* Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
Өткен сенбіде Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының 2013 жылдың 11 қазаны күні өткен кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
* Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
Өткен сенбіде Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының 2013 жылдың 11 қазаны күні өткен кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Кеңес барысында Көлеңкелі экономикамен күрестің кешенді жоспарын орындауға, алкогольдік өнімдер айналымына бақылауды күшейту жөніндегі шараларға заң негізінде қолдау көрсетуге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2010-2029 жылдарға арналған бағдарламасының тиімділігін арттыру мәселесі де қаралды. Аталған мәселеге байланысты Үкімет басшысы сөз болып отырған бағдарламаға халықтың қатысуын жеңілдететін шараларды енгізудің, мұны тіпті заң деңгейінде шешудің қажеттігін атап көрсетті.
«Бұл – шешімін күтіп отырған басты мәселелердің бірі. ТКШ-ні жаңғырту бағытында шынайы реформалар жүргізу мемлекеттің және халықтың қатысуынсыз мүмкін емес. Бұл істе бізге оны жүзеге асырудың тиімді тетіктері қажет», деді С.Ахметов.
Кеңесте мемлекеттік органдар басшыларының арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігін арттыру, даму институттарының, зейнетақы қорларының, қаржы ұйымдарының қаржыларын мемлекеттік жекеменшік әріптестігі жобаларына тарту мәселелеріне қатысты есептері тыңдалды.
Кеңес барысында Үкімет басшысы ұлтүстілік және халықаралық ұйымдарға жұмыс істеу үшін кадрлар іріктеу ісін неғұрлым сапалы жүргізу қажеттігіне назар аудартты. Бұл істе ресейлік және беларусьтік әріптестердің неғұрлым жемісті тәжірибеге қол жеткізгендігін атап көрсете отырып, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік, Бүкіләлемдік сауда ұйымы аясындағы жұмыстарға қатысты интеграциялық мәселелермен айналысатын мемлекеттік органдарды институционалдық күшейтудің нақты тетіктерін әзірлеу жөнінде тапсырма берді.
Кеңесте «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жобаларын жүзеге асыру жөніндегі тапсырманың орындалу барысы туралы да есептер тыңдалды.
Кеңесті қорытындылай келе, Үкімет басшысы жекелеген мемлекеттік органдар басшыларының тапсырмалардың жекелеген бағыттарын жүйелі орындау жөнінде елеулі жұмыстар жүргізгенін де атап көрсете кетті. Сонымен қатар, бірқатар бағыттар бойынша іс-әрекеттерді одан әрі күшейте түсу қажет болып отыр. Түптеп келгенде, мемлекеттік органдар басшылары Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау ісіне барынша жұмылып, осы тапсырмаларға сәйкес барлық мәселелерді жіті бақылауда ұстап отыруға міндетті. «Елбасының тапсырмалары толықтай және нақты орындалуы тиіс», деген сөзді Үкімет басшысы ерекше екпін түсіріп айтты.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».