11 Желтоқсан, 2013

Білім бөлімі «жұмыстан босатуды» ғана біле ме?

881 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Биылғы жылдың 2 мамыр күні Шардара аудандық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ақшагүл Бердалиева мені басшылық қызметтен босатып қана қоймай, мүлдем жұмыссыз қалдырды. А.Бердалиева мені жұмыстан босату туралы бұйрыққа Шардара ауданы прокурорының 24.04.2013 жылғы заңдылықтың бұзылуын жою туралы Шардара ауданы әкіміне жолдаған ұсынысын негіз етіп отыр. Ал, шын мәнінде, елдің ішін ала тайдай шулатып, дүрліктіретіндей теріс іс-әрекетке барған жоқпын».

«Биылғы жылдың 2 мамыр күні Шардара аудандық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ақшагүл Бердалиева мені басшылық қызметтен босатып қана қоймай, мүлдем жұмыссыз қалдырды. А.Бердалиева мені жұмыстан босату туралы бұйрыққа Шардара ауданы прокурорының 24.04.2013 жылғы заңдылықтың бұзылуын жою туралы Шардара ауданы әкіміне жолдаған ұсынысын негіз етіп отыр. Ал, шын мәнінде, елдің ішін ала тайдай шулатып, дүрліктіретіндей теріс іс-әрекетке барған жоқпын».

Шардара қаласындағы А. Иманов атындағы жалпы орта мектебінің директоры қызметін атқарып, бүгінде жұмыссыз жүрген Нұрғали Ибрайым газетіміздің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшілер қосынына осылай деп бірнеше беттік арыз жолдапты. Талай жылдан бері білім саласында еңбек етіп, ауыл-аймаққа тәжірибелі ұстаз, іскер басшы ретінде танылған, аздап ақындығы бар, сөз қадірін түсінетін кісінің бұл арызды әділеттік таппай, таусыла отырып жазғаны байқалады. Ол кісіге жолығып, қолындағы құжаттармен танысқанымызда мектеп директорының болмашы нәрседен сүрініп кеткенін байқадық. Бірақ, заңда «болмашы нәрсе» деген жоқ қой, заң бұзылды ма, кінәлі адам жазалануы керек.

Нұрғали Ибрайым 2009 жылы арнайы конкурстан өтіп, мектеп директоры лауазымын иеленген екен. Содан биылғы жылдың басында еден жуушы А.Үсенованы босануына байланысты әлеуметтік демалысқа шығарып, орнына уақытша Қ.Қойлыбаеваны қабылдайды. Болды, басшының қолымен жасалған бар заңсыздық осы ғана. Кейінірек мұны аудандық прокуратура тексеріп, Қойлыбаеваны қабылдауда заңсыздықтың орын алғанын анықтаған. Сөйтсе, заң бойынша мектепте жұмыс орны босаса, «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңның және «Еңбек туралы» кодекстің талаптарына сәйкес міндетті түрде жұмыспен қамту жөніндегі өкілетті органға хабарлауы тиіс екен. Осы кемшілікті «көзір» қып ұстаған аудан прокуратурасы Нұрғали Ибрайымның әрекетінде сыбайлас жемқорлық белгілері бар деген тұжырым жасап, аудандық білім бөліміне тез арада заңсыздықты жою жөнінде ұсыныс жіберген. Ал, білім бөлімі заңсыздықты жоюдың ең оңай жолы мектеп директорын жұмыстан босату деп шешіпті.

Ал, Нұрғали Ибрайым бұл шешіммен келіспейді. «Жүктілігіне және бала күтіміне байланысты әлеуметтік демалысқа жіберілген А.Үсенованың еден жуушы қызметі бос жұмыс орны болып табылмайды, себебі, ол жұмыстан келісімшарт бұзу арқылы босатылмаған, жұ­мыстан түбегейлі шықпаған. Қ.Қойлыбаева оның міндеттерін атқару үшін жұмысқа уақытша қабылданды. Бұйрықта уақытша екені анық көрсетілген. Жазбаша түрде ескерту, келісім бәрі бар. Уақытша жұмысқа қабылданған Қ.Қой­лыбаева өзінің атынан Оңтүстік Қазақстан облыс­тық сотының төрағасы Н.Шәріповтың атына нотариалды куәландырылған түсінік жазып, онда өзінің өтініші негізінде Еңбек кодексінің талаптарын сақтай отырып, уақытша еден жуу­шы болып жұмысқа қабылданғанын, тексеру барысында оны не еңбек инспекторы, не болмаса аудан прокуроры қызметкерлері шақыртып алып, одан түсінік алмағанын, мектеп директоры болған Н.Ибрайымға туыстық немесе басқалай жақындық жағдайы жоқ екенін, оған жұмысқа қабылдағаны үшін сыйақы немесе басқалай бермегенін, мектеп директоры өзіне артықшылық жасамағанын нақты көрсеткен», дейді бұрынғы директор Н.Ибрайым.

Біз бұл мәселенің жай-жапсарын Шардара аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақшагүл Бердалиевадан сұрамақшы болып, бірнеше мәрте жұмыс телефонына қоңырау шалдық. Бірақ, шаруасы шаш-етектен А. Бердалиева бір орында көп отырмайды білем, үнемі жиналыста немесе аудандағы мектептерді аралап кетеді. Сондай-ақ, қоңырау шалған бөтен телефонды да көтермейтін «қасиеті» бар екен, ұялы телефонына қанша мәрте байланысқа шықсақ та, бөлім басшысының «Алло?» деген сөзін естуге зар болдық. Содан, амал жоқ, Оңтүстік Қазақстан облыстық еңбек инспекциясына хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, Нұрғали Ибрайымның қызметінен босатылуы қаншалықты заңды екенін сұрадық.

– Негізі заң бойынша кез келген мемлекеттік мекемеде жұмыс орны босаса, 3 күн ішінде жұмыспен қамту бөлімдеріне хабарлап, мәлімет беру керек, – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Бастар Есқараев. – Бос орынға жұмыспен қамту бөлімінде кезекте тұрған жұмыссыз адам алынуы тиіс. Мекеме басшысы олай етпей өз бетімен бос орынға басқа адамды жұмысқа қабылдаса, ол істе сыбайлас жемқорлық белгілері бар болып табылады. Яғни, мектеп директоры билігін пайдаланып, жақын туыстары, таныстарына артықшылық жасап, жұмысқа алуы мүмкін. Бірақ бұл, мұндай заңсыздық жасағандарды міндетті түрде жұмыстан босату керек деген сөз емес. Мұндай заң бұзушыларға әртүрлі көрсеткіште айыппұлдар салынады.

...Міне, аудандық білім бөлімінің шешімімен келіспеген Н.Ибрайым сотқа арызданады. Бірақ, еш нәтижесіз. Алайда, осы сот барысында маңызды бір мәселенің басы ашылды. Аудандық прокуратура Н. Ибрайымның әрекетінде сыбайлас жемқорлық белгілері бар деп кінә тағып отырғанын жоғарыда айттық қой. Ал, апелляциялық сот алқасының шешімінде «Мектеп директорлары мемлекеттік қызметкерлер емес. ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана қолдануға жатады. Ал мемлекеттік емес қызметкерлердің еңбек құқықтары, олар­ға тәр­тіптік жаза қолдану тәртібі «Еңбек кодек­с­­­імен» реттеледі» деген жолдар сайрап тұр. Ендеше, Шардара аудандық прокуратурасы  «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңын негізге ала отырып ұсы­ныс жолдап, білім бөлімі басшысының мін­детін атқарушы Ақшагүл Бердалиева неге Н.Ибрайымды жұмыстан оп-оңай босата салды? Н.Ибрайым басқарған мектептің білім саласындағы кемшілігін бетіне басып, жұмыс­тан босатып жатса бір сәрі?! Біздің білуімізше, білім бөлімі тек жаза беретін мекеме сияқты емес еді ғой. Неге қателескенге мүмкіндік беріп, жеңілірек жаза қолдануға болмады? Әлде бұл асығыстықтың астарында бір сыр жатыр ма? Қалай айтсақ та, «біреуді уақытша жұ­мысқа қабылдапсың» деп, бірден осындай ауыр жазаны бере салу заңға да, арға да сыймайтын тірлік емес пе?

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар