Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2020

«Қордай» өткізу пунктіне қайта құру жұмыстары жүргізілді

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге Қордай ауданындағы «Қордай» өткізу пунктін кеңейту және қайта құру жұмыстарының нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz

«Қордай» өткізу пунктіне қайта құру жұмыстары жүргізілді

Аталған жұмысқа тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол», ал бас мердігер «ДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қайта құру жұмыстарының құны 5,2 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, мұнда қайта құру жұмыстарының нәтижесінде 9 «Рапискан» жеке инспекциялық кешендері пайда болып отыр.  Оларды жоғары технологиялық сканерлер деп те атайды.

Кешендердің біреуі ірі көлік құралдарын сканерлеуге арналса, қалған шағын 8 кешен жеке адамдарға арналған. Бұл құрылғылар шекарадан жаяу өтушілер үшін галереямен байланысқан А және В екі блокта орналасқан. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы санитарлық қондырғылар жабдықталып, аумағы абаттандырылған.

Бұл ретте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тексеру кешендерінің жеткілікті болуы пункт жұмысы кезінде  аса маңызды болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, кірме жолдар екі бағыт бойынша сегіз жолақ болып кеңейтілген. Маусым ішінде «Қордай» пункті арқылы 35 мыңға дейін адам өтеді деп жоспарланған.

Министр Бейбіт Атамқұлов жұмыстың барлық бағыттарында халықаралық стандарттарға ұмтылу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, министр инвестор тартып, автотұрақтың орнына заманауи логистикалық орталық салуды ұсынды. Сонымен қатар, жертөле қабатында автотұрақ, бірінші қабатта күту залы, екіншісінде кафе, валюта айырбастау пункттері, кәдесый дүкендері және тағы басқаларын орналастыруға болатынын жеткізді. Ал, Бердібек Сапарбаев бұл ұсынысты қолдады. Ендігі жұмыстар осы бағытта жүргізіледі.

Жаңартылған өткізу пунктімен танысу барысында Бердібек Сапарбаев пен Бейбіт Атамқұлов тиісті мекемелердің «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолының құрылысы туралы есептерін тыңдады. Қытайлық «China Xinxing Cjrporation Group» компаниясы келесі жылы жолдың 95 шақырымдық бөлігін аяқтап, жұмыстың қарқынын арттыру үшін жолшылар тағы бір асфальт-бетон зауытын іске қосатын болды. Кездесуде Бейбіт Атамқұлов 11 көпір мен жол өткелінің құрылысына ерекше назар аударуға шақырды.

Ал тағы бір мердігер «АБК-Автодор НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бағыттың 167 шақырымын құрайтын құрылыс және жол жұмыстарының барысы туралы хабарлады. Бұл ретте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев компанияларға жергілікті тұрғындарға, ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрақты түрде көмек көрсету керектігін жеткізді. Сондай-ақ, аталған жол толықтай жарықтандырылып, малға арналған өткелдердің қажетті санымен қамтылу қажеттілігін айтты.