10 Желтоқсан, 2013

Заңнамалық тұрғыдан дайындық

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде болған дәстүрлі брифингте 2017 жылы өткізілетін ЭКСПО көрмесіне қатысты қабылданған заң және заңнамалық актілерге енгізілген түзетулер туралы әңгіме болды.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде болған дәстүрлі брифингте 2017 жылы өткізілетін ЭКСПО көрмесіне қатысты қабылданған заң және заңнамалық актілерге енгізілген түзетулер туралы әңгіме болды.

ОКҚ ресми өкілі Алтай Әби­бул­лаев «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ заңгерлік департаментінің директоры Майя Егімбаеваға микрофон ұсынып, еліміз елеңдеп күтіп отырған айтулы халықаралық шараларға заңнамалық тұрғыдан қандай дайындықтар жүргізілгенін айтып беруді сұрады.

 Қысқа мерзім ішінде мойынға алған міндетті абыроймен атқару­дың негізі – оны алдымен заң­на­ма­лық тұрғыдан бекемдеп алу десек, осы ретте журналистерге сөзін ар­наған М.Егімбаева ЭКСПО өткі­зуге байланысты бірқатар заң ак­тілеріне өзгерістер енгізу қажет бол­ғанын, алдымен ЭКСПО тура­лы заңмен сегіз заңнамалық ак­ті­ге, оның ішінде бюджеттік және салық кодекстеріне түзетулер қа­рас­тырылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге үміткер елдердің арасындағы конкурстың аясында қабылданған міндеттемелерді орындау мақсатында ЭКСПО көрмесін ұйымдастыруды және өткізуді жү­зеге асыратын ұйымдар үшін са­лықтық жеңілдіктер, көрме нысандарына қатысты сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асырудың оңайлатылған тәр­тібі, сондай-ақ, шетелдік стандарт­тарды қолдану мүмкіндігі секілді жеңілдіктер көзделіп, оған қоса, Бюд­жеттік кодексте «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясын мемлекеттік бюджеттен же­­дел мақсатты салым түрінде қар­жыландыру мүмкіндігі де ескеріліпті.

 Сөз жоқ, ЭКСПО нысандарын салу құрылысшылардан қажырлы еңбекті қажет етеді. Ал ол сол жолда мердігер құрылысшылар үшін «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңға өзгерістердің енгізілуі, «Астана – жаңа қала» АЭА қатысушысы мәртебесін алудың жеңілдетілген тәртібін енгізудің тигізер пайдасы мол болмақ, деген заңгер тағы бір заңның толықтырылғанын қаперге салып өтті. Ол «Халықтың көші-қоны туралы» Заң екен. Көрмеге қатысу үшін елімізге келген жеке санаттағы адамдарды тіркеу және олардың келуінің ерекше тәртібін анықтауға мүмкіндік беретін қағидаларымен толықтырылған заңның көрменің тынысын аша түсетініне сенімін жеткізген М.Егімбаева әлемдік ауқымдағы жаңа энергия сақтау технология­ларын пайдалану элементтерін қолданып, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында нысандарды салуда және жобалауда тәжірибесі бар шетел мамандарын жұмысқа тарту тәртібін жеңілдетудің де жоспарланғанын жеткізді.

«Аталған құжатты қабылдау ЭКСПО-2017 нысандары мен инфрақұрылымдарын уақтылы салудың қажетті заңдық негізін қалыптастыруға, сонымен қатар, оны өткізуге байланысты процедуралық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді және «ЭКСПО сияқты ауқымды шараны өткізу елордамызбен бірге, тұтас Қазақстан Республикасының да экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыратын болады», деді М.Егімбаева. Сондай ақ, ол ЭКСПО-2017 көрмесінің нысандарын жобалау және құрылысын жүзеге асыратын компаниялардың тізімі Үкіметтің бөлек шешімімен анықталатынын жеткізді.

Брифингке енді бір қатысушы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ құ­рылысы бойынша басқарма төр­ағасының кеңесшісі Қанағат Ті­ле­місов: «Көрмені өткізу үшін бізге 10 мың қызмет көрсету мама­нын даяр­лау қажет, олардың ішінде 3,5 мыңға жуығы энергияның жаңғыр­тылмалы түрлеріне және басқа да озық технологияларға қатысы бар бір жақты профильдегі жоғары білімді зияткерлер болуы тиіс», дей келе, бүгінгі таңда ЭКСПО-2017-ні дайындауға 10 штабтың жауап беретінін айтып өтті. Сондай-ақ, ол журналистерге ЭКСПО сынды ауқымды көрмелерді өткізуде тәжірибесі бар шетелдік кадрларды бұл жұмысқа кеңінен тарту көзделіп отырғанына да екпін түсірді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19