11 Желтоқсан, 2013

Кен іздеуші

634 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кәсібіне адалдығынан жаңылмаған Қасан Қамашев туралы бір үзік сыр

Қазақ елінің әр өңірі табиғи байлыққа, әсіресе, Менделеев кестесіндегі табиғи минералдарға өте бай. Соның ішінде, құрамында бор, калий, магний, бром, литий, рубидий, цезий секілді элементтер молынан кездесетін химиялық кен жыныстарын зерттеу мен игерудің маңызы айрықша дей аламыз. Қазақстандық ғалымдар еліміздегі 109 тұз күмбезінде калийдың, ал 24 тұз күмбезінде бордың мол қоры барын зерттеулерінде анық­таған. Жеті қат жер астындағы осындай табиғи байлықты көз майын тауы­са зерттеушілердің бірі – Қасан Қамашев.

Кәсібіне адалдығынан жаңылмаған Қасан Қамашев туралы бір үзік сыр

Қазақ елінің әр өңірі табиғи байлыққа, әсіресе, Менделеев кестесіндегі табиғи минералдарға өте бай. Соның ішінде, құрамында бор, калий, магний, бром, литий, рубидий, цезий секілді элементтер молынан кездесетін химиялық кен жыныстарын зерттеу мен игерудің маңызы айрықша дей аламыз. Қазақстандық ғалымдар еліміздегі 109 тұз күмбезінде калийдың, ал 24 тұз күмбезінде бордың мол қоры барын зерттеулерінде анық­таған. Жеті қат жер астындағы осындай табиғи байлықты көз майын тауы­са зерттеушілердің бірі – Қасан Қамашев.

Қасан Қамашевтың бала күні­нен табиғи байлықты зерттеу­ге, игеруге аң­­­сары ауды деуге болады. Өйткені, ол мектеп бітірісімен Қазақ тау-кен инс­титутының тау-кен инженер-гео­лог мамандығына оқуға түсті. Содан бе­рі кен іздеу ісіне белсене араласты. Оның 1957 жылдан бергі еңбек жолы Ин­дер ауданындағы кен көздерін зерттеумен, игерумен өрбіп келеді. Оның өз кә­сібін жетік білетіндігі 1964-1976 жыл­да­ры Батыс Қазақстан облысындағы Сәти­мола күмбезіндегі тұзды қабаттарға жүргізілген барлау жұмыстар кезінде жар­­қырай көрінді. Сол жылдары аға гео­лог лауазымындағы Қ.Қамашевтың же­тек­­шілігімен №25 ұңғыма бұрғыланып, құн­дылығы жоғары борат қоры табылды. Каспий маңы және Сәтимола күмбезіндегі бор, борлы-калийлі тұздарды іздеу, барлау мақсатында сала мамандарымен бірлесе 24 ғылыми еңбек жазды. Табиғи байлық қорлары туралы 16 рет геологиялық тал­дау қорытындысын жасапты. 1974 жылы Мәскеудің төрінде КСРО Ғылым ака­де­миясында Сәтимола кен орнына қа­тыс­ты геологиялық талдауына жақсы баға бе­рілді.

Кен іздеуден, өз кәсібіне адал­дық­тан жалықпаған Қ.Қама­шевтың жеміс­ті жұмысына кезінде Индер борат руднигінің директоры болған Құ­сайын Байбосынов «Қамашев – бұл Сәтимола» деп пікірін білдірген. ШҚ «Сатбор» ЖШС бас директоры Талғат Қасенов те тек Қазақстанда ғана емес, әлемде теңдесі жоқ «Сәтимола» кен орнын былайша сипаттайды. «Бұл – Қасан ағаның жас кезінде ашқан ең ірі кен орны. Бүгінде «Сәтимола» ел экономикасының өркен жаюына ықпал ететін ірі өндіріс орнына айналды. Таяуда Индустрия және жаңа технология­лар министрлігінде 75 жыл бойы жылына 25 миллион тонна кен өндірілетін жоба бекітілуі, сөйтіп, 45 жылдық жұмыс бағдарламасы сараптамадан өткізілуі көзделіп отыр», дейді қазба байлықты барлаудың үздігі атанған асқар тау­дай академик, алғашқы кен орнын ашушы ағасын ардақ тұта білетін Талғат Қасенов.

«Сатбор» басшысының айтуынша, қазір аталған кен орнына инвестиция тартылып жатыр. 2014-2017 жылдар аралығында «Сәтимола» кен орнында тау-кен өндірісі мен инфрақұрылымдық нысандар құрылысы аяқталмақ. Ал тау-кен өндірісінің негізгі жұмыстары 2017 жылдан 2089 жылға дейін жалғасын табады. Демек, Қасан Қамашевтың қаты­суымен ашылған «Сәтимоланың» мол байлығы ел игілігіне жаратыла бермек.

 Міне, мұны жеті қат жер ас­ты­нан кен іздеген Қасан Қама­шевтың тынымсыз еңбегінің жемісі дей аламыз. Күні-түні гео­логиялық карталарға үңіліп, гео­логиялық талдаулар қоры­тын­дыларын терең зерделеген Қасан аға бүгінде жан-жағына сексен жастың биігінен қуана көз тастайды. Индер топырағындағы мол байлықты ел қажетіне жаратудағы еңбегі еленіп, Индер ауданының құрметті азаматы атанды. Өзінің тау-кен өндірісін өркендетуге шежірелі жолын Талғат Қа­сеновтей ізбасары басқаратын ШҚ «Сатбор» ЖШС-да кеңесші қызметімен сәтті жалғастырып келеді. Толымды тәжірибесінен тәлім алып, Ресей, Украина секілді елдерде абыройлы еңбек етіп жүрген шәкірттері жиі хабар­ласып, ақыл-кеңесін сұрап тұрады. Мар­гаритадай өмірлік серігімен бірге ұл-қызынан тараған немере-жиендерінің шатты күлкісіне бөленіп отыр.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар