11 Желтоқсан, 2013

Француздардың алғашқы құрбандықтары

350 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орталық Африка Республикасының астанасы – Банги қаласында екі француз әскериі қаза тапты. Бұл туралы Франция президенті әкімшілігіне сілтеме жасай отырып «Франц Пресс» агенттігі хабарлады.

Бұл француз армиясының ОАР аумағына 6 желтоқсан күні енгеннен бергі алғашқы құрбандықтары болып табылады. Француздар аталған ел аумағына бүлікшілерге қарсы операциялар жүргізу үшін енгізілген еді. Осының алдында француздар дінаралық жанжалға қатысушы қарулы жасақтардан қаруларын тастауды талап еткен болатын. Егер талап орындалмаған жағдайда күш қолданатындықтарын мәлімдеген еді. Жалпы, ОАР-дағы тұрақсыздық үстіміздегі жылдың наурыз айынан, елде төңкеріс жүзеге асқаннан бері жалғасып келеді.

Шарайна

Француздардың алғашқы құрбандықтары

Орталық Африка Республикасының астанасы – Банги қаласында екі француз әскериі қаза тапты. Бұл туралы Франция президенті әкімшілігіне сілтеме жасай отырып «Франц Пресс» агенттігі хабарлады.

Бұл француз армиясының ОАР аумағына 6 желтоқсан күні енгеннен бергі алғашқы құрбандықтары болып табылады. Француздар аталған ел аумағына бүлікшілерге қарсы операциялар жүргізу үшін енгізілген еді. Осының алдында француздар дінаралық жанжалға қатысушы қарулы жасақтардан қаруларын тастауды талап еткен болатын. Егер талап орындалмаған жағдайда күш қолданатындықтарын мәлімдеген еді. Жалпы, ОАР-дағы тұрақсыздық үстіміздегі жылдың наурыз айынан, елде төңкеріс жүзеге асқаннан бері жалғасып келеді.

Милиция баррикадаларды бұзды

«Бүркіт» арнайы бөлімшелерінің жасақтары мен милиция қызметкерлері 10 желтоқсанға қараған түні Украина президенті әкімшілігінің төңірегіндегі Лютеран көшесінде орнатылған баррикадаларды және құрылған палаткаларды бұзып тастады.

Барлық наразылық акциясына қатысушылар көшеден ығыстырып шығарылды. Қуу кезінде митингке шығушылар мен милиция арасында қақтығыс орын алды. Осының салдарынан бірнеше адам зардап шекті. Соңғы мәлімет бойынша жарақат алғандар 10 адам делініп отыр. Бұған дейін Шелковичная мен академик Богомолец көшелерінің қиылысындағы баррикада және Грушевский көшесі мен Крепостной қиылысындағы қоршау қиратылған еді. Қысқасы, Украинада қашан тыныштық орнайтыны белгісіз.

АҚШ тарапының күдігі күшті

АҚШ билігі кейбір Ресей дипломаттарына қатысты жансыздық жасады деген күдік білдірді. Олар бұған дейін медициналық сақтандыруға байланысты алаяқтық жасады деп айыпталған болатын. Бұл жөнінде Федералдық барлау басқармасына сілтеме жасай отырып, CNN хабарлады.

Ресейлік дипломаттарға шпиондық жасады деген күдік келтірілгелі біршама уақыт болғанымен, жеткілікті көлемде айғақ жинақталмаған екен. Сондықтан АҚШ әділет министрлігі әуелде алаяқтық бабы бойынша айып таққан-тын. Дерек көзі соңғысында қанша дипломатқа күдік келтірілгенін нақтыламайды. Ал Құрама Штаттар алаяқтық жасады деп 25 қазіргі және бұрынғы дипломаттарға және олардың 24 зайыбына айып таққаны 5 желтоқсанда белгілі болған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, олар еңбекақыларын төмен етіп көрсеткен және осының нәтижесінде жеңілдетілген медициналық көмек алып келген.

Қысқа қайырып айтқанда:

* Испаниялық БАҚ өкілдері Сирияда екі испан журналисі ұстауда отырғанын жария етті. Журналистерді ұрлау Түркиямен шекарадағы өткізу пунктінде орын алған. Олар екі аптаға созылған редакция тапсырмасын орындағаннан кейін Сирия аумағын тастап шықпақ болған кездерінде ұрланыпты.

*Ресей мен Куба Кеңес Одағына тиесілі 29 миллиард доллар қарызды жою туралы уағдаластыққа келді. Сөйтіп, Мәскеу 32 миллиард доллар қарыздың 29 миллиардын кешіруге шешім қабылдады. Гавана қалған 3,2 миллиард долларды он жыл ішінде төлеп бітірген жағдайда уағдаластық күшінде қалады.

* 1976 жылы қаза тапқан Бразилияның экс-президенті Жуселин Кубичек өз өлімімен өлмепті. Ол әскери диктатура ұйымдастырған қанқұйлы әрекеттің құрбанына айналыпты. Бұл туралы Сан-Паулу қалалық кеңесінің мүшелері кіретін арнайы тексеру комиссиясы мәлімдеді. Комиссияның толық баяндамасы жақында жарияланады.

*Атақты киноактер Брюс Лидің сары комбинезоны аукционға қойылған еді. Гонконгте өткен сауда-саттықта аталған комбинезон 83 мың АҚШ долларына сатылды. Костюмді кім сатып алғаны белгісіз. Белгілісі – Брюс Ли оны 1972 жылы түсірілген «Өлім ойыны» фильмінде киген болатын.

Әскери кезекшілікке кірісті

Беларусь пен Ресейдің әскери ұшқыштары кеше бірлескен әскери кезекшілікке кірісті. Бұл туралы Беларусь қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған шара кезекші күштердің әскери мүмкіндігін жоғарылатуды және екі ел әуе кеңістігінің күзетін күшейтуді көздейді.

Кезекшілікке кірісу туралы бұйрықты Беларусь қорғаныс министрлігінің әскери-әуе күштері мен әуе шабуылынан қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Олег Двигалев берген. Осыдан бірнеше күн бұрын Беларуське ресейлік төрт Су-27 жойғыш ұшағы мен техникалық персонал жеткізілген болатын. Оларды ел аумағына орналастыру туралы екі ел басшылығы өткен көктемде уағдаласқан екен. Кезекшілік Брест облысындағы Барановичи авиабазасында жүзеге асырылуда.

Дағдарыс пайдасы орасан

АҚШ халқының 2008 жылғы дағдарыстан кейін қалталары қампиып шыға келді. Толық емес бес жылда олардың жиынтық байлығы 20 триллион долларға ұлғайды. Бұл туралы Федералды резерв жүйесіне сілтеме жасай отырып, «Ассошейтед Пресс» агенттігі хабарлады.        

Бірінші кезекте халықтың әл-ауқатының артуына қор рыноктарындағы өсім мен жылжымайтын мүліктердің қымбаттауы оң әсер еткен. Резерв жүйесінің деректеріне сәйкес, үстіміздегі жылдың шілдесі мен қыркүйегі аралығында америкалықтардың жалпы жағдайы 2,6 пайызға артып, 77,3 триллион долларға жеткен. 2008 жылы бұл көрсеткіш 57,2 триллион долларды құраса керек. Бір өкініштісі, америкалықтардың жалпы жағдайы жақсарғанымен, байлар мен кедейлер арасындағы арасалмақ сақталып отыр.

Өлі теңізді «өлімнен» құтқармақ

Таяу Шығыс елдері – Израиль, Иордания және Палестина автономиясы Өлі теңізді құтқару жөніндегі жоспарға қол қойды. Қол қою салтанаты бұрнағы күні АҚШ астанасы – Вашингтон қаласындағы Бүкіләлемдік банктің штаб-пәтерінде өтті.

Келісім суды Қызыл теңіздің солтүстігіндегі Акаб бұғазынан Өлі теңізге жеткізетін ұзындығы 180 шақырымдық құбыр желісі құрылысын қарастырады. Жобаның құны шамамен 300-400 миллион доллар делініп отыр. Оны 4-5 жылда аяқтау көзделеді. Жоба шеңберінде, сондай-ақ, Иордания суды тұщытатын зауыт салуы тиіс. Ал ол жыл сайын 80-100 миллион текше метр тұщы су өндіруге қабілетті болады деп күтілуде. Жаңа құбырдың арқасында Өлі теңізге жыл сайын шамамен 200 миллион текше метр теңіз суы құйылып тұрады деген болжам бар.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.   

Соңғы жаңалықтар

Ақтауда түнде автокөлік өртенді

Төтенше жағдай • Бүгін, 12:43