Әлем • 09 Қаңтар, 2021

Халил Ақынжы: Әлем тарихын түркі халықтарынсыз елестету мүмкін емес

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркі Кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы «Өткеннің еншісіндегі даудың бәрі біздің тарихи санамыздың терең түкпірінде қалуы керек» деп санайды.

Халил Ақынжы: Әлем тарихын түркі халықтарынсыз елестету мүмкін емес

Бұл туралы ол Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясы өткізген «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде айтты.

«Әлем тарихын түркі халықтарынсыз елестету мүмкін емес. Жаһандық деңгейдегі ғылыми жетістіктер мен мәдени құндылықтардың көпшілігі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі кеңістікті алып жатқан біздің алып құрлығымызға тиесілі. Сонымен қатар, бұл аймақтың ең ірі қақтығыстар алаңына айналған да кездері болды...

Өткеннің еншісіндегі даудың бәрі біздің тарихи санамыздың терең түкпірінде қалуы керек және келешегіміздің кемелдігі үшін одан сабақ ала білуге тиіспіз.

Бүгінде БҰҰ және барша әлемдік қауымдастық мойындаған түркі мемлекеттерінің тәуелсіздігі тоқтаусыз нығайып келеді. Бүгінгі конференция сияқты ғылыми форумдар біздің елдеріміздің және көршілес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайта түсуге ықпал етеді.

Сонымен қатар, бүгін таныстырылған Түркі академиясы түпнұсқа мәліметтерге сүйене отырып ыждаһаттылықпен әзірлеп шыққан Түркі әлемінің Атласы бұл бағыттағы алғашқы бірегей басылым болып саналады. Ендігі жерде бұл атлас біздің бірінші болып жүгінетін сенімді тарихи дереккөзге айналады деп сенемін. Түркі академиясын осы жетістігімен шын жүректен құттықтаймын» деді ол өз баяндамасында.

Айта кету керек, онлайн-оффлайн режимде өткен аталған шараға 20-дан астам мемлекеттен ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ, түркі елдерінің бірқатар ресми тұлғалары, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.