Қазақстан • 01 Қаңтар, 2021

1 қаңтардан бастап жаппай декларациялау басталды

2144 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жалпы халықтық декларациялау басталады. Азаматтар өзіне түсетін табысты ашып көрсетуі тиіс, деп хабарлайды Egemen.kz.

1 қаңтардан бастап жаппай декларациялау басталды

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің жалпы декларация бөлімінің басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, жаппай декларациялаудың басты мақсаты – көлеңкелі экономикамен, жемқорлықпен күресу және ел бюджетін толтыру.

– Жаппай декларациялау елдің әрбір азаматының өмір сапасын күшейте алатын көптеген мүмкіндіктерге ие. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз жалпы декларациялау жүйесіне енеміз. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары табысын тапсырады, – деді Құсайынова AntikorLive брифингінде.

Жаппай декларациялаудың арқасында мемлекеттік қызметкерлердің осы уақытқа дейін жасырып келген активтері жария болады. Сондай-ақ декларация тапсырушы дебиторлық-кредиттік қарызын, қымбат тұратын мүлкін, инвестициялық алтындарын, жеке меншігін, авторлық құқығын, қолма-қол ақшасын да атап көрсетуі тиіс. 1 қаңтардан бастап декларация тапсыратын азамат 2020 жылдың 31 желтоқсандағы жағдай бойынша өзіне тиесілі бүкіл актив пен міндеттемелерді ашып көрсетеді.

1 қаңтардан бастап мына азаматтар декларация тапсырады: жауапты мемлекеттік қызметті атқарушылар және оның жұбайлары; мемлекеттік функцияларды орындауға өкілетті тұлғалар және олардың жұбайлары; мемлекеттік функцияларды орындауға өкілетті тұлғаларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары; Сондай-ақ ҚР Конституциялық, ҚР сайлау туралы және жемқорлыққа қарсы күрес туралы, банк және банк қызметі туралы, сақтандыру қызметі туралы заңдарына сәйкес декларация ұсыну бойынша міндеттер жүктелген тұлғалар.

Жаппай декларациялаудың екінші кезеңі 2023 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Ол кезде мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа салаларды қоса алғанда) және олардың жұбайлары тапсырады. Үшінші кезеңде – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары табыстарын ашып көрсете бастайды. Халықтың қалған санаттары 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаппай декларациялауға қатысады.

«Бұл ретте әрбір кезеңнің қорытындылары талданып, проблемалық мәселелер анықталатынын және заңнаманы, әдіснаманы және ақпараттық жүйелерді жетілдіру бойынша шаралар қабылданатынын атап өту маңызды» делінген электронды үкімет порталында келтірілген деректе.

Декларация тапсырушылар 15 шілдеге дейін қағаз жүзінде, 15 қыркүйектен кешіктірмей электронды түрде табысы туралы ақпаратты тапсыра алады.