Шарайна
Таиланд премьер-министрі Йинглак Чинават кеше ел парламентінің таратылатынын жариялады. Чинаваттың сөзіне қарағанда, жаңа парламент сайлауы араға көп уақыт салмай, тезірек өткізілуі қажет.
Шарайна
Таиланд премьер-министрі Йинглак Чинават кеше ел парламентінің таратылатынын жариялады. Чинаваттың сөзіне қарағанда, жаңа парламент сайлауы араға көп уақыт салмай, тезірек өткізілуі қажет.
«Қалың көпшілік өкілдері үкіметке қарсы болып отырған қазіргі кезде, – делінген премьер-министрдің мәлімдемесінде, – ең жақсысы – сайлау өткізу және билікті Таиланд халқына қайтару». Бұдан екі-үш күн бұрын Чинават ел үкіметіне сенім білдіру туралы референдум өткізуді ұсынған болатын. Саясаткер сонда, егер референдумда халық өзіне сенімсіздік білдіретін болса, отставкаға кету жөнінде уәде берген еді. Оппозициялық күштердің басты талабының бірі – Чинаваттың өзін отставкаға кетіру. Соңғы түскен ақпараттар бойынша, дүйсенбі күні шерушілер қатары 100 мың адамға жеткен.
Адам өлімінің соңы тәртіпсіздікке ұласты
Сингапурде 400-ге жуық иммигрант көшеге шығып тәртіпсіздік жасады. Қақтығыстар оңтүстік-азиялықтардың дүкендері мен мейрамханалары орналасқан Шағын Үндістан аталатын кварталда болған. Бұл елде мұндай әрекеттер 44 жылдан бері бой көрсетпеген екен.
Полицияның хабарлауынша, тәртіпсіздікке қатысқан 27 адам ұсталған, олардың барлығы Оңтүстік Азия елдерінен қоныс аударғандар көрінеді. Иммигранттар полиция машиналарын аударған және өртеген. Қақтығыс салдарынан 18 адам зардап шегіпті, олардың көпшілігі құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Оқиғаның орын алуына Үндістаннан келген 33 жастағы азаматты автобус қағып, мерт етуінен болса керек. Бүгінде Сингапурде 1,3 миллиондай шетелдік жұмысшы тұрады.
Олимпия ойындарына барудан бас тартты
Германия президенті Йоахим Гаук Сочиде өтетін қысқы Олимпия ойындарына барудан бас тартқан. Бұл жөнінде мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады. Кейбір басылымдардың жазуынша, президент Ресейде адам құқығы бұзылатындығына қарсылық белгісі ретінде бойкот жариялап отыр.
Германия президентінің әкімшілігі Ресей билігіне Олимпия ойындарына барудан бас тарту жөнінде ресми хабарлау хат та жолдапты. Ақпараттарға қарағанда, Гаук өзінің бұл қадамын неміс спортшыларынан оларды құрметтемеу деп есептемеулерін өтініпті. Сонымен қатар, ол спортшыларды Олимпиададан оралған соң, Мюнхенде мерекелік кездесу өткізуге уәде берген.
Қысқа қайырып айтқанда:
* АҚШ-та қарлы боран мен мұзды жауын салдарынан 2,5 мыңнан астам авиарейс кестесі ауыстырылды. Ауа райының қатал мінез танытуынан көз жұмған адамдар да бар.
* АҚШ-та алаяқтық жасады деп айыпталған Ресейдің он бір дипломаты жақын күндері отбасыларымен отанына оралады. Енді Ресей билігі де бұған «қарымта» қайтаруы мүмкін.
* Техас қаласындағы «Хьюстон» әуежайына келіп қонған Экспрессжет авиакомпаниясының ұшағы бір жолаушыны ұшақ бортында қалдырып кетіпті. Жолаушы жол-жөнекей ұйықтап келсе керек.
Барлық лауазымынан айырылғанын растады
Солтүстік Корея билігі ел басшысы Ким Чен Ынның немере ағасы Чан Сон Тхэктің барлық қызмет лауазымынан айырылғанын растады. Бұл жөнінде кеше «Рейтер» агенттігі хабарлады.
«Чан және оның ізбасарлары қылмыстар жасау арқылы біздің партия мен
революцияға орасан зор зиян келтірді», делінген солтүстіккореялық ресми ақпарат агенттіктерінің хабарламасында. Бұл ақпарат жексенбі күні КХДР Жұмысшы партиясы саяси бюросының отырысынан кейін таратылған. Чан мен оның ізбасарларының қандай қылмыстар жасағаны жөнінде нақты ақпарат жоқ.
«Новости» ақпарат агенттігі таратылды
Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің «Новости» ақпарат агенттігін тарату туралы жарлыққа қол қойды. Құжат мәтіні кеше мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды.
Енді Ресейдің «Новости» АА-ның базасында «Россия сегодня» халықаралық ақпарат агенттігі құрылатын болады. Жаңа агенттіктің бас директорлығына «Ресей 1» телеарнасының жүргізушісі Дмитрий Киселев тағайындалды. Жарлыққа сәйкес аталған агенттіктің бас директорын ел президенті тағайындайды және қызметтен босатады екен. Президенттің жарлығы бойынша, сондай-ақ, «Голос России» радио хабарларын тарату компаниясы да таратылып, оның мүлкі «Россия сегодня» агенттігіне берілетін көрінеді.
Ленин ескерткішін құлатып тастады
Киевте оппозициялық шеруге қатысушылар Бессарабия алаңындағы Владимир Лениннің ескерткішін құлатып тастады. Бұл ақпаратты қалалық милицияның баспасөз қызметі растады.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, алдымен бетперде киген бірнеше белгісіз адам ескерткішті айнала қоршаған. Одан соң олар файерлерді өртеген, одан кейін ескерткішті құлатқан. Милиция қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, ескерткішті «Свобода» ұлтшыл бірлестігінің мүшелері құлатуы мүмкін. Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен қазірге ешкім ұсталған жоқ. Ал ескерткіш 1946 жылдың желтоқсанында орнатылған екен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.