
Жұма күні Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекованың құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Жұма күні Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекованың құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шолпан Жандарбекованың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында қайраткердің соңғы жылдары тұрған үйіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ш. Жандарбекованың шәкірттері және туыстары қатысып, естеліктер айтты.
Өнерге өшпес талантымен қызмет еткен Жандарбекова Шолпан Исабекқызы 1922 жылғы 1 қаңтарда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Алматы театр-көркемсурет училищесін бітірген. М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» Құртқа, «Айман-Шолпандағы» Шолпан, «Түнгі сарындағы» Жүзтайлақ, «Абай әні» кинофильміндегі Мағыш және т.б. образдарды сомдаған. С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалында» Ажар рөлін шебер орындағаны үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алған.
Ж.Мольердің «Сараңында» Марианна, У.Шекспирдің «Отеллосында» Дездемона, Я.Галанның «Таң алдындағы махаббатындағы» Параська, М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбағында» Кей сынды рөлдерімен өз заманындағы көрермендердің өлшеусіз ілтипатына иеленген Шолпан апамыз өнерге қалтқысыз беріліп, оны жан-тәнімен сүйген ерекше жан. Талантты актрисаның ұлттық өнерге сіңірген еңбегі еленіп, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі атақтары берілген.
Үлкен дарын иесі, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған Ш.Жандарбекова бар түйген-тоқығанын келер ұрпаққа қалдыру мақсатында оқытушылық қызметпен де айналысты. Алматы мемлекеттік өнер инcтитутында, Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс оқып, шәкірт тәрбиеледі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.