
Шетелдіктердің тәжірибесіне сүйеніп, отандық оқу орындары философия докторларын (PhD) дайындау бағдарламасын жүзеге асырғалы оншақты жыл болды. Түбінде бұл бағдарлама бұрынғы күндізгі аспирантура – жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындайтын жүйе болып табылады. Негізгі айырмашылық – отандық және шетелдік кеңесшілердің болуы, олардың біліктілігі әлемдік рейтингі бар журналдардағы ғылыми мақалаларымен анықталады. Ізденушілер кемінде бір мақаланы импакт-факторы бар ғылыми журналға жарияланғанда ғана диссертация қорғауға рұқсат алады.
Шетелдіктердің тәжірибесіне сүйеніп, отандық оқу орындары философия докторларын (PhD) дайындау бағдарламасын жүзеге асырғалы оншақты жыл болды. Түбінде бұл бағдарлама бұрынғы күндізгі аспирантура – жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындайтын жүйе болып табылады. Негізгі айырмашылық – отандық және шетелдік кеңесшілердің болуы, олардың біліктілігі әлемдік рейтингі бар журналдардағы ғылыми мақалаларымен анықталады. Ізденушілер кемінде бір мақаланы импакт-факторы бар ғылыми журналға жарияланғанда ғана диссертация қорғауға рұқсат алады.Сондай-ақ, кеңесшілерді шақыруға, ізденушінің шетелде кемінде төрт айлық білімін арттыруға қажет қаржылық мүмкіндіктер де қарастырылады. Осының бәрі докторантурада оқу деңгейінің жоғары болуына кепілдік береді. Бұл ізденушінің сырттай оқып, жалған ғылыми атақ алу жағдайларына тосқауыл болады.
Бірақ бір ескеретін жағдай, бюджеттен бөлінетін PhD гранттары санының өте аздығы. Ғылым, шығармашылық бағытындағы кадрлар құрамының динамикасы үйлесімді болу үшін PhD грант саны магистрлер санымен, ал магистратураға бөлінетін орын сол мамандық бойынша дайындалған бакалаврлар санымен байланысты болу керек. Ғылыми негізделген бағдар бар: магистрлер саны шамамен бакалаврлардың 20 пайызын құрауы керек. Философия докторларының саны магистрлердің 20 пайызына шамалас болуы қажет.

Білім және ғылым министрлігі келешекте PhD-грант санының едәуір көбейетінін, сонымен қатар, докторанттардың аз бөлігі диссертацияны оқу аяқталғанда әрең қорғайтынын алға тартады. Сан көбейгенде сапаны да сақтайтын негізгі факторларды ескеру қажет.
Мәселенің негізі, PhD гранттарды ғылыми ұжымдарға, жетекшілерге дұрыс бөлуде жатыр. Қазір гранттар мамандықтар шифры бойынша ғылым докторлары, профессорлар, олардың мақалалары, лабораториялық база, т.б. туралы мағлұматтар көрсетілген сұраныс бойынша беріледі. Бұдан кейін талапкерлер ағылшын тілінен тест және мамандық бойынша жазба емтихан тапсырады. Мұның бәрі бір қарағанда дұрыс болып көрінгенмен, бірақ бұл жүйеде докторанттарды қабылдаудың негізгі ұтымды механизмдері ескерілмей жатады. Енді осыған тоқталып көрелік.
Ғылым бағытының шифры деген КСРО заманынан қалған «жәдігер». Оның тізіміне ғылымның көптеген қазіргі бағыттары нақты атаумен енбейді. Оның үстіне, ғалымдар өмір бойы тек ғылымның бір саласымен айналысуы тіпті де міндетті емес. Біздің елімізде қазір докторлық диссертация қорғалатын ғылыми кеңестер жоқ. Ал PhD гранттар белгілі «шифр» бойынша ғылым докторы жоқ болғандықтан бөлінбейді. Бұл тұйықталған тығырықтан қалай шығуға болады? Ғылымның болашағы зор бағыттарымен PhD мамандықтарын қалай тікелей байланыстыруға болады?
Мұндай дағдарыс күйдің пайда болу себебі, гранттарды «жоғарыдан», «төменгі» процестерді ескермей бөлуде болып тұр. Түсініктірек айтсақ, PhD грант бөлгенде мемлекеттік бюджеттен, шаруашылық келісіммен қаржыландыратын қазіргі заманға сай ғылыми бағыт тікелей ескерілмей отыр. Бұл бағыт маңыздылығы, қоғамға және өндіріске қажеттілігі халықаралық сараптама арқылы бағаланады. Осы бағытта едәуір құнды тәжірибелеріміз баршылық.
Сонымен, PhD гранттарды бөлу іске асырылып жатқан ғылыми бағыттармен байланысты жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай жағдайда қосымша мақсаттық PhD грантты қаржыландыру мүмкіндігі туады.
Докторанттарды қабылдау мен оқытудың мәселелері туралы айтар болсақ, қазір емтихан жазбаша, жазбаша-ауызша түрінде қабылданады. Сұрақтарды PhD грант мамандығы бойынша жауапты кафедра дайындайды. Ол жалпы білім беретін мектептерге және бакалавриатқа арналған. Бірақ докторантура ̶ ерекше, индивидуальды (жеке) оқыту формасы. Докторанттарды қабылдауға жалпыға арналған стандартты әдістерді қолдануға болмайды. Ауызша сұраумен толықтырмай тек қана жазбаша бақылауды, сонымен қатар, тестік, статистикалық әдістері стандартты бағдарлама болғанда ғана (мысалы, ағылшын тілінен) қолдануға болады. Жалпы білім беретін орта мектептерде оқытудың мазмұны бірдей, соған қарамастан, Ұлттық бірыңғай тестілеу технологиясы оншақты жылдан бері жетілдірумен келеді. Жыл сайын өзгеріп отыратын қазіргі ғылымның әр саласынан таңдалған сұрақтарға бір мәнді жауаптарды тұжырымдап табу мүмкін емес. Мұны ескерсек, бір кафедраның құрастырған сұрақтарына басқа жоғары оқу орнынан келген талапкер түгел жауап таба алуы мүмкін емес екендігі айдан анық.
Алайда, PhD бағдарламаны біз үлгі етіп алған шетел университеттерінде докторантураға қабылдау үшін бақылаудың негізгі формасы, кеңесші мен талапкердің болашақ диссертацияның мазмұны туралы әңгімелесуі болып табылатыны белгілі. Егер конкурс болса, талапкердің баяндамасы тыңдалып, арнаулы комиссия болашақ диссертациялық зерттеудің қажеттілігі, проблеманың түйіні, қолданылатын теориялық, тәжірибелік әдістерінің айқындалу деңгейін бағалайды.
PhD академиялық емес, ғылыми дәреже. Сондықтан оқыту ізденіс-зерттеу түрінде болу керек. Докторант жаңа білімді өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде алуы тиіс. Осыған орай, докторантураның оқу жоспары да қайта қаралуы қажет.
Қазір докторлық диссертация тақырыбы міндетті түрде шетелдік кеңесшімен келісіледі. Біздің ойымызша, бұл талап уақыт өте міндетті болмауы тиіс. Шетелдік ғалымдарды диссертацияның жеке бөлімдері бойынша бірге мақала жазуға, оппонент болуға, басқа да жұмыстарға шақыруға болады. Мәселенің түйіні тереңде жатыр. Егер докторанттар диссертациялық зерттеуді толығымен шетелдік кеңесшілердің белгілеген тақырыбы бойынша орындаса және көп уақыт сыртта жұмыста болса, онда олар біздің елде білім, ғылым саласында айтарлықтай табысқа жетті дей алмаймыз. Себептің түрі көп. Еліміздің басты университеттерінде өздерінің ғылыми бағыттары, әдістері, тәжірибелік базалары белгілі. Білім беру саласында да, оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша да, тәрбие жұмысын жүргізуде де едәуір ерекшеліктер бар. Сөйте тұрып, «таза шетелдік» докторантқа қаржы шығындаймыз. Ол кейін басқа салаға кетеді. Ең қиыны, ол дамыған елдерде тұрақты жұмысқа қалып қойып жатады. Мұндай деректер жеткілікті. Егемендікке қол жеткізген еліміздің мамандарының шетелде сұранысқа ие болуы қуанарлық жағдай болғанымен, бұл мәселеге мейлінше сақ болуды қажет етеді. Көптеген бұрынғы кеңестік елдердегі сияқты біздің елде де «ақыл-ой ағынының көшуі» («утечка умов») процесі басталып отыр. Сонымен, докторант дайындау технологиясы білім және ғылым саласының жеке мәселесі болып көрінгенімен, ел болашағы үшін осы жұмыстың дұрыс жолға қойылуына мән беру керек.
Қорыта келе, қысқа тұжырымдарымызды келтіре кетсек дейміз. Бірінші, бюджеттік PhD гранттардың саны белгілі ғылымның саласы бойынша дайындалған бакалавр, магистрлердің санына сәйкес болу керек. Екінші, шетелдік университеттер тәжірибесіне сүйеніп жетекшілері рейтингтік журналдарда мақалалары бар профессорлардың ғылыми тиімді бағыттар бойынша қосымша PhD ізденушілер қабылдауға рұқсат берілуі қажет. Үшінші, докторантураға қабылдау емтиханы ізденушінің болашақ диссертациясының мәселелері бойынша баяндамасын бағалау түрінде өткізілуі тиіс. Төртінші, докторанттардың оқу жоспары толығымен зерттеу жұмысына бағытталып, жаңа білімге өзіндік ғылыми-зерттеу жұмысы арқылы қол жеткізуі ескерілсе дейміз. Бесінші, PhD диссертацияның тақырыбы тек отандық кеңесшінің ұсынысымен бекітіліп, шетелдік кеңесшілердің рөлі қос автор, оппонент мәнінде болуын құптаймыз.
Бұл ұсыныстар біздің PhD бағдарлама бойынша жинақталған тәжірибеміздің негізінде айтылып отыр. Сондықтан болашақта осы ойларды ескерсек ұтпасақ ұтылмаймыз.
Зейнулла ЖАҢАБАЕВ,
физика-математика ғылымдарының
докторы, профессор.
АЛМАТЫ.