Қоғам • 07 Қаңтар, 2021

Жекеменшік балабақшалар субсидияланды

171 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы қаласында бүгінде бала туу көрсеткіші жаман емес, көші-қон үдерісі де белсенді. Дегенмен, пандемия денсаулық саласынан бастап, білім және балабақшалармен қамту ісін қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Жуырда қала әкімінің жетекшілігімен білім беру жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі алқалы кеңес өтті. Бірінші кезекте мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын азайту, апатты мектептер мен үш ауысымды білім беру мәселелерін шешу, қашықтан оқытудың сапасы, сондай-ақ жекеменшік балабақшалардағы ата-аналардың төлемін субсидиялау шаралары қаралды.

Жекеменшік балабақшалар субсидияланды

«Шетсіз қала» қағидаты аясында қалада білім берудің сапасын арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте қоғамдық ұйымдармен өза­ра тығыз іс-қимыл орнатылды. Балабақшалар мен мек­теп­тер­дегі орын тапшылығы мен кезек күту мәселелерін шешу шаралары күшейтілді. «Біз­дің міндетіміз – пандемияға қара­мастан, өз парызымызды жауап­кер­шілікпен және адал орындау. Балаларды тәрбиелеу көбінесе бала­бақшаларда мектепке де­йін­гі білім беру процесінің қа­лай ұйымдастырылуына байланысты», деген қала әкімі Б.Сағын­таев пандемия кезін­де ата-аналардың білім беру про­це­сіне ынтасының арта түскенін атап өтті.

Қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева бүгінде мектепке дейінгі тәрбие­мен 1-6 жасқа дейінгі 65 080 бала, 3-6 жасқа дейінгі 57 020 бала қамтылғанын баяндады. Әкімдік 5 жыл ішінде балабақшаларда 20 мыңнан астам жаңа орын ашуды жоспарлап отыр. Қосымша білім беру үшін Алатау мен Наурызбай аудандарында 2 инновациялық шығармашылық орталығын салу жоспарланған, келер жылдан бастап қазіргі Оқушылар сарайын модернизациялау басталады. Пандемияға қарамастан, контингент 12 мың балаға артты, оның ішінде 1-сыныпқа 27 мыңнан астам бала қабылданды. Мектептерде орын тапшылығын кезең-кезеңмен шешу үшін 2025 жылға дейін білім беру ны­сан­дар­ының құрылысын үдеме­лі салу бағдарламасы әзір­ленді.

Орта білім беру саласында апатты мектептерді жою және мектептердің шамадан тыс жүк­­телуі бақылауға алынған. «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» аясында 2021-2022 жылдары апатты және шамадан тыс жүктелген деп танылған мек­теп­тер­дің орнына жаңа мектептер салынады. 2022 жылға дейін 12 600 орындық 8 мектеп және 6 550 орынға арналып мектептерге жапсарлас­ты­ра 13 қосымша құрылыс салу жос­парлануда. Сондай-ақ, апатты мектептің орнына 2021 жылы 1500 орындық жаңа мектеп салынады. Білім берудің алғашқы жаңа нысандарын 2021-2022 оқу жылының басында пайдалануға беру және сол арқылы мектептердегі орын тапшылығын 73%-ға төмендету жоспарлануда. Сонымен бірге қашық­тан білім беру сапасын арттыру үшін отандық «Online Mektep» және «Сфера» отандық білім беру платформа­ла­ры белсенді қолданылады. Жер­гі­лік­ті бюджет есебінен 42 мың компьютерлік техника және Үкі­мет­тің резервтік қоры есебінен 38,5 мың компьютерлік техника сатып алынды. Интернет өткізгіштігі төмен 169 аумақта желі жылдамдығын арттыру үшін қосымша антенналар орнатылды. 30 мыңнан астам симкарталар мұқтаж отбасыларға берілді. Ең бас­тысы, қала әкімі­нің бастамасымен жеке мен­шік балабақшалардағы ата-ана төлемін жергілікті бюджет есе­бі­нен субсидиялауға ерекше назар аударылып отыр.

«Алматы қаласы әкімдігінің мемле­кеттік тапсырыспен жеке меншік мектепке дейінгі ұйым­дарда тамақтануды жергілікті бюджеттен субсидиялау бо­йын­ша қабылдаған іс-әрекеттері қолай­л­ы жағдай жасайды және қала­мыз­дың жеке мектепке дейін­гі білім беру кәсіпкерлігін дамы­туды ынталандырады. Мем­­лекеттік тапсырысты орналас­тырмайтын жеке меншік бала­бақ­шалар адал бәсекелестік ар­қылы баға деңгейін реттейді. Мұндай іс-шаралар біздің алға жылжитынымызға, жұмы­сы­­мыздың нәтижесін көре­ті­­ні­міз­ге сенім береді», деді Же­­к­е­­­­меншік білім беру ұйым­дары республикалық қауым­дас­­тығының төрайымы Роза Садықова.

Өз кезегінде еліміздегі Бала құ­қық­­тары жөніндегі уәкіл Аружан Саин білім беру про­це­­сінің қауіпсіздігі, инклю­зив­ті және қосымша білім беру, та­мақ­­тану сапасы, сондай-ақ білім беру саласындағы ұйым­дар­ды бас­­қару сапасын арттыру әдістері мә­се­лелерін қозғады.

Алқа отырысында балабақ­ш­алар мен мектептердегі бала­лардың тамақтану сапасын ба­қылау, жан басына шаққан­да­ғы қаржыландыру мәселелері бо­йынша бірқатар нақты тапсырма берді. Алматы «сары» аймаққа кір­гендіктен, оқушылардың ден­сау­лығын қорғау үшін кезек­ші топтарда санитарлық-эпи­де­мия­лық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету бойынша шараларды күшейту тапсырылды.

«Ең маңыздысы – балалардың ден­саулығы. Сондықтан эпидемиологтар белгілеген қа­уіпсіздік талаптарын қатаң сақ­тау қажет», деді Б.Сағынтаев.

Алдағы бес жыл ішінде қала балабақшаларында 20 мыңнан астам жаңа орын ашылмақ. Ләззат Жылқыбаеваның айтуын­ша, қазір мектепке дейінгі тәр­бие­мен 1 жас­тан 6 жасқа де­йін­гі 65 080 бала, 3 жастан 6 жасқа дейінгі 57 020 бала қам­тылған. Балабақшалардағы ке­зек­­ті азайту үшін келелі шара­лар қабылданып отыр. Биыл 670 орындық 4 мемлекеттік бала­бақ­ша пайдалануға беріліп, 120 орындық тағы 1 мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқ­та­лып келеді. «Жұмыспен қам­ту­дың жол картасы» аясында 520 орындық тағы 3 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса биыл 1 378 орындық 48 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Осы 5 жылда 360-қа жуық жеке­меншік балабақшада 14 900 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын кезең-кезеңмен орналастыру жос­пар­­ланған. Сонымен қатар орын тап­шылығын төмен­де­ту мақ­сатында жеке білім беру ұйым­да­ры­на жалға берілген мем­лекеттік балабақшаларды қай­тару бойынша шаралар қа­рас­­­тырылған. Осы жұмыс ая­сын­да Әуезов ауданындағы жал­ға берілген «Сказка» бала­бақшасының ғи­мараты қай­та­рыл­ды. Қазір күр­де­лі жөндеу жүр­гізіліп жатыр, 2021 жылы онда 320 орындық 14 топ ашылатын болады.

 

АЛМАТЫ