Талғат Амангелдіұлы – жан-жақты дарынды әрі көп қырлы азамат, біртуар тұлға. Ол жастарға өзінің алға мақсат қоя білетіндігімен және сол мақсатқа жетудегі табандылығымен, қайсарлығымен және рухының беріктігімен, болаттай ерік-жігерімен, өз халқына шексіз қызмет етуімен үлгі болып келеді.
Талғаттың ғарыш биігіне самғау жолы мектеп кезінен басталған болатын. 1961 жылы 12 сәуірде мектеп оқушыларына арналған салтанатты жиында «Юрий Гагарин ғарышқа ұшты» деп таңғажайып жаңалық жария етілді. Балалар секіріп ойнап «Алақай!», «Мен ғарышкермін!» деп қуанып жатса, кішкентай Талғат ашық аспанға қарап тұрып, «Талғат Мұсабаев ғарышта!» деп айқайлап жібергені есінде. Расында, бұл сөз аузынан шығады деп өзі де күткен жоқ еді. Ата-анасы оның есімін Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтің құрметіне орай қойғаны бекер емес болар, сол күнге дейін оның Талғат Бигелдинов сияқты ұшқыш боламын деген ойы есінен бір шыққан емес. Бірақ Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанын естіген сәтте ғарышкер боламын деген арман санада қылаң берді.
Талғат Мұсабаев Рига азаматтық авиация инженерлері институтын бітіріп, 1974 жылы Боралдай авиажасағында авиация радиоинженері болып еңбек жолын бастады. Осы лауазымда бір жыл жұмыс істегеннен кейін басшылары оның бастамашылығы мен ұйымдастыру қабілетін бағалай отырып, оны Боралдай авиажасағындағы аудандық комитет құқығындағы комсомол ұйымының хатшысы болуды ұсынды. Кейін ҚААБ саяси-тәрбие жұмысы бөлімінің нұсқаушысы, аға нұсқаушысы, Алматы авиажасағы командирінің саяси-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін де атқарды. Әйтсе де ғарышкер болу туралы балалық арманы есінен шыққан емес еді. Осы арманы оны Алматы аэроклубына алып келді. Аэроклубта жеті жыл оқи жүріп, ол аэродромда демалыс күндерін ғана емес, сонымен қатар еңбек демалысын да өткізді. Бірнеше жылдан кейін ол спорттық ұшқыш, спорт шебері және жоғары пилотаж бойынша КСРО чемпионы болды. Азаматтық авиацияның ұшқышы болу және Ту-134 жолаушылар ұшағымен ұшу үшін 1986 жылдың желтоқсанында Ульяновскіде Азаматтық авиацияның ұшқыштар құрамын даярлау орталығында қайта даярлау курсын бітірді. Алайда 1986 жылы Алматыда болған желтоқсан оқиғалары туралы өз ұстанымын ашық білдіргені үшін ұшуға жолы жабылып қалғаны бар. Мұсабаевқа рапорт жазып, Алматы авиажасағынан кетуге тура келді. Бірақ ол өзінің ұшу мақсатына жету жолында ешнәрседен танбады, сондықтан ол Боролдай авиажасағына қайта оралып, АН-2 ұшағының екінші ұшқышы болып ұшты.
ТУ-134 ұшағына оралу үшін АН-2 ұшағының командирі болу керек болды, бірақ ол үшін командирдің орынбасары ретінде бір жарым мың сағат ұшуы керек еді. Қысқа мерзім ішінде ол бір жарым мың сағаттан астам уақытқа ұшып, АН-2 ұшағының командирі болды. Мұсабаев 1989 жылы ұшақтардың бес түрімен екі мың сағатқа жуық ұшып, Ульяновск дайындық орталығында кезекті айлық тағылымдамасын аяқтағаннан кейін ҚААБ-ға келгенде, оны Алматы авиажасағында ТУ-134А ұшағының екінші ұшқышы ретінде белгілеген болатын. Дегенмен ұшу жұмысын реттейтін барлық құжаттардың болуына қарамастан, оған ұшуға рұқсат берілмеді.
Ол ТУ-134А руліне бәрібір отырды, оған мына бір жағдай көмектесті: күндердің бірінде ұшу жоспары жасалған кезде ұшу жасағының командирі Алматыда болмай қалды. Мұсабаев тапсырманы өте жақсы орындаған соң ҚААБ басшылығы оның мәртебесін ТУ-134А екінші ұшқышы етіп тағайындау туралы бұйрықты ресми түрде бекітуге мәжбүр болды. Сол кезеңде аспандағы ұшулармен қатар ол ғарышкер болуға іріктеудің ұзақ жолынан өтті, бұл жолда айтарлықтай қиындықтарды жеңуге тура келді. Ол КСРО Ғарышкерлерді даярлау орталығына алғашқы үндеуін 1981 жылы жазды, бірақ жауап алған жоқ. Тек 1986 жылы Ульяновск орталығында оқып жүргенде, ол ғарышкерлерді іріктеу бойынша алдын ала медициналық тексеруден өтуге Мәскеуге шақырту алды да, одан ешқандай ескертусіз сәтті өтті. Алайда ҚААБ басшылығының теріс ұстанымына байланысты Мұсабаевтың ғарышкерлер жасағына іріктеуге қатыспай қалу қаупі төніп тұрған болатын. Оған себеп – Ғарышкерлерді даярлау орталығының Мұсабаевты кезекті медкомиссияға шақырту жеделхаттары Талғатқа жетпей қалатын кездері болды. Бірақ оған тағы бір жағдай көмектесті. «Энергия» ғылыми-өндірістік бірлестігіндегі ғарышкерлер қызметінің бастығы, екі мәрте Кеңес Одағының батыры, ғарышкер Александр Александров тіке оның үйіне қоңырау шалып: «Неліктен медициналық тексерістен өтуге келмейсіз?» деп сұрайды.
Сөйтіп, Мұсабаев Қазақстанның жоғары басшылығына жүгінбесе оның ғарышкер болу жоспары орындалмай қалуы мүмкін екендігін түсінеді. Ол Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың өзіне баруға шешім қабылдайды. Үкімет үйінде оны ешкім қабылдағысы келмеді, бірақ ол табандылық танытып, Министрлер Кеңесі төрағасының көмекшісі В.В.Нимен кездеседі. Ол ұшқышты мұқият тыңдап, Н.Ә.Назарбаевқа жағдай туралы баяндайды. Министрлер Кеңесінің Төрағасымен кездесу қысқа, бірақ өте тиімді болады. Келесі күні ҚААБ ұшқыш Мұсабаевты кеңестік ғарышкерлер жасағына іріктеу бойынша медициналық комиссиядан өту үшін Мәскеуге іссапарға жіберу туралы Боралдай авиажасағына тапсырма берді. Мәскеулік мамандар бір ай бойы қазақ ұшқышын сынақтан өткізіп, дәрігерлік-сараптау комиссиясы оны ғарышкерлер жасағына кіруге толық жарамды деген қорытынды берді, әрі 1988 жылы өткен Мемлекеттік медициналық комиссияға ұсыныс жасады. Ғарышкерлер жасағына енгізу туралы соңғы шешімді Ведомствоаралық мемлекеттік комиссия қабылдады. Егер комиссия отырысы қарсаңында ғарышкер Александр Александровтың тағы да тікелей қоңырауы болмаса ол отырысқа Мұсабаев қатыса алмас еді. Өйткені ҚААБ оған келген шақыруды тағы да жасырып қалған еді. Тек Жаратушының шексіз құдіреті ғана Мұсабаевқа Алматыдан Ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысына ол басталардан бірнеше минут бұрын үлгеруге көмектесті. Талғат Амангелдіұлы бұл күнді, яғни 1990 жылдың 20 мамырын, өзінің ғарыш қызметінің бастауы деп санайды.
Бір таңдай қақтыратын жағдай, Комиссия отырысында кәсіби және медициналық деректер бойынша ешқандай сұрақтардың болмағаны еді. Тек ғарышкер әрі комиссия мүшесі Валерий Рюмин «Сіз үшін республиканың бірінші үш басшысы: Қонаев, Колбин, Назарбаев өтініш бергенін немен түсіндіруге болады?» деген бір ғана сұрақ қойғаны қызық болды.
Мұсабаев Ю.А.Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығында өзінің алғашқы ғарыштық ұшуына 4 жылдық дайындықтан өтті. Дегенмен ол дайындық 1991 жылдың аяғында, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып келгенінен кейін үзіліп қала жаздады. Себебі Ғарышкерлерді даярлау орталығында оған: «Сіз жиналып, үйге қайта беріңіз. Қазақ ғарышқа ұшты, бағдарламаны орындады, барлығы қанағаттандырылды» деп ашық айтылды. Мұсабаевтың төбесіне жай түскендей болды. Бірақ Жаратушы табанды ұшқышты қолдап, ғарышкер Алексей Леонов оған қорған болды және Ғарышкерлерді даярлау орталығының бастығы Владимир Шаталов оны құптады. Т.Әубәкіровтің ғарышқа ұшып келгенінен кейін олар Елбасы Н.Назарбаевпен бірнеше рет кездесіп, Мұсабаевтың бойында кәсіби ғарышкерге қажет барлық қасиеттер бар екендігі және оған мүмкіндік беру керектігі туралы әңгіме қозғады. Елбасы бұл ұсынысты бірден қолдады. Себебі ол өзі Ғарышкерлерді даярлау орталығына түсуге көмектескен ұшқыш Мұсабаевтың тарихын жақсы білді. Сөйтіп, Мұсабаев ғарышкерлер жасағында әскери ретінде қалады және қызмет ету мен ұшуға дайындалуды жалғастырады деген шешім қабылданды. Бұл шешімді заңдастыру үшін Елбасы КСРО Қорғаныс министрі Д.Язовқа запастағы офицер Т.Мұсабаевты әскерге шақыруды сұрап хат жазды.
Космонавттар жасағына қосылғанда Мұсабаев 41 жаста еді, сондықтан ол жас жігіттермен салыстырғанда ғарышқа ұшуға мүмкіндігі аз екенін түсінді және тез әрі сапалы дайындалу керектігін ұқты. 1993 жылдың басында барлық емтихандарды тапсырғаннан кейін Мұсабаев Қазақстан Президентіне Қазақстанның ғарыш бағдарламасын орындау үшін экипажға қосылуға толық дайын екенін баяндады.
Т.А.Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшты. Бір рет бортинженер (1994 жыл) және екі рет ғарыш кемесінің командирі (1998 және 2001 жылдар) болды. Оның бортинженер болып та, ғарыш кемесінің командирі ретінде де ұшқан әлемдегі жалғыз ғарышкер болып табылатыны оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін білдіреді. Бортинженер ретінде алғашқы ұшуы кезінде ол орбитада 126 тәулік болды. Жалпы ұзақтығы 11 сағат 7 минутты құрайтын екі рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Командир ретінде екінші ұшуы кезінде ол 208 тәулікті орбитада өткізіп, жалпы ұзақтығы 30 сағат 8 минутты құрайтын 5 рет ашық ғарышқа шықты. Командир ретінде 8 тәуліктен астам уақытқа созылған үшінші ұшуы кезінде ол әлемдегі алғашқы ғарыштық туристі Халықаралық ғарыш стансасына жеткізді.
Ғарышқа алғашқы екі ұшу кезінде ол төтенше жағдайлардан «Мир» орбиталық стансасын екі рет ерлікпен құтқарып қалды.
Бірінші ұшуы кезінде пайда болған алғашқы штаттан тыс жағдай өте ауыр болды және одан шығу стансаның өмірге қайта келгенімен тең болды. Онда стансадағы аккумуляторлық батареялардың күші толық бітіп, желіде кернеу жоғалып кеткен жағдайға тап болды. Тек қызметтік жүйелер ғана жұмыс істемей қалған жоқ, ең қорқыныштысы, Жермен, Ұшуды басқару орталығымен байланыс болмады, стансаның тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі жұмыс істемеді, оттегі жетіспеді. Сонау зеңгір көктің бір түкпірінде алты ғарышкері бар халықаралық экипаж бортинженер Мұсабаевтың басшылығымен қараңғыда жұмыс істей отырып, бес тәулік бойы бұл жағдайдан шыға білді. Стансаның отырып қалған батареяларын ауыстыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды, 36 сағат бойы тыным таппай, ұйықтамады, суық тамақпен қоректенді. Бұл шынымен «Мир» орбиталық стансасының екінші рет өмірге келуі болатын.
1994 жылдың шілде-қараша айларында 126 тәуліктік ғарыштық ұшу кезінде Мұсабаев экипажы ресей-америкалық «МИР-НАСА», Еуропа ғарыш агенттігі бағдарламалары мен қазақстандық ҰҒА он институтының қатысуымен 8 ғарыштық эксперимент кірген «Полет-М» ғылыми бағдарламасы бойынша ғылыми зерттеулердің, медициналық және техникалық эксперименттердің үлкен бағдарламасын орындады. Т.Мұсабаевтың 1998 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы екінші ұшуы кезінде оның экипаж мүшелері ресей-америкалық «МИР-NASA», Еуропа ғарыш агенттігі бағдарламалары және қазақстандық 20-дан астам қазақстандық ғалымдар мен мамандардың қатысуымен кешенді 23 тәжірибе жасалуы тиіс «Полет-М2» бағдарламасы шеңберінде табиғи-ресурстық мониторингті, астрофизикалық, геофизикалық, биологиялық, техникалық және технологиялық тәжірибелерді, сондай-ақ медициналық зерттеулерді орындады. 2001 жылғы сәуірде үшінші ұшуы кезінде Қазақстанның ғарыштық тәжірибелердің төртінші ғылыми бағдарламасы шеңберінде республика аумағының геофизикалық, медициналық және биологиялық эксперименттері, табиғи-ресурстық мониторингі орындалды.
Ол жүргізген ғарыштық тәжірибелердің қорытындылары бойынша ғарыш кеңістігі факторларының қорытпалардың физикалық-техникалық қасиеттеріне, борттық аппаратура элементтерінің жұмысқа қабілеттілігіне, конструкциялық материалдардың электрофизикалық қасиеттеріне әсері анықталды. Топырақ-өсімдік жамылғысының, су және қар ресурстарының жай-күйін бағалауға байланысты жерүсті және ғарыштық эксперименттер жүргізілді. Алынған нәтижелер негізгі астық егетін өңірлердегі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін бағалау үшін пайдаланылды. Ғарыштық медицина саласындағы тәжірибелердің нәтижелері әуе ғарыштық, спорттық, экстремалды медицинада және денсаулық сақтау саласында қолдануға ұсынылады, ғарышқа ұшудың қолайсыз факторларын, оның ішінде радиациялық әсерді төмендететін мамандандырылған өнімдер мен биологиялық белсенді қоспалар әзірленді.
Т.Мұсабаев – әлемдік космонавтиканың дамуына зор үлес қосқан Әлем азаматы. Қазақстанның патриот азаматы ретінде ол Ресейдегі жоғары лауазымын тастап, Елбасының шақыруымен ойланбастан Қазақстанға оралды. Авиағарыш техникасы саласы оның кәсіби білімі мен мол тәжірибесін қажетсініп тұрған еді.
Елбасының 2007 жылы Ұлттық ғарыш агенттігін (Қазғарыш) құру және оның төрағасы болып Т.Мұсабаевты тағайындау туралы шешімі Қазақстанның ғарыш қызметін дамытудағы бетбұрыс болды. 2007-2014 жылдар аралығындағы кезеңде қазақстандық ғарыш саласының қалыптасуы мен дамуы Елбасының осы шешімімен және Т.Мұсабаевтың есімімен тығыз байланысты. Маған да осы кезеңде Қазғарышта оның қарамағында жұмыс істеу бақыты бұйырған болатын.
Шетелдік әріптестердің бағалауы бойынша Қазғарыштағы қызметінің 7,5 жылы ішінде Т.А.Мұсабаевтың басшылығымен Қазақстан ғарыш саласын құруда өзінің ғарыш саласын дамытқан көптеген елдер үшін бірнеше онжылдыққа тең жолды жүріп өтті. Қазақстан экономиканың жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін секторын дамытуда үлкен қадам жасады – заманауи ғарыш инфрақұрылымы құрылды, ғарыш техникасы мен технологияларының отандық үлгілерін әзірлеуде серпіліс жасалды. Тәжірибелік өндірісі бар ғарыш саласының ғылыми-технологиялық және жобалық базалары, Жерді қашықтан зондтау және байланыстың ұлттық ғарыштық жүйелері, жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесі құрылды. Ең бастысы, нөлден бастап бірегей ғарыш инфрақұрылымын құрумен қатар Еуропаның жетекші кәсіпорындарында технологияларды меңгеретін жас мамандардың практикалық тағылымдамасы ұйымдастырылды, яғни ғарыш саласын одан әрі дамытуға және оны ел экономикасының жоғары технологиялық секторына айналдыруға қабілетті кадрлар даярлаудың стратегиялық маңызды мемлекеттік міндеті шешілді.
Әлемдік ғарыш ғылымының дамуына, сондай-ақ Қазақстанның бүкіл ғарыш саласының одан әрі қалыптасуына қосқан зор үлесі үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз шешімімен 2015 жылы Т.Мұсабаев бастаған Қазғарыштың ғылыми ұжымына Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын берді. Ол ғарыш саласында жасампаздық атмосферасын қалыптастырды және әрекетке қабілетті ұйымшыл команданы құруға мүмкіндік берді. Жақын достары мен әріптестері оны қиын жағдайда қолдай алатын, күш-қуат беретін, адамның көңіліне қуаныш сыйлай білетін, өмірге құштар, достықты жоғары бағалайтын, айналасындағыларға деген мейірімі ерекше адам ретінде жақсы көреді және құрметтейді.
Мейірбек МОЛДАБЕКОВ,
ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты