10 Желтоқсан, 2013

Cөз сойыл

361 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қызғаныш

Мұса Рахманбердиев Жам­был­ға қызметке ауысып кетті де, мен «Қазақтелефильмнің» бас директоры болып тағайындал-дым. Қалила Омаров бізде режиссер болып қызмет атқарады. Бір күні актер Сәбит Оразбаевтың 60 жылдығына орай шақыру билеті келді. Ол Қалила екеуміздің атымызға келіпті. Ойымда ештеңе жоқ, әдемі конвертке салынған жылтырақ шақыру билетті үйге әкеліп, журнал үстеліне тастай салғанмын. Душ қабылдап, залға кірсем, келіншегім сазарып отыр. – Қалила деген кім? – деді ол маған алакөзімен қарап.

Бірде...

Қызғаныш

Мұса Рахманбердиев Жам­был­ға қызметке ауысып кетті де, мен «Қазақтелефильмнің» бас директоры болып тағайындал-дым. Қалила Омаров бізде режиссер болып қызмет атқарады. Бір күні актер Сәбит Оразбаевтың 60 жылдығына орай шақыру билеті келді. Ол Қалила екеуміздің атымызға келіпті. Ойымда ештеңе жоқ, әдемі конвертке салынған жылтырақ шақыру билетті үйге әкеліп, журнал үстеліне тастай салғанмын. Душ қабылдап, залға кірсем, келіншегім сазарып отыр. – Қалила деген кім? – деді ол маған алакөзімен қарап.

– Бізде істейді, режиссер.

– Ә, түсінікті болды, – деді әйелім көзі жасаурап, – тойға барамын деңдер, ұятсыздар.

– Сен не деп тұрсың, – дедім мен күлкім келіп. – Қалила әйел емес, еркек.

– Енді аяқ астынан еркек болып қалды де? Қалай-қалай соғасың өтірікті, – деп құдай қосқан қосағым бұлқан-талқан болып бөлмеден шығып кетіп, көз жасын сығып-сығып алды. Осы оқиғадан соң екеуміз екі-үш күн қырғиқабақ болып жүрдік. Үшінші күні үйге кештетіп келсем, келіншегімнің жүзі жайдарлы, ашық-жарқын қарсы алды.

 – Жаңа Қалила телефон соқты, – деді ол әлденеге мәз болып күліп. – Сәбит Оразбаевтың мерейтойына алатын сыйлықты алып қойыпты. Ер адамға да осындай ат қояды екен, қазақтар қызық осы...

Сол күні қаймақ қатқан қою шай ішіп, адам болып қалдым.

Құдайдың мұнысына да шүкір

«Қазақтелефильм» тарап кеткен соң Қалила Омаров «Алатау» ұлттық телеарнасына бас режиссер болып орналасып, қызмет атқарып жатады. Бірде белгілі әнші Гүлмайдан Сүндетова келіп, өзінің концерттік бейнеклиптерін жасамақ болады. Ол бір топ редакция қызметкерлерімен әңгіме-дүкен құрып отырғанда үлкен бөлменің ішіне Қалила кіріп, әнші қарындасына ізетпен сәлем береді.

– Міне, біздің бас режиссер­і­міз де келіп қалды, – дейді қыз­мет­керлердің бірі. – Гүлмайдан, танысып қой, жаңа құлағын шуыл­датқан белгілі кинорежиссер Қалила Омаров осы кісі болады.

– Жоқ, жоқ, – депті сонда Гүлмайдан без-без етіп. – Мен Қалила Омаровты білемін, ол кісімен танысқан жағдайым бар, ұзын бойлы, сымбатты жігіт. Ал мына біреу төбе шашы селдіреп қалған таз ғой, – деп лақ еткізеді.

– Құдайдың мұнысына да шүкір, – дейді сонда Қалила, – жігіттер сұлу қыздармен менің атымды атап танысып жатса, менің де жаман болмағаным...

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК.

АЛМАТЫ.

Ауылдың айтқыштары

Бұрынғы Ералы аудандық атқару комитетінің төрағасы Халидолла Нұрғалиев әзілқой адам екен.

Бірде бір қызметкер оған үй сұрай барыпты. Оның үйі тар екен де, оның үстіне келіншегі егіз нәресте тауыпты.

– Аға, көмектесіңіз, бізбен көрші пәтерде жалғыз жесір әйел тұрады, соны ауыстырып, үйін бізге алып берсеңіз де болады, – дейді қызметкер.

Сонда Халекең жалма-жан:

– Өй, қарағым-ау, сол жесір әйелді пәтерімен өзің неге қосып ала қоймайсың? – деп күліпті. Қапелімде мәселе шешілмей, арыз иесі төрағаның бөлмесінен шығып келе жатса, бір жолдасы сұрайтын көрінеді:

– Е, қалай, пәтер берді ме?

Сонда әлгі жігіт те әзілден құр­ала­қан болмаса керек:

– Жоқ, бұл кісі маған қосымша әйел берді, – депті.

***

Ауылдық клубтың сахнасында «Шекарада» деген көрініс қойылып жатады. Онда: «Бізге ешкімнің де бір сүйем жері керек емес, ешкімге де бір жапырақ жер бермейміз!» деген шекара сақшысының сөзі айтылады да, іле-шала залға қарап:

– Кім келе жатқан?! Тоқта! – деп қатты айқайлайды. Бұл – шекара бұзушыға айтқаны. Дәл осы сәтте клубтың есігінен біреу кіріп келе жатып, ол маған айқайлап тұр екен деп кілт тоқтайды да, сасып:

– Мен ғой... Сақанмын. Аздап кешігіп қалдым, кешіріңіз, – дейді. Залдағылар күліп, сахнадағы ойнаушы да қу екен, әлгіге:

– Екіншілей кешікпеңіз, отырыңыз, – депті.

Көрген БІЛГЕНОВ.

АСТАНА.

Жыртық қалтаның жыры

(«Арман» әнінің әуенімен)

Қалай күйдім сенен,

Құлай күйдім сенен.

Жүрегімді ұстап,

Жылай күйдім сенен, сенен...

Қайырмасы:

Заман, адастырмай мені қоя тұр,

Банк, құшағыңды маған жая тұр.

Теңге, сені сақтай алмадым,

Нарық, алдадың сен мені,

Тағы да алдадың...

Естіген ел көптен,

Дағдарыс па жеткен?

Қайтару пайызбен,

Қиын еді неткен, неткен...

Қайырмасы:

Ақша іздеп тынбай,

Мына өмірге сыймай.

Күлкіден айырған

Құрысын өмір мұндай, мұндай...

Үмiт ӨТЕГЕНҚЫЗЫ.

АЛМАТЫ.

 

Суретті салған Бейсен СҰЛТАН.

Түйінді түйін

Бастығымыздың бойында соңғы кездері бір өзгеріс байқалады. Шашын жылмита тарап, бетіне далап жағатынды шығарды. Қасын теріп, иіссудың түр-түрін қолданады деп осындағы қыз-келіншектер сөз етіседі. Есесіне, қызметтік жұмысына самарқау секілді, біздің де бұрынғыдай мазамызды ала бермейді, жиналысты азайтты. Өзіміз осынысына ризамыз, кеңсеге кештеу келіп, ертелеу қайтып жүрсек те, ешкім ешнәрсе дей қоймайды.

...Ескі үстелімді өңгеріп, самарқау есінеп отыр едім, хатшы қыз бәрімізді, «жиналысқа», деп бастықтың бөлмесіне айдап кіргізді.

– Жолдастар, – деді ол бәрімізге жағалай көз тастап, радиоқабылдағыштың құлағын «тырс» дегізіп бұрап жіберді. Сәлден соң қарғып тұрып, «Мә-мә» ансамблінің әуеніне салып, «Жорға, жорға» деген күйі терезенің алдына бір-ақ барып тоқтасын. Мына оқыс қылық, тегін концертке қарап аң-таң біз отырмыз. Күлерімізді не күлмесімізді білмейміз. Ыржақтап тұрған басекең орнына қайта жайғасты да:

– Мырзалар мен ханымдар, күлкі керуені аяқталды! – деп қуақылана хабарлады.

– Айтпақшы, қыз-келін­шектерге рұқсат, жұмыс­тарыңызға бара беріңіздер, – деп сылқымдарға еркіндік берді. Олармен бірге бар шаттығы, күлкісі ере кеткендей соңдарынан сүзіле қарап біраз тұрды да:

– Жігіттер, – деді ол бір кезде тұнжырап тұрып. – Менің жағдайым қиын, сендердің көмектерің керек.

Шошып қалдық... Жаңағы қылығы анау, ендігі сөзі мынау. Шынында сау адамның тірлігі емес.

– Мен науқаспын, – деді ол күрсініп.

– Не дейді? – деп, бәріміз кәдімгідей үрпиісіп қалдық. – Операцияға түсетін болдым, – дегенінде, Шонай онымен жаны бірге шығардай шыңғырып жіберді.

– Ақша сұрайын деп отыр ма? – деп сыбырлап, Зияш сол құлағымды ысытып жіберді. Бөлмені арлы-берлі кезген басекең: «Жас болса елуді орталады, балалар үйлі-баранды болды. Немерелерім де ержетіп келеді. Ал менің... менің жүрісім болса мынау! Маған айнала көк жасыл, көктем болып көрінеді. Жүргім келеді, секіргім келеді, ұшқым келеді, – деп қолын көкке көтеріп, кең тыныстады.

– Реңді қыз-келіншек көр­сем көзім жайнап, жүрегім дүр­сіл­деп кетеді, – деді ол тағы да қуанған кейіпте. – Өліп кете жаздаймын, бір жақты еткенше... басқа жұмысқа зауқым кем, – деп сөзінің соңын сыбырлай бітірді. «Не деп тұр-ей, мына кісі! Түк түсінбедім. Аурумыны несі, жайнаймыны несі?! Шынында бірдеңе ұрған мынаны. Әнеукүнгі тойда өлердей билегені жаман еді».

– Есім дұрыс, бірақ кесел­мін, – деді басекең одан сайын жұмбақтап. – Үлкен жер­ге тексерілдім, бәле мына жерде екен – деп бас­тық танауын нұсқады. – Дәрі­гер­лер­дің айтуынша, жүз жылда бір қайталанатын сирек кесел көрінеді. Мұрныма қызғалдақтың ба, қыздың ба иісі аңқып келеді де тұрады. Айнала көк жасыл, әдемі көрінеді. Көңілім – көкте, өзім – жерде, ұшып-қонып отыра алмаймын содан. Жасың дардай, тірлігің мынау, ұят екен, тіпті! Қысыламын. Жақында келіннің подрушкасын айналдырып, қолға түсіп қала жаздадым. Бүйте келе абыройсыздыққа ұшырарым анық. Ары ойланып, бері ойланып, операциямен алдырып тастайын деп шештім.

– Нені алдырасыз? – деп Томпи әуесқойлық танытты.

– Мынаны. Мұрын ішінде жұпар иіс шығарып тұратын бір түйін пайда болыпты. «Корсекизариюс» деген осы неме. Мені желіктіріп, киіктің матауындағы текедей бақылдатып бара жатқан осы пәле.

– Ойпырмай,ә!

– Неткен ғажап!

– Бұл кеселіңіз нан тауып жеуге келетін керек кесел секілді, – десіп жамыраса қалдық.

– Ғажап болса, сол керемет­ті біреуіңе сыйламақпын. Өзі шетелге сатса да құнды нәрсе көрінеді, рахатын өздерің көріңдер, – деді.

Мынасы ойыны ма, шыны ма?!

– Дәрігерлер айналдырған оншақты минутта ауыстырып салып бере алатын көрінеді. Әлгі түйін танауларыңа жай­ғасса, талай қызыққа жо­лы­ға­сыңдар. «Жігіттік – гүлстан», гүлбазарға, қызбазарға кіресіңдер де кетесіңдер. Баяғы аңыздарда айтылатын қызыл гүлің осы! Пай-пай, шіркін! Осы жасқа келіп көрмеген қызығымды, осы түйін пайда болған үш-төрт айда жолықтырдым-ау!.. – деп басекең таутекедей талтайып тұрып, тәтті қиялға берілді.

Айтқаны рас секілді, соңғы кездері жас жігітше модный киініп, той-томалақтан қалмайтынын байқадық. Кафе, ресторандарды жағалап жүргенін де талай көрдік. Е, бәсе, алып бара жатқаны әлгі, «Корсекизариюс» дегені екен ғой.

Салдырып алып, ойнақ­та­сам ба екен, айхай! Орнымнан көтеріліңкіреп отырдым.

– Кәне, жасарамын деген қайсың бар, бір тоқтамға келе­лік, – деп басекең елжірей үн қатты. Бәріміз ойланып отырмыз. Әркім өз қиялымен әуре.

– Дедей, сен қалай қа­рай­сың?

– Ұсынысыңыз дұрыс. Келініңізбен екі ажырап, екі рет қосылдық, ананы салған соң, алаңсыз көше кезіп кетермін.

– Өй, сілең қатқыр! Сенің сондайың бар, – деді басекең зілсіз ғана.

– Сен ше? – деп Зияшқа қа­рады.

– Сеніміңізге рахмет, өзі­ңіз­дің көлеңкеңізде ілініп-салынып келе жатырмыз. Менің бүйрегім ауырады ғой, – деп Зекең де тайқып шықты.

– «Жау жігіті бір басқа, дау жігіті бір басқа» деген осы. Томпи, сен не дейсің?

– Жөні келетін іс екен. Бірақ менің айлығым аздау. Анауыңыз желпінтіп, желдіртіп, жетектеп кететін құдірет секілді. Жүріп-тұруға, қыз-қырқынды қыдыртуға қаржы керек, әуелі айлығымды көбейтіңізші...

– Сөзің құрысын, бюджет онсыз да аз. Сен қалай қарайсың, Былду?

– Біздің әйелдің мінезі жайсыз, сонымен ақылдасып келейін де...

– «Төмен қараған еркектен без» деген, сенен түк шықпайтыны белгілі болды. Кәукәман, өзің болмасаң, мыналардан үміт үзілді, – деп орынбасарына қарады.

– Басеке-ау, мен де өзіңіздің аяғыңызды алып келе жатқан жоқпын ба, мені қинамаңызшы, – деп ол да жер шұқыды.

– Қызық болды ғой, өзі! Осындағы топырлаған еркектен жарамды біреуі шықпағаны ма? Өзім де қимаймын, қызығына да тойған жоқпын. Қайтейін, «ниеті бұзық өгіз бұзаумен бірге жайылады дей ме», деп амалым құриды.

Осы кезде, бас есепші шошаң етіп орнынан тұрды.

– Басеке, менде бір идея бар! Домалағыңызды жөнімен домалатайық. Өңкей шірікке қор қылып не етесіз. Ақшасы бар бизнесменнің біріне сатайық, солай мекемеге қаржы түсірейік. Сонда бұлардың зарлап жүрген материалдық көтермелеуі, сыйлығына да жететін болады.

– Басың бас екен, мыналардан өзім де күдерімді үзіп отырмын. Біреуі иелене қойса деп едім, болмады. Ендеше, солай етейік, құжаттарды дайындаңыз. Басқаларың бос­сыңдар, марш!

Демімізді ішімізден алып отырған біз қырғидан ыққан торғайдай дүр көтерілдік.

– Жігіттер, айта жүріңдер, есеп­шоттың нөмірі – 0002000,– деп дауыстады есепші соңы­мыздан.

Иә, үміткерлерден хабар күтеміз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Қызылорда облысы.

От басындағы «ошаған»

Әйелі күйеуіне:

 – Сен маған «семіріп бара жатырсың» деуші едің ғой. Алтын сырға сатып алып берсең, арықтаймын.

 – Бұған алтынның қатысы қанша?

 – Енді, сырға сатып алсақ екі ай аш отырмаймыз ба?!.

*  *  *

 Әйелі күйеуіне:

 – Құрысын, мен сенен кетемін, жолыма ақша бер ең болмаса.

 Күйеуі аз-маз ақша береді. Әйелі:

 – Қайтар жолға ше?

*  *  *

 – Алтын сататын дүкеннің жанынан өтіп бара жатып менің неге жылағанымды білесің бе?

 – Білемін, бірақ менде ондай ақша жоқ қой...

*  *  *

 – Бір жағымды, бір жағымсыз жаңалығым бар.

 – Айта бер.

 – Мен сенімен ажырасамын!

 – Ал жағымсыз жаңалыңыз қандай...

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР.

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19