
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің «Дара тұлға» атты мерекелік концерті Елбасына арналды.
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің «Дара тұлға» атты мерекелік концерті Елбасына арналды.

Тұңғыш Президент күні бүкіл еліміз бойынша кеңінен аталып өтілгені белгілі. Бірақ осы орайдағы ықыласты көңіл лүпілі, ізгі ниеттерден туған құрмет толқыны, игі шаралар тасқыны толастар емес. Күй атасы Құрманғазы атындағы қазақ өнерінің қарашаңырағы өзінің сексенінші маусымының шымылдығын елдігіміздің мәртебесін биіктеткен осынау ұлық мерекені айшықтаған тамаша бағдарламамен ашуы елеулі оқиғаға айналды.
Иә. Дара тұлға. Концерт тақырыбының алтын арқауы, күміс тіні елімізді әлемге танытқан, Тәуелсіздіктің көк байрағын алғаш желбіреткен қадірменді Елбасымыз болуы да заңды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Марфуға Айтхожина жаңа маусымды оркестрдің сексенінші көктеміне балады. Өлеңмен өрнектелген өз құттықтауын:
«Сексенінші қыс оралды, ұлпа қарға бөленіп,
Президент күні – әлем жұрты айтып жатыр төрелік.
Сексендегі Құрманғазы оркестрі қосылып,
«Дара тұлға» әнін айтып берелік», – деген сырлы шумақтармен желпіндіре түсті. Ел Президентінің бекзат қасиеттерін кестелеген осынау тамаша әннің, оның тұрпатты өлеңінің де авторы Марфуға ақын. Оркестрдің жаңадан тағайындалған жас директоры Нұрғиса Дауешовтің Елбасына арналған бүкіл концерттік бағдарламаны осы ән атауымен атауы тапқыр шешім болып, жақсы жарасып тұрғандай.
Мерекелік концерт Елбасының тәуелсіз мемлекет құрудағы ерен еңбегін айшықты түрде бейнелеп көрсеткендей әсер қалдырды. Кеште Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа кеңінен танымал «Үшқоңыр», «Тарих толқынында», «Астана», «Город мой» сынды шығармалары сәтімен орындалды. Жиылған қауым оркестрдің бас домбырашысы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Батыржан Мықтыбаев, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Береке Еңкебаева, Фархат Кубиев, Алмас Алтынбеков, Бақытгүл Бекбергенова, Дидар Кәден және «Аңсар» квартеті сынды өнер майталмандарына сүйсіне қол соқты.
Оркестрдің бас дирижерлігіне жаңадан келген халықаралық конкурстардың лауреаты Арман Жүдебаевтың өзіндік өрнек-қолтаңбасы, жаңа тыныс ерекше нәшпен, бөлекше өреде құйқылжи шалқыған күйлерден байқалып-ақ тұрды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров пен халықаралық конкурстардың лауреаты Қаршыға Ахмедияров өнері де қауымды қуанышқа бөледі.
Концертті қазақ рухын танытар «Сарыарқа» күйімен қатар, үзеңгі қағыстыра түйіндеген «Дара тұлға» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілов тау самалындай таза, барқыт күйлі бипаз дауыспен келістіре шырқады. Кең тынысты кемел әнде ел бағына туған Ер бейнесі төмендегідей өлең жолдарымен әдемі ашылды.
Жаңғыртып қаласын да, даласын да,
Еліңді бастап жүрсің жаңа шыңға.
Аман бол, бар қазақтың бақыты үшін,
Заманнан асып туған дара тұлға.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.