Әлем • 05 Қаңтар, 2021

Бала туу көрсеткіші төмендеді

925 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Ко­­рея алғаш рет 2020 жылы ту­ған балалар санынан өлім-жітімнің көбірек тіркелгенін мәлімдеді. Жалпы, елде бала туу деңгейі бұрыннан төмен еді. Былтыр барлығы 275 800 бала дүниеге келген, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайызға аз. Ал қайтыс болғандар саны 307 764 адам. Бұл жағдай ел­дің осы салаға қатысты саясатын өзгертуге үн­дейді. Халық санының азаюы елге үлкен ауырт­палық әкелері сөзсіз. Денсаулық сақтау және зей­нетақы жүйелеріне сұраныс өскен сайын мем­лекеттік шығындарға қысымның артуымен қатар, жастар санының азаюы экономикаға тіке­лей әсер ететін жұмыс кү­шінің жетіспеуіне әкеледі.

Бала туу көрсеткіші төмендеді

Өткен айда президент Мун Чжэ Ин туудың төмен деңгейімен күреске бағытталған бірнеше стратегияны іске қосқан. Оның ішінде отбасылар үшін ақшалай ынталандыру да бар. Жаңа жүйеге сәйкес, 2022 жылдан бастап жаңа туған әр балаға дүниеге келгенге дейінгі шығындарды өтеу үшін 2 миллион Вон (1850 доллар) ақшалай бонус беріледі, сонымен қатар бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын 300 000 вон төленеді. Ынталандыру 2025 жылдан бастап ай сайын 500 000 вонға дейін артпақ.

Бұл мәселеге Оңтүстік Кореяда әйелдердің жұмыс пен жеке өмірінің арасындағы тепе-теңдікті сақтай алмауы себеп болуы мүмкін көрінеді. Қартайған қоғам және демо­графия­лық саясат жөніндегі президенттік комитет дайындаған пакет он жылдан астам уақыттан бері Азияның төртінші ірі экономикасы атанып келе жатқан Оңтүстік Кореяның төмен бала туу деңгейін ынталандыру үшін жасалған үкіметтік бастамаларының бір бөлігі болып отыр. Сондай-ақ ел үкіметі табысы төмен үшеуден көп баласы бар отбасылардың балаларының университеттердегі оқу ақысын төлеп береді.

Мамандар әйел адамдардың бала тууға аса жауапкершілікпен келуіне өзге де әлеуметтік мәселелер себеп болғанын айтуда. Зерттеушілер жағдай осылай жалғасса, шамамен 52 миллион халқы бар елдің денсаулық сақтау және зейнетақы жүйесіне жүктеме артатынын, салық түсімдерінің төмендеп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі байқалатынын болжайды. Сондай-ақ егде жастағы адамдар санының өсуі қан тапшылығын да тудыруы мүмкін.