Айдынды Зайсан көлінің жағасында қоныс тепкен балықшылар ауылы Тұғыл соңғы бір-екі жылда көркейе түсіпті. Ауылдың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ұлтжанды азамат, бұрынғы әкім Тұрсынбек Зәкарияновтың орнына кәсіпкерлікпен шұғылданған Қайырбек Мамболов деген іскер азамат келіпті. Қазір мұнда үш орта мектеп, балабақша, екі балық зауыты, бірнеше мекемелер жұмыс істеп тұр.
Айдынды Зайсан көлінің жағасында қоныс тепкен балықшылар ауылы Тұғыл соңғы бір-екі жылда көркейе түсіпті. Ауылдың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ұлтжанды азамат, бұрынғы әкім Тұрсынбек Зәкарияновтың орнына кәсіпкерлікпен шұғылданған Қайырбек Мамболов деген іскер азамат келіпті. Қазір мұнда үш орта мектеп, балабақша, екі балық зауыты, бірнеше мекемелер жұмыс істеп тұр.
– «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, бүгін бізде үлкен жаңалық. Облыста бірінші болып «Алтын балық» қуыршақ театры балаларға арнап «Қоян мен маса» ертегісі бойынша қойылымды жұрт талқысына ұсынбақ. Ертегіні ойлап тапқан жерлесіміз, талантты режиссер әрі костюмер Нұржан, ал қуыршақтарды тігіп, сахнаға қоятын жұбайы Галина Дүнгененова. Бірге тамашалайық, – деп ауыл әкімі Нұржан ініміз елең еткізді.
Шынында да, қуыршақ театры шалғайдағы ауылды былай қойып, облыс орталығы Өскеменде жоқ. Тарбағатай ауданының Тұғыл кенті жақсы бастаманы қолға алған екен. Талапты жастармен спектакль басталғанға дейін әңгімелесіп үлгердік.
– Зайыбым Галинамен Көкшетауда таныстым. Ол қазақтың әдет-ғұрпын, тілін менен жетік меңгерген. Жүрегіміз жарасып, үйлендік. Галина қуыршақ театрында алты жыл қызмет еткен. Мен де өнерге жақынмын. Өткен жылы кіндік қаным тамған ауылыма оралдым. Тұғылдағы күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйіне аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев 1 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтарды сатып әперіпті. Аманшылық болса, сол кісінің қолдауымен Тәуелсіздік күні қуыршақ театрының өнерін Ақжар мен аудан орталығы Ақсуат ауылдары тұрғындарының назарына ұсынбақпыз. Ал осы аптаның сенбісінде «Сайқымазақтар» спектаклін қоямыз, – деп Нұржан сахнаға жүгіріп шықты.
Міне, қызық. Сахна төрі аңдар мен құстар, шырша мен самырсын, сан алуан гүлдерге толы. Мәдениет үйіне жиналған 500-ге тарта көрерменнің көзі сахнада. Шынында да, қуыршақ театрының өнерін тек телеэкраннан ғана көріп жүрген балалардың қызығушылығын түсінуге болады. Нұржан қасқыр мен аюды, Галина тышқанды, 8-ші сыныптың оқушылары Аружан Оразова мен Гүлім Қабылқақова түлкі, маса, қоянды шебер орындап шықты.
Қойылым аяқталғаннан кейін ауыл әкімі Қайырбек Мамболов, ақсақалдар өнерпаздарға ризашылық білдіріп, сәттілік тіледі. Қуыршақ театрының алғашқы қадамы қуантады. Дүнгененовтар отбасына ауыл тұрғындарының ықыласы ерекше болатыны түсінікті шығар.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.