Қазақстан • 09 Қаңтар, 2021

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының сайлауын байқаушылар Сенатқа келді

112 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатта Парламент жоғарғы Палатасы Төрағасының Орынбасары Асқар Шәкіров Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясының байқаушылар делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz тілшісі ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының сайлауын байқаушылар Сенатқа келді

Төраға орынбасары халықаралық байқаушыларды Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдардың депутаттарын сайлауға дайындық барысымен таныстырды.

«Қазақстан сайлау процесін жалпыға бірдей қабылданған халықаралық стандарттарға, оның ішінде Копенгаген құжаттарының ережелеріне сәйкес ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қамтамасыз етуде. Ол үшін біздің елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық өзгерістер қамтылған берік негіздер бар. Коронавирус пандемиясының елеулі зардаптары Қазақстанның алдына түбегейлі жаңа міндеттер қойды, сондықтан алдағы парламенттік сайлау барлық билік органдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде және айтылған зардаптарды еңсеруде аса маңызды», - деді А.Шәкіров.

Сондай-ақ Қазақстанның Парламенттік Ассамблея жұмысына белсенді қатысып келе жатқаны атап өтілді. Сенат депутаттары бейне конференция байланысы тәртібінде өткен ҰҚШҰ ПА-ның барлық шараларына қатысуда.

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясы өз кезегінде сайлау үдерістерін жетілдіру мен саяси жаңару саласындағы реформалар жөніндегі Қазақстанның қызметін жоғары бағалады.

Тараптар кездесу соңында Ұйым аясындағы жұмыстың қорытындылары мен алдағы жоспарлар туралы пікір алмасты.

Кездесуге ҰҚШҰ ПА Қазақстан Республикасы Парламентінің уәкілетті өкілі Виктор Рогалев қатысты.