11 Желтоқсан, 2013

Байланыс беки түсті

342 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов Оңтүстік Кореяға екі күндік ресми сапармен барды.  Сапары аясында ол Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің қабылдауында болды. Кездесуде Серік Ахметов Пак Кын Хеға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы елімізге ресми сапармен келіп қайтуға шақыруын табыс етті.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов Оңтүстік Кореяға екі күндік ресми сапармен барды.  Сапары аясында ол Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің қабылдауында болды. Кездесуде Серік Ахметов Пак Кын Хеға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы елімізге ресми сапармен келіп қайтуға шақыруын табыс етті.

Кездесудің басты тақырыбы екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері болды. Біз бұл бағытта едәуір табыстарға қол жеткіздік. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында екі жақты сауда айналымының 1 миллиард доллардан асып түсуі соның бір жақсы дәлелі. Біз сауда айналымы қарқынын одан әрі арттыруға ынталымыз, деді өз сөзінде С.Ахметов. Ол, сондай-ақ, Қазақстан мен Корея Балқаш жылу электр стансасын, Атырау облысында газ-химия кешенін салу, «Жамбыл» кен орнын игеру секілді бірқатар бірлескен ірі жобаларды жүзеге асырып жатқандығын атап көрсетті.

Пак Кын Хе өз кезегінде Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық ықыласты сә­лемін жолдады. Корея Президен­ті екі жақты іс-әрекеттер деңгейін жоғары бағалап, мемлекетаралық қатынастардың барлық қырлары бойынша байланыс­тарды одан әрі тереңдете түсуге ынталы екендіктерін білдірді. Қазақстан Корея үшін Еуразия кеңістігіндегі ең басты әріптестердің бірі болып табылады, деп атап көрсетті кездесу барысында Пак Кын Хе. Мұнымен қатар, ол ЭКСПО көрмесін өткізуде Кореяның үлкен тәжірибе жинақтағанын айта келе, өздерінің бұл тәжірибелерін Қазақстанмен бөлісуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Осы күні Қазақстан Үкіметінің басшысы Корея Республикасы Пре­мьер-министрінің орынбасары – жоспарлау және қаржы министрі О Сок Хёнмен кездесу өткізді. Кездесу барысында екі жақты іс-әрекеттердің кең көлемі талқыланды. Соның ішінде машина  жасау, қайта жаңғыртылатын энергия көздерін өндіру, жеңіл өнеркәсіп және басқа да салалардағы тиімді бизнестік жобалар жайында әңгіме қозғалды.

Қазақстан үдемелі индус­трия­­лық-инновациялық даму бағ­дарламасын жүзеге асыру арқылы тұрақты өсімді қамтамасыз ету­ге ұмтылыс танытуда. Осы ба­ғыт­та біз Кореямен өзара тиімді ин­вес­тициялық және технологиялық ын­ты­мақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз, деп атап көрсетті Қа­зақстан Үкіметінің басшысы. Со­ны­мен қатар, Серік Ахметов осы елдің Ёсу қаласында 2012 жылы өткізілген ЭКСПО халықаралық көрмесінің тәжірибесін зерттеуге ықылас танытып, корейлік компанияларды Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырды.

Кездесу соңында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде екі ел үкіметтерінің арасында Кеден ісінде өзара әкімшілік көмек көрсету және ынтымақтастық туралы келісімге, қазақстандық «Самұрық-Энерго» АҚ пен кореялық «Hyundai» корпорациясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Мұның сыртында Қазақстан мен Корея сауда-экономикалық палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы, «Samruk-Green Energy» ЖШС мен «Hyundai» корпорациясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалды. 

Соңғы жылдары Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастық артып келеді. Мәселен, екі елдің тауар айналымы 2012 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға артып, 1,257 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал 2013 жылдың тоғыз айында ол 1 млрд. АҚШ долларына жетіп, 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6 пайыздан астам көрсеткішке артты. Тағы бір айта кетерлігі, Оңтүстік Корея экономикасына Қазақстанның инвестициясы 2,6 миллиардтан астам АҚШ долларын құрады. Онымен қоса, қазіргі таңда елімізде Оңтүстік Корея капиталының қатысуымен 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді екен.

Бізді Кореяның көбіне жо­ғар­ы дамыған технологиясы қы­зық­тыратыны рас. Осы саладағы бір­лескен кәсіпорындардың арқасында бүгінде әріптестігіміз артып, байланыстар беки түсуде. Инвестициямен бірге, Қазақстанға жаңа технология, қазіргі заманға сай біліктілік деңгейі және өндіріске деген жаңа қарым-қатынас ере келуде. Әрине, «жақсы көрсең – үйренбекке» демекші, Корея сияқты технологиясы озық елден біздің аларымыз көп. Осыған орай Үкімет басшысының Кореяға сапары барысында Қазақстан делегациясы бірнеше ірі өндіріс орындарын аралады. Соның бірі – «Samsung Electronics D-Light» перспективалық технологиялар көрме кешені. «Samsung» қазақстандықтар үшін бейтаныс ұғым емес. Қазіргідей техниканың дамыған ғасырында бұл компанияның өнімдері кез келген отбасының күнделікті тұрмысында жиі қолданысқа ие.

1969 жылы іргесі қаланған алып кәсіпорынның бүгінгі жетістігі кімді болсын тамсандырмай қоймайды. Оған компанияның кешенін аралай жүріп көзіміз тағы бір жетті. Премьер-Министр бастаған қазақстандық делегация онда компанияның соңғы үлгідегі өнімдерімен, телекоммуникациялық технологиялар, компьютерлік техникалардың дамуы барысымен танысып, тамашалады.

Ресми сапар аясында Қазақстан делегациясы Оңтүстік Кореяның экономикалық маңызы зор ірі кәсіпорындарының бірі –  «LG Chem» компаниясында болды. Корея Республикасының технологиялық орталығы саналатын Тэджон қаласында орналасқан «LG Chem» мұнай-химия өнімдері, ақпараттық және электронды материалдар шығаруда бүгінде әлемге аты машһүр үздік кәсіпорын. Демек, Қазақстан делегациясының «LG Chem» компаниясына арнайы атбасын бұруы тегін емес. Соңғы жылдары елімізде мұнай-газ  өнімдерін өндіруге айрықша көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі Атырауда газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Ал мұндайда Корея сияқты мемлекет – таптырмас әріптес. Технология, жалпы заманауи техника, инновация саласында үйретері көп бұл компаниямен ынтымақтастық байланысы­мыз 2010 жылы Елбасының Оңтүстік Кореяға жасаған ресми сапарында бекіген болатын. Енді, міне, сол байланыстар нақты іс жүзіне асуда.

Оңтүстік Кореяны Қазақстандағы ірі инвесторлар санатына шығарып отырған тағы бір жоба Балқаш жылу электр стансасы деуге әбден болады. Бұл жөнінде де Президент Н.Назарбаевтың ресми сапарында келісімдер жасалған. Осылайша, қазіргі таңда Балқаш жылу электр стансасының құрылысымен «Самұрық-Энерго» АҚ және кореялық «КЭПКО-Самсунг» консорциумы айналысып жатыр. Осыған орай қазақстандық делегация ресми сапар аясында Сеулден қырық шақырым қашықтықта орналасқан Инчон қаласындағы «Ёнгхын» жылу электр стансасында болып қайтты. Бұл кешеннің жұмысымен танысып, еліміз үшін, елімізде қолға алынған ірі жоба үшін тәжірибесі мол орталықтың қыр-сырына үңілді.

Ресми сапар қорытындысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде мұнай-газ саласына қатысты, жылу электр стансасына байланысты келісімдер бар.

Елшілермен жүздесті

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия елшісі Гидо Херцті және Франция елшісі Франсис Этьенді олардың өтініштері бойынша қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның және Қазақстан мен Францияның қазіргі кезеңдегі және келешектегі ынтымақтастығының өзекті мәселелері, оның ішінде парламентаралық қатынастар тақырыбы қозғалды. Тараптар Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы әріптестікті, БҰҰ және ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды дамыту жайын талқылады. Бұл әріптестіктің алдағы кезде де жемісті жалғасатындығына, өркениетті үрдістерге сай өрістейтіндігіне негіз мол екендігі айтылды.

Сенат Төрағасы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің маңызына назар аударып, Орталық Азиядағы осынау ерекше оқиғаға ГФР мен Францияның белсенді қатысатынына сенім білдірді.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан» – Сеулден.

Соңғы жаңалықтар