаңтарында төрағалық мерзімі аяқталатын Украина жағына атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді. Ал алдағы екі жылда Ұйымға Швейцария мен Черногория төрағалық етеді, сондықтан Е.Ыдырысов аталған елдерге де ЕҚЫҰ-дағы жемісті де тиімді жұмысты жалғастырады деген сенімін жария етті.
Ерлан Әбілфайызұлы Қазақстанның Украинадағы ішкі саяси жағдайға қатысты көзқарасын ұсынды. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан қашанда интеграциялық үдерістердің жақтаушысы болып келеді. Сонымен бір мезгілде, біздің еліміз қандай даму жолын таңдау әр елдің өз еркінде деп санайды. Ең бастысы, елдегі үдерістер ұлттық мүддеге жауап беруі тиіс. Ол, сондай-ақ, Қазақстан тарапы Украинаның Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістік аясындағы интеграцияға ұмтылысын қуаттайтынын атап өтті.
Е.Ыдырысовтың Л.Занньермен кездесуі барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын қоса алғанда, негізгі бағыттары талқыланды. Бұл қатарда трансұлттық қатерлерге қарсы бірлесіп іс-қимыл таныту, Ауғанстандағы жағдайды реттеу мәселелері де қамтылды. Л.Занньердің 2012 жылы жариялаған ЕҚЫҰ қауіпсіздігі күндерін өткізу туралы бастамасының көкейкестілігі атап көрсетілді. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшысының пікірінше, кездесу Ұйымның әскери-саяси күн тәртібінің көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасудың жақсы тұғырнамасы болып табылды.
Е.Ыдырысовтың Дж.Фельдманмен кездесуі кезінде Алматыда БҰҰ-ның өңірлік «хабын» құру, БҰҰ даму бағдарламаларының қызметі, сондай-ақ, өңір елдеріне гуманитарлық ықпал етудің тетіктері мәселелері талқыланды. Ал А.Торспен кездесу барысында Қазақстанның аталған институтпен ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Қазақстан СІМ-інің басшысы Қазақстандағы толеранттылық моделін қолдаудың және дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, біздің еліміздің тарихи тәжірибесі әлемнің басқа елдері үшін пайдалы болар еді деген ұстанымын жеткізді. Е.Ыдырысов А.Торсты Қазақстан Президентінің ЕҚЫҰ-ның: «Жаңа он жылдықтағы толеранттылыққа» құжатын жасау бойынша бастамасын одан әрі дамытуға қолдау көрсетуге шақырды және Жоғарғы комиссарға 2014 жылы сапармен Қазақстанға келіп кетуге ұсыныс жасады.
Е.Ыдырысовтың Еуропалық Одақ, АҚШ, Швейцария, Финляндия, Хорватия, Испания, Норвегия, Латвия және басқа да мемлекеттердің өкілдерін қоса алғанда, шетел делегацияларының басшыларымен кездесуі аясында еліміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясы шеңберіндегі негізгі даму басымдықтарын, шетелдер бизнесі мен мемлекеттік құрылымдарының Астанада өтетін ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне қатысуы, Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдау, инвестициялар мен жаңа технологиялар тарту мүмкіндіктері, сонымен қатар, Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді оңтайландыру мәселелері талқыланды.
Сәулебек БІРЖАН.