Биылғы қыстың қаһары еліміздің Шығыс өңірінде ерекше қатал болды. Ақырған аязы мен ақтүтек бораны қабаттасып, алты ай қыс көз аштырмады. “Жұт жеті ағайынды” дегендей, қатал қыстың соңы көктемнің су тасқынына ұласты. Бірқатар елді мекендерді күйзеліске ұшыратқан көктемгі апат кезінде шығысқазақстандықтар жалғыз болған жоқ. Еліміздің барлық өңірлерінен, ірі кәсіпорындардан, жекелеген азаматтардан апат аймағындағы халыққа жан-жақты көмек көрсетілді.
Су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына көрсетіліп жатқан бүкілхалықтық көмек қозғалысына “Парасат” ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі” және оның еншілес ұйымдары: “Ғылым қоры”, “Жер, металлургия және кен байыту ғылыми орталығы”, “Ақпараттандыру ғылыми орталығы” және басқалар су шайып кеткен елді мекендердегі құрылыс жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында 1,7 млн. теңге көлеміндегі бір күнгі еңбекақыларын аударды.
“Егемен-ақпарат”.