Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Еліміз осы ширек ғасырдан сәл асатын қысқа мерзімде Ұлы даланың зеңгір көгіндей көк Туымызды көкке көтеріп, елдіктің көшін түзеп, жүзжылдықтардың еншісіндегі тарихи үдерістерді абыроймен өткерді. Тәуелсіздіктің әрбір таңын қуана қарсы алып, әр күнін қажырлы еңбекпен, еңселі ерлікпен өрнектеген Қазақстан жаһан жұртшылығына алуан ұлысты бір шаңырақта ұйытқан жерұйық мекен ретінде танылды.
Бүгін міне ынтымақ, бірлік, татулық салтанат құрған елдің мәртебелі биігінде, мерейлі белесінде тұрмыз. Осы жылдар бедерінде тағылымы мол, тамыры терең дәстүріміз жаңғырып, күллі әлемді аузына қаратқан, күн түбіне жортқан бабалардың ұрпағы ретінде Қазақ хандығынан Алтын Ордаға, Көк Түркке ұласатын ұлы тарихымыз ұлықталды. Барша түркі жұртының киесі – Күлтегін алтын айдарлы астана төріне қонды. Әралуан мәдениетін байлығына балаған, татулығымен ту алған жасампаз қоғам қалыптасты. Дәуір дағдарыстарын еңсере жүріп, елдігіміз шыңдалды, мемлекетіміз нығайды. Сан түрлі сынақтан білекке білек қосып өткен халқымыз тонның ішкі бауындай тұтаса түсті. Сырт елде қалған қаракөз қандастарын атамекенге жинап, бауырына тартты. Әлеуетті елдермен ынтымақтастық орнатып, барша әлемге бейбіт бастамалармен танылды.
Ұлы Дала елінің төрінде төрткүл дүниеге төрелік айтқан, тамам елді татулыққа шақырған алқалы жиындар, келелі келіссөздер өтті. Қоңсы қонған бауыр жұрттың бірлігі ыдырап, берекесі кеткенде абдыраған ағайынға да пана болды. Аумалы-төкпелі заман сынағына ұшырап, тоқырауға түскен елдерге де қол ұшын созды.
Бірлігін берік ұстаған Қазақ елі биліктің бейбіт ауысуының да ерек үлгісін көрсетті. Елдіктің еңсесін тіктеген Елбасы жүзеге асырған сарабдал саясаттың сабақтастығын халық сайлаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тың серпінмен жалғастырып, соңғы жылдардың үлесіне тиген сынақтарды да абыроймен еңсере білдік. Мемлекет басшысы жаһандық жаңа ахуал жағдайындағы жүрер жолымызды, барар бағдарымызды белгіледі. Халықтық реформалар арқылы жаңа деңгейдегі мемлекетке айналуды көздейтін ілкімді бастамалар іске асырыла бастады.
Төтеннен келген тосын індетке қарсы күрес те жүйелі жүрісіне түсті. Бұл тұста да халқымыздың өзгенің қайғысы деп бөлмейтін ізгілігі, қайырымдылығы сынды ежелден қанында бар қасиеттері айрықша айшықталып, білекке білек қосқанда еңсерілмейтін қиындық жоқ екенін көрсетті.
Өкінішке қарай, әлемді жайлаған пандемия әлі жалғасуда. Бірақ әлеуеті бүгінгіден әлдеқайда аз болған заманда да егемендік туын еңкейтпеген қабырғалы халқымыз бұл кезеңнен де абыроймен өтеріне бек сенеміз. Басқа қонған бағын бағалайтын ел байлығын еселей отырып, тек алға ұмтылады.
Біздің басты байлығымыз – пейілі даладай дархан, бірлігі болаттай берік, Алатаудай алып халқымыз! Тамыры терең, қазығы берік осындай елі бар мемлекеттің Тәуелсіздігі де баянды болады. Мемлекетіміз мәңгілік жасай берсін! Жаңа жылда – Тәуелсіздіктің
30 жылдығында алар асуларымыз көп болғай!