Қазақ режиссері Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды
Бұл оқиғаны бір жағынан қазақ пен қырғыздың бауырмалдық белгісі ретінде де қабылдауға болар еді. Соңғы жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Алатаудың арғы бөктеріндегі қырғыз еліне бір емес, бірнеше рет барып, өнерден көпір салды. Айырқалпақты бауырлардың елінде Қазақстанның мәдени күндері өтуіне театр қал-қадерінше үлесін қосты.

Жуырда Бішкек қаласында жазушы Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына орай IV халықаралық ART-ORDO атты театр фестивалі болып өтті. Фестивальға Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, Новосібір мемлекеттік театр институты ұжымы, Б.Қыдыкеев атындағы Бішкек театры, ыстамбұлдық «Адана давлет» және еліміздің Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық қазақ театры қатысқан болатын.
Фестиваль барысында еліміздің белгілі режиссері, сценарист Талғат Теменов халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықпен марапатталды. Жоғары деңгейдегі жүлдені Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Сұлтан Раев табыс етті.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында соңғы 2-3 жыл көлемінде Талғат Теменовтің сахналауымен Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» екі бөлімді драмасы, «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» трагедиясы қойылды.
Қазіргі күндері Т.Теменов өз қаламынан туған «Судағы із...» 24 сериялы көркемфильмін «Қазақстан» телеарнасының арнайы тапсырысы бойынша түсіру үстінде.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.