10 Желтоқсан, 2013

Сатып алу құқымен жалға беру

540 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Ипотекалық Ұйым «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ-тың «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асырудағы қызметінің негізгі бағыты қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету ел Үкіметінің алдында тұрған келелі міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы халық мүддесінен туындаған бұл көкейкесті мәселені тұрақты назарда ұстап, тұрғындарды қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың кешенді түрде іс жүзіне асырылуына басымдық беріп келеді.

«Ипотекалық Ұйым «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ-тың «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асырудағы қызметінің негізгі бағыты қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету ел Үкіметінің алдында тұрған келелі міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы халық мүддесінен туындаған бұл көкейкесті мәселені тұрақты назарда ұстап, тұрғындарды қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың кешенді түрде іс жүзіне асырылуына басымдық беріп келеді.

Осы орайда, Қазақстанның тұр­ғын үй құрылысы нарығында 13 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ак­ционерлік қоғамының тиімді тәжірибесі мен нәтижелі жұмысы ерекше көңіл бөлуге тұрарлық. Алғаш құрылғаннан бергі күн­нен бастап бұл компания ипо­текалық несие көлемін арттыра отырып, тұрғындардың пәтер сатып алуы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға қызмет етіп келеді. 2001 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет пәтер алу үшін ипотекалық несие берілді. Міне, нақ осы күннен еліміздегі ипотекалық несие беру шежіресі басталды. Ал бұл алғашқы несиенің «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» (ҚИК) АҚ-тың бағдарламасы бойынша берілгенін де атап өткен жөн.

2003 жылы «ҚИК» АҚ-қа қаржылық агент дәрежесі берілді. Елімізде 2004 жылы Қазақстан Республикасының 2005-2007 жылдардағы мемлекеттік тұрғын үй құрылысының бағдарламасы қабылданды. Компания шежі­ресіндегі тағы бір елеулі оқи­ға­лардың бірі ретінде осы бағ­дарлама бойынша «ҚИК» АҚ-тың қаржы операторы болып бекітілгенін айта кетейік.

Осы өткен 13 жыл ішінде «ҚИК» АҚ-тың қызметінің нәтижесінде 56 мың қазақстандық отбасы жаңа пәтерлерге қоныс­танды. Егер, дәстүрлі түрде әрбір отбасында орта есеппен 4 адамнан болады деп есептесек, осы жылдар ішінде компания көмегімен 220 мың отандасымыз тұрғын үй жағдайларын жақсартқан екен.

Бүгінгі күні «ҚИК» ИҰ» АҚ елімізде кең көлемде жүзеге асырыла бастаған «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасының тұрғын үй­лер­ді «сатып алу құқығымен жалға беру» бағытын нақты іс жүзіне асыратын негізгі опе­раторлардың бірі болып табылады. Сонымен бірге, бұл компания екінші деңгейлі банктер үшін коммерциялық ипотекалық несие беру бағдарламасының ірі провайдері болып табылады. Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы еліміздегі тұрғын үй құрылысының проблемасын кешенді түрде шешуді күн тәртібіне қойып отыр. Болашақта бұл бастамалар тек тұрғын үй құрылысы рыногының ғана емес сонымен бірге бүкіл жылжымайтын мүлік рыногының тұғырына айналады деп күтілуде.

Ел тұрғындарының әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген топтарын қолжетімді баспана­мен толық қамтамасыз ету мәсе­лесі мемлекеттің ең маңызды стра­тегиялық міндеттерінің бірінен саналады. Жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 6 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға беріледі. Республикамызда 2012 жылы қолжетімді тұрғын құры­лысы нарығында біршама оң жетістіктер орын алғанымен, әлі де тұрғындардың басым көпшілігі несие алу мүмкіндіктерінің шек­теулі екендігіне байланысты тұрғын үй жағдайларын жақсарта алмай отыр. Міне, нақ осы ипо­текалық несие алуды жағдайы көтермейтін тұрғындар үшін тұрғын үйді жалға алу ең оңтайлы тәсіл болып табылады. Осыған байланысты қазір Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үй құры­лысы барынша дамытылғалы отыр. Тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жолындағы осы бір мемлекеттік маңызды бағ­дарламаны іс жүзіне асыру мақсатында «Ипотекалық Ұйым «Қазақстан Ипотекалық Ком­паниясы» акционерлік қоғамы көшбасшылық танытып отыр.

«ҚИК» ИҰ» АҚ «Қолжетімді тұр­ғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасының «сатып алу құқығымен жалға беру» бағы­тының негізгі операторы болу үшін осы мәселеде жинақталған шетелдердің тәжірибесін жан-жақты зерттеп, тұрғындар үшін жалға берілетін пәтерлердің баға­сын барынша төмендету жолындағы мүмкіндіктерді қарас­тырды. Осындай тыңғы­лықты дайындықтан кейін «ҚИК» ИҰ» АҚ тұрғындарды жалға берілетін тұрғын құрылысы қозғалысына көптеп тартудың тиімді тетіктерін кеңінен пайдалануды көздеп отыр.

Соңғы жылдардың тәжірибесі көр­сетіп отырғанындай, ипотека­лық несие, құрылыстағы үлескер­лік қозғалыс және тұрғын үй құрылысының жинақтау жүйесі сияқты бұдан бұрын елімізде кеңінен қолданылып келген ме­ха­низмдер тұрғындардың қол­жетімді баспана алуға деген сұра­нысын толық қамтамасыз ете алмайды. Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында бағаның тұрақты өсіп отыруына байланысты ипотекалық несие алу үшін пәтер құнының 30 – 50 пайыз құнын алғашқы жарна ретінде төлеуге екінің бірінің шамасы келмейді. Сонымен бірге, біздің банктердің ипотекалық несие беру үшін алатын сыйақылары да қарапайым халықтың қалта­сын тақырлайды. Тұрғын үй құрылысының жинақтау жүйесі пәтер құнының бастапқы сомасын жинақтау үшін 3 жылдан 15 жылға дейінгі уақытты қажет етеді. Ал еліміздегі құрылыстағы үлескерлік қозғалыстың қалай жалғасқанын жұртшылық жақ­сы біледі. Құрылыс саласын өр­мек­шінің торындай шырмаған алаяқтарға алданған үлескерлер әлі күнге дейін адал ақшалары төленген пәтерлеріне зар болып жүр. Қалыптасқан осындай жағдайда қарапайым халық үшін бір ғана тиімді жол қалып отыр. Ол – «Қолжетімді тұрғын үй-2020» атты жаңа мемлекеттік бағдарлама аясындағы «сатып алу құқы­ғымен пәтерлерді жалға беру» тәсілі болып табылады.

Пәтерлерді жалға алудың өзін­дік ерекшелігі, тұтынушы жаңа пәтерге кір­геннен кейін ғана оның жалға алған құнын төлей бастайды. Пәтерді жалға алу құны ипотекалық несие жарнасын төлеуден әлдеқайда арзанға түседі. Жоспар бойынша республикамыздағы 35 шаршы метрден 75 шаршы метр көлеміндегі эконом-кластағы пәтерлерді орташа айлық жалға алу құны әрбір шаршы метрге 1000 теңгеден айналады деп жобалануда. Алайда, аймақтар бойынша пәтердің жалпы алаңының бір шаршы метрінің түпкілікті құны тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасына Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы негізінде анықталатын болады. Бұл нақ осындай көлемдегі пәтер үшін төленетін ипотекалық несиеден айтарлықтай төмен. Пәтерлердің жалға алу құны неғұрлым төмен болса, соғұрлым тұрғындардың әлеуметтік жағы­нан аз қамтамасыз етілген топтарын бұл бағдарламаға көптеп қатыстыруға мүмкіндік береді.

Сатып алу құқығымен пәтер­лерді жалға беру тәсілінің та­ғы бір артықшылығы – оны пайдаланудағы тиімді қолай­лылықтар болып табылады. Жалға берудің бұл түрі қалыптасқан жағдайларға байланысты бағ­дарламаға қатысушылардың мүмкіндіктерін реттеуге жағдай жасайды. Егер пәтерді негізгі жалға алушының ай сайынғы жалға алу сомасын төлеуге шамасы келмейтін болса, оның қосымша жалға алушы тартуына мүмкіндігі бар. Егер пәтерді жалға алушы адам, жалға алған пәтерінің өтемдерін төлеп жатып, белгілі бір себептермен кө­лемі жағынан үлкен немесе кіші пәтерлерге ауысқысы келсе, ол жалға берушіден пәтерді ауыс­тыруды сұрауына болады. Пәтерді ипотекалық несие арқылы сатып алу барысында мұндай мүмкіндіктер жоқ. Егер пәтерді жалға алушы әлі құны толық төленіп бітпеген пәтерде тұрып жатып, пәтерді одан әрі жалға алу құқығынан бас тартатын болса, онда ол сол пәтерді жалға алу құқығын үшінші бір басқа адамға беруіне болады. Пәтерді жаңадан жалға алушы бұрынғы адамның сол уақытқа дейін төлеген жалға алу шығынын төлейді. Бұл тәсілдің тағы бір артықшылығы, пәтерді жалға алу мерзімін жалға алушының өзі реттеп отырады. Бағдарлама тәртібі бойынша, пәтерді жалға алушы мүмкіндігіне қарай жалға берудің 15 жыл мерзімін күтпей-ақ 10 жыл өткен соң пәтер құнының қалған ақшасын бірден өтеп, пәтерді толық сатып алуына болады.

Пәтерді жалға алушыдан ал­ғашқы жарна талап етілмейді, оның орнына алты айлық жалға беру ақысы көлеміндегі қаржы талап етіледі. Бұл пәтерді жалға алушының мүлікті бүлдірмеуі үшін немесе арендалық өтемдерді уақытында төлеуі үшін қажетті кепілдік болып табылады. Осы кепілді жарна қаржысы толық сақталған жағдайда кейіннен ол жалпы пәтер құнын өтеу қаржысына қосылады.

«ҚИК» ИҰ» АҚ тұрғын үйді жалға беру бағдарламасы шеңберінде 3-ші және 4-ші қо­лайлылық дәрежесіндегі көлем жағынан онша кең емес пәтерлерді ұсынады. Бұл пәтерлерді жалға алу төлемдерінің көлемі қолайлылық класы, тұрғын үй құрылысы салынған өңір және жер сілкінісі қаупінің дәрежесі сияқты параметрлер кіретін құрылыс бағасына байланысты болады. Құрылыстың соңғы бағасын мемлекеттік сараптау және мемлекеттік сатып алу қорытындылары анықтайды. Бұл бағдарлама бойынша Астана және Алматы қалаларында жалға берілетін толық дайындықтағы пәтерлердің жалға беру құны 1 шаршы метрге орта есеппен: 4-ші кластағы қолайлылықтағы пәтерлер бойынша 120 мың теңге, 3-ші кластағы қолайлылықтағы пәтерлер бойынша 140 мың теңге көлемінде белгіленіп отыр. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Статистика агенттігінің деректері бойынша қазіргі күні Алматы қаласындағы жаңа пәтерлердің әр шаршы метрінің орташа құны 249,7 мың теңгені құрайды.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағ­дарламасын іс жүзіне асыру мақсатында «ҚИК» ИҰ» АҚ 2013 жылы Алматы қаласында 6 023 шаршы метр, Шымкент қаласында 56 196 шаршы метр және Қарағанды қаласында 20 177 шаршы метр бәрін қосқанда жалпы көлемі 82 мың шаршы метр болатын көп қабатты тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды жүзеге асыруда. Бұл тұрғын үй құрылысының нысандары 2014 жылы аяқталады деп күтілуде. 2013 жылдың қазан айында Астана қаласындағы «Юго-Восток» тұрғын үй алабында (сол жағалау) Лепсі көшесіндегі жалпы көлемі 4 349 шаршы метр тұрғын үй құрылысы нысанының құрылысын салуды инвестициялау туралы шартқа қол қойылды.

«ҚИК» ИҰ» АҚ болашақта жылдам дамып келе жатқан өңірлерде тұрғын үй құрылысы тапшылығын шешу мәселесіне барынша басымдық бермек. Осы маңызды бағдарлама шеңберінде арендалық тұрғын үй құрылысы еліміздегі жылжымайтын мүлік рыногына оң ықпал жасап, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйелері және ипотекалық несие алуға мүмкіндіктері жетпейтін аз қам­тамасыз етілген тұрғындар үшін ұзақ жылдар бойы армандап келген қолайлы пәтер мәселесін оң шешуге мүмкіндік береді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19