Аталған орталықтың басшыларынан Тәуелсіздік құрдастарымен кездесіп, әңгімелесуге жұмыс арасында уақыт табуын сұрадым. «Жарайды, келіңіз. Екеуі де жас болғанымен білімді, табанды, ізденістері мол жандар. Пациенттер жүрегіне жол таба білетін, әріптестерін сыйлауымен бірге өздерін де сыйлата алатын жастар», деген.
Екеуі бөлмеге қатар кірді. Сыпайы қалыппен амандасқан оларға тәуелсіздік құрдастары ретінде өздерімен әңгімелескім келетінін айтқанмын. Содан Ерген «Қыздың жолы жіңішке ғой, алдымен Динара айтсын», деді.
Динара Бердібаева бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы екен. Ол мемлекет медициналық мамандар даярлауға гранттар бөліп, болашақ жастарға үлкен қолдау көрсеткенін атап өтті. Өз осы мүмкіндікке қол жеткізіп, жоғары оқу орнында грантпен білім алған.
«Ата-анам жоғары білім алуда оқуымның ақысын төлейтіндей жағдайда емес еді. Біз оқып жүргенде жыл сайын медициналық мамандар даярлауға бөлінген грант саны өсіп отырды. Соның нәтижесінде қаншама жастың дәрігер болуға жолы ашылды. Мен қазақ мектебін бітіргендіктен, қазақ тіліндегі топты қаладым. Бұрындары қазақ тілінде медицинаға қатысты әдебиеттер де болмаған ғой. Ал оқу бітірерге таман отандық, оның ішінде өз ұстаздарымыз, профессор, докторлардың қазақ тіліндегі оқулықтары, монографиялары жарық көрді. Бұл оқуды тіпті жеңілдетті. Қазақ тілінде оқыған жанның артықшылығы – үш тілді болып қалыптасады, ағылшын, орыс тілдері мен ана тілі қосылғанда көкжиек тіптен кеңейе түседі. Жұмыс істеп жүргенде де көп көмегі тиеді. Менің нағашы атам – дәрігер. Ол кездері Көкшетауда қазақша сөйлейтін маман дәрігер өте сирек екен. Бағымызға орай елордада заманның озық технологияларын батыл енгізетін, заманауи жабдықталған, ең бастысы білімді мамандары бар көптеген орталық, клиника ашылды. Соларда студент ретінде тәжірибелік сабақтар өттік, резидентураға осы клиникаға келдім. Ал оны бітірген соң Ұлттық орталыққа жұмысқа қалдырды» дейді кейіпкеріміз.
Ал Ерген Кенжеғұлов Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Жабасақ деген шағын ауылда туып өсіпті. Әке-шешесі – мұғалім. Мектеп бітірген соң дәрігер боламын деп шешім қабылдаған.
«Ақтөбеде оқып жүргенімде You tube арнасынан Ұлттық орталық жайында түсірілген бейне роликті көрдім де керемет қызықтым. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «Болашақ госпиталі» деп ашылған елордадағы орталықтардың жұмысы қамтылыпты. Адам негізі армандай білуі керек деп ойлаймын. Сол сәттен мен осындай орталықта жұмыс атқарсам деп армандадым. Негізі біздің әулетте дәрігер өте аз, атамның қарындасы дәрігер болған. Ол кезде қазақ мектебін бітірген ауыл балаларына медицина ЖОО-ларында оқу өте қиын болатын. Ал қазір 95-97 пайыз шамасында қазақ жастары оқып, осы мамандықты таңдап жатыр. Сосын өзім еңбек етіп жүрген нейрохирургияны алайық. Қазіргі Қазақстанның осы саладағы жетістіктерімен бұрынғысын тіпті де салыстыруға келмейді. Арасы – жер мен көктей», дейді Ерген.
Ол орталықта Жұлын нейрохирургиясы шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінде істейді екен. Мұнда кез келген ауыл тұрғыны шетелдерде өте қымбат тұратын операцияларды, жоғары мамандандырылған ем түрлерін мемлекет есебінен алып жатыр. Оның айтуынша, дамыған шетелдерде көрсетілетін ем түрлерінен біздегі қызметтің еш айырмасы жоқ. Тіпті кейбір тұста жетістіктерміз шетелдің емінен де асып түседі. Мысалы, әр пациент үшін тек өзіне лайықталған 3D омыртқа жасап, ісік жайлаған ауру омыртқаны алып тастап, жасанды болғанымен, өзінікінен айырмасы жоғын орнату – отандық ғалымдар мен дәрігерлер ізденісінің таза жемісі. Қазір бұл жайында әлемдік ғылыми басылымдарда мақала жарық көрген соң дүние жүзінің нейрохирургтары көз тігіп отыр.
«Былтыр 4 адамға осындай операция жасалды. Қазір олар аттай болып шауып кетті. Нәтижесі өте керемет. Енді уақыты келгенде, болашақта 3D омыртқа жаппай қолданысқа енеді деп ойлаймыз. Тамаша емес пе? Бұл тәуелсіздік табысы деп білемін», дейді жас дәрігер.
Расында, бүгінгі Қазақстан нейрохирургиясының деңгейі Орталық Азияда алдыңғы орында. Енді осы жетістіктерді ұстап тұру ғана емес, әрі қарай дамыту үлкен жауапкершілік жүктейді. Орталықта мамандар ізденісіне жол ашылған. Мұндағы кітапхананың жұмысы – көпке үлгі боларлықтай дәрежеде. Мысалы, жыл басында мамандар өздерінің ғылыми ізденісіне қатысты әдебиеттер тізімін жасап өткізген. Кітапхана сол еңбектерді сатып алып, заманауи медицинаға қатысты ақылы порталдарға рұқсат алып берген.
Екі жастан да ұстаздары жайлы сұрағанмын. «Жұлын-ми деген өте нәзік дүние ғой, қалтарысы, қатпарлары мол. Сондықтан ұстаздардан өте көп үйренесің. Тәжірибе жинақтаған, пациенттердің кереуетінің алдында, операция үстелі жанында сағаттап уақыт жіберген олардың қолының әр қимылы, қозғалысы, одан кейінгі пациентті қатарға қосудағы еңбегін көру – үлкен мектеп. Мысалы, ми ісігі дейік. Соның өзі әр адамда әрқалай өтеді. Кітапта жазылғандай барлығы тұп-тура шыға бермейді. Ал тәжірибе жинақтаған маман соның барлық қалтарысын жақсы біледі. Біздің бақытымыз – осындай мамандардың алдымызда жүруі және олардан кез келген уақытта кеңес сұрап, білігімізді тәжірибемен толықтыра алатынымызда. Мамандығымыз өте қиын болғанымен, пациенттің жазылғанын көргенде барлығын ұмытасың. Біреуге қуаныш сыйлау, алғысын алу сондай көңіліңді өсіреді. Кейде пациентіңді ойлап түн ортасында оянып кетіп, ұйқың бұзылып, орныңнан тұрып интернет ақтарып, өзге елдердегі ем түрлері қалай жүруде деп ғылыми мақалаларды ақтарып кетесің. Ал кейде үйге қанаттанып қайтасың», дейді олар.
Ұлттық орталықтың ашылуына 10 жыл толуымен халықаралық ғылыми конференция өткенде жер-жерден ғалымдар, айтулы мамандар жиналды. «Сонда олар біздің орталықтың жетістіктеріне қызықты, таңданды. Ал біздің кеудемізді мақтаныш кернеп тұрды. Көрдіңіз бе, бізге өзгелер қалай қызығатынын?! Осының барлығы тәуелсіздіктің арқасы, ал біз тәуелсіздік құрдастармыз. Біз еркін тынысты елде туған, еркін тыныстап өсіп, елге қызметті, адамдар денсаулығын сақтаудың абыройлы да құрметті іс екенін біліп өсіп келеміз», дейді Ерген мен Динара.