
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Қостанай департаментінде 2012 жылдың күзінен басталған түймедей іс бүгінгі күні түйедей болды. Бір жарым жылға жуық уақыттан бері желбуазданып, заңның қамырша иленуіне себеп болған осы департаменттің мүлікті басқару бөлімінің бас маманы Сәуле Шоқанова мен қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Айнаш Жуаспаеваның «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасады» деген аттан ар-намысын қорғап қалуға жанталасы еді. Оқиғаның қалай өрбігені туралы «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 13 ақпандағы №66 санында жарық көрген «Қамшының сабымен ұрмас болар...» деген мақаламызда жеткізген болатынбыз.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Қостанай департаментінде 2012 жылдың күзінен басталған түймедей іс бүгінгі күні түйедей болды. Бір жарым жылға жуық уақыттан бері желбуазданып, заңның қамырша иленуіне себеп болған осы департаменттің мүлікті басқару бөлімінің бас маманы Сәуле Шоқанова мен қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Айнаш Жуаспаеваның «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасады» деген аттан ар-намысын қорғап қалуға жанталасы еді. Оқиғаның қалай өрбігені туралы «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 13 ақпандағы №66 санында жарық көрген «Қамшының сабымен ұрмас болар...» деген мақаламызда жеткізген болатынбыз.Оқырманның есіне қысқаша сала кетер болсақ, облыстық прокуратураның мамандары 2012 жылы жоспарлы тексеруден кейін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы,1-тармағының 4 және 5-ші тармақшаларына сүйеніп жасаған актісінде Сәуле Шоқанова мен Айнаш Жуаспаеваны «сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызды» деп тұжырады. А.Жуаспаева Денисов ауданындағы ұзындығы 0,36 шақырым әбден тозығы жеткен теміржол тұйығын сол аудандағы жергілікті тұрғындарға көмір жеткізіп беріп отырған «Имановка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жалға бергенін, одан шалғайдағы теміржол тұйығын пайдаланудағы еркін бәсекенің қағидатына ешқандай нұқсан келмегендігін, ал С.Шоқанова 2012 жылы шілдеде «MAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны балансындағы ескі ғимаратты тендер жеңімпазы анықталғанға дейінгі мерзімге жалға бергені туралы айтқанбыз. Прокуратура тексерісінен кейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қостанай департаментінің қос бас маманы «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасаған» болып шыққан соң, кәсіпкерлерден аталған нысандар қайтарылып алынды. Сонымен, жоқтан бар жасап, сонау 50-ші жылдары төселген, тозған теміржолды өздері жамап-жасқап пайдаланып, алыстағы ауданның елді мекендерін қысқы отынмен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер де, ішінде жылуы жоқ ескі ғимаратта жұмыс бастаған кәсіпкер де бұл нысандардан үркіп, кетіп қалды. Содан кейін өткізген неше тендерде де бұл екі нысанға бірде-бір жан сұраным берген жоқ. Бюджет қоржыны қаржыдан қағылды. Ал екі мемлекеттік қызметкер жыл басынан бері өз ар-намысын қорғаумен әуре. Расын айтқанда, осы уақытқа дейін істің қыр соңынан екі мемлекеттік қызметкер емес, облыстық прокуратура қалмай қойды.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қостанай департаментінің екі бас маманы прокуратура тексерісінен кейін «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасады» деген жалаға бергісіз аттан қорғану үшін Қостанай қалалық сотына арызданды. Істің бүге-шігесін Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастап барлық заңнамалар шеңберінде қараған әділ сот С.Шоқанова мен А.Жуаспаеваның арызын қанағаттандырған болатын. Демек, облыстық прокуратураның, анығырақ айтсақ, облыс прокурорының орынбасары Д.Сыздықовтың Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қостанай департаментінің екі бас маманы С.Шоқанова мен А.Жуаспаеваның әрекетін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы,1-тармағының 4 және 5-ші тармақшаларына сәйкестендірген қаулысының дұрыс еместігі айтылды сот шешімінде. Департаментте қорытынды қол қоюға құзыры жоқ, тек істі атқарушы бас мамандар «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасады» деген суық аттан өздерін қорғап алғанға, әділдіктің барына қуанды. Заң бойынша жеңілген жақтың әрі қарай сот сатыларына арыздануына құқы бар екені белгілі. Облыстық прокуратура екі әйелді апелляциялық сотқа берді. Бұл сот үдерісінде де әділ сот облыстық прокуратураның талабын қанағаттандырған жоқ. Қайта Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» заңының 25-бабына сүйенген облыстық прокурордың орынбасары Д.Сыздықовтың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы,1-тармағының 4 және 5-ші тармақшаларында қаралған «сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудырғаны үшін» департамент қызметкерлері С.Шоқанова мен А.Жуаспаеваны тәртіптік жауапкершілікке тарту жөніндегі ұсынысын теріске шығарады. «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы заңының 25-бабында не айтылған еді? Онда прокурор өз құзыретi шегiнде заңдылықты бұзуды болдырмау туралы, қылмыс жасауға және басқа тәртiп бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы айтылады. Оқырманға түсінікті болуы үшін айтсақ, прокурор бұл бапты басшылыққа алғанда заң бұзушылыққа жол бергендерді тәртіпке шақырып, жазалауды басшының өз құзырына қалдырады. Ал облыс прокурорының орынбасары Д.Сыздықов Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қостанай департаментінің басшысына бас мамандар С.Шоқанова мен А.Жуаспаеваны тәртіптік жауапкершілікке тарт деп отыр. Бұлай болғанда заң бұзушылыққа жол бергендерді тәртіптік жауапкершілікке шақыру үшін ҚР «Прокуратура туралы» заңы 20-бабының 1-тармағы бар емес пе? Әділ сот өз қаулысында осыны айта келіп, облыс прокуроры орынбасарының ҚР «Прокуратура туралы» заңының 20-бабының 1-тармағын сақтамай әрі елемей отырғандығын атап көрсетті. Ал аталған заңның 20-бабының 1-тармағында «Заңның бұзылу сипатына қарай прокурор қылмыстық iс қозғау, тәртiптiк iс жүргiзу туралы, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу жөнiнде қаулы шығарады» деп көрсетіледі. Ол үшін прокуратура тексерісінде департаменттегі екі бас маманның күнәсіне бұлтартпайтын айғақ болуы тиіс еді. Олай болған жоқ қой, құжатқа қорытынды қол қойған С.Шоқанова мен А.Жуаспаева емес, олар орындаушы ғана. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды олар бұзған жоқ. Оны сотта екі әйел дәлелдеп шыққаны жөнінде біз өткен мақаламызда да айтқанбыз. Апелляциялық сот облыс прокуроры орынбасарының 2012 жылдың 14 қыркүйегіндегі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Қостанай департаменті басшысының атына түсірген «Заңды бұзушылықтың себептерін және оған жағдай туғызушылықты жою» туралы ұсынысын үстірт, біржақты жасалған шешім деп бағалай отырып, прокуратураның осындай ұсыныс жасауы белең алып бара жатқанын да сынай айтады. Сонымен қатар, облыс прокуроры орынбасарының С.Шоқанова мен А.Жуаспаеваны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы даулы ұсынысындағы талабы олардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және басқа заңдарымен қорғалатын құқы мен мүддесін аяққа басу екені де осы сот қаулысында келтіріледі.
Сонымен, апелляциялық соттан жеңілген облыстық прокуратура енді Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қостанай департаментінің қос бас маманы С.Шоқанова мен А.Жуаспаеваның үстінен облыстық сотқа кассациялық шағым түсіреді. Кассациялық сот алқасы Қостанай облыстық прокуратурасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы,1-тармағының 4 және 5-ші тармақшалары бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қостанай департаментінің бас мамандары С.Шоқанова мен А.Жуаспаеваны «сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудырғаны үшін» тәртіптік жауапкершілікке тартуды талап еткен ұсынысының заңсыз екенін мойындаған Қостанай қалалық және облыстық апелляциялық соттардың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Облыстық прокуратура соттың үшінші сатысында осылай тағы да жеңіліс тапты.
Бұл іске осымен нүкте қойылғанда дұрыс болар еді, дұрыстан бұрын әділ болар еді. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңын бұзбаған, оны әділ сот арқылы дәлелдеген екі мемлекеттік қызметшінің иығынан жүк түскендей болған.
– Елімізде демократияның салтанат құрғаны деп санадық. Өйткені, біздің ар-ожданымыз, құқымыз Ата Заңымыз арқылы қорғалады. Соттар шешімінен соны сезінгендей едік, – дейді С.Шоқанова мен А.Жуаспаева. Бірақ облыстық прокуратура бұл пікірмен келіспейді екен. «Жығылған күреске тоймайды» деген, енді облыстық прокуратура соттың төртінші сатысына, яғни Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасына шағымданды. Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқасы төменгі сот сатыларының шығарған шешімдерін құптай отырып, бұл істі қараудан бас тартты. Анықтамасында мемлекеттік меншіктегі нысандарды тендерсіз жалға беруде кінәлі келісімшартқа қол қойған Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қостанай департаментінің басшысы Ш.Тәжібаев екенін, оның Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктің Қостанай облысы бойынша Тәртіптік кеңесінің шешімімен тәртіптік жауапкершілікке тартылып, жұмыстан босатылғаны айтылады. Ал келісімшартқа қол қоюға өкілеттігі жоқ, тек істі атқарған бас мамандар С.Шоқанова мен А.Жуаспаеваның кінәсі жоқтығын, оларды кінәлі деп тапқан прокурордың дәлелі нақты, анық емес, негізсіз екендігі қысқа қайырып келтіріледі.
Облыс прокурорының орынбасары Д.Сыздықов Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қостанай департаментінің сол кездегі басшысы Ш.Тәжібаевқа жазған ұсынысында: «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасағаны үшін» «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы, 1-тармағының 4 және 5-ші тармақшалары бойынша мүлікті басқару бөлімінің бас маманы С.Шоқанова мен қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы А.Жуаспаеваны тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынған жоқ па еді? Егер прокуратураның ұсынысы тәртіптік жаза болып табылмайтын болса, онда А.Жуаспаеваның мәселесі Тәртіптік кеңесте неге қаралды, оған облыстық прокуратураның өкілі неге қатысты? Д.Сыздықовтың біздің сұрауымызға берген тайғанақ жауабынан негізді ешнәрсе таба алмадық. Департаменттің қос бас маманының мемлекеттік нысанды заң шеңберінде тендерсіз уақытша беруінен мемлекетке бір тиын да зиян келген жоқ, қайта бюджетке қаржы түсті. Прокуратура талабынан кейін жоқтан бар жасап, пайдаланып отырған нысандарынан кәсіпкерлердің безіп кеткенін, кейінгі тендерлерде даудың тақырыбы болған әлгі нысандарға бірде-бір сұраныстың болмағанын айттық. «Сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасады» деген аттан екі бас маманды сот ажыратып алғандай еді. Әйтсе де, еліміздің Бас прокурорының наразылығы «пәрменді» келсе керек, Жоғарғы Соттың Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьялары А.Линник, Г.Рыспекова, Р.Нұртай осы жылдың 4 шілдесінде қарамай қайтып берген іс енді судья Е.Әбдіқадыровтың төрағалығымен үстіміздегі жылдың 2 қазанында қайта қаралды. Сонда Жоғарғы Соттың Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы бір іс туралы екі түрлі қаулы шығаруына не себеп? Бірінде Қостанай қалалық, облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының, облыстық соттың кассациялық сот алқасының шешімдерін қайта қараудан бас тартса, екіншісінде осы соттар шешімдерінің барлығын теріске шығарады. Заңның қамырша иленуі деп осыны айт.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.