Басқарма басшысының айтуынша, шаһар бизнесін дамытуда «Almaty Business-2025» аймақтық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының маңызы өте зор. Бағдарлама бизнеспен жұмыс істеудің бес негізгі институционалды бағытын қамтиды. Оның құрамына Qoldaý кәсіпкерлік орталығын, несие беру үшін жеке және микроқаржы институттарын құру, Алматы қаласы аумағында өндірістік парктерді ұйымдастыру, кейбір кәсіпкерлерге жеке әрі шағын өндірістерін ұйымдастырулары үшін жеңілдетілген несие ұсыну енеді.
Спикердің айтуынша, пандемияға қарамастан несиелеу көлемі артқан, инфрақұрылым дами түскен, шаһар басшылығы жұмыс орнын сақтау мен кәсіпкерлерге көмек көрсету бойынша ауқымды жұмыс атқарған.
«Бүгінде жалпы сомасы 42 млрд теңгені құрайтын 52 жоба бойынша кеңестер берілді. «Бір терезе» қағидаты бойынша 500-ден астам рұқсат құжаттары ұсынылды. Орталықта ШОБ өкілдеріне өз бизнесін дамытуға қатысты түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардан рұқсат құжаттарын алу үшін тегін қолдау көрсетіледі, сонымен қатар түрлі қаржы институттарында қаржыны жеңілдікпен алуларына көмектеседі. Біз орын алған кемшіліктерді жойып, істерін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 5 млн-ға дейінгі көлемде гранттар бердік. Олар грант алғаннан кейінгі алғашқы кезеңде өз бизнестерін тегін жүргізе алады. Екінші кезеңде бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша әрі заңгерлік және бухгалтерлік кеңестер көрсетіледі. Егер екінші кезеңде өз бизнестерін дұрыс жүргізіп, оны кеңейтуді қаласа, онда олар біздің шағын қаржы институттарымызға жүгініп, 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуларына болады», деді Е.Оразалин.
Оның айтуынша, бұл институттар Алматы қаласы әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша жергілікті бюджет қаржысы есебінен гранттар көлемін ұлғайту аясында қосымша экожүйемен қамтылады.
Жалпы, бизнеске қаржылай қолдау көрсетуге 12,2 млрд теңге бөлінген. Қаржыландыруды «Almaty Finance» несиелік ұйымы және «Алматы» МҚҰ жүзеге асырады. «Almaty Finance» 500 млн теңгеге дейін ірі және орта жобаларға несие беруді қарастырады. «Алматы» шағын және микробизнеске бағытталған әрі мұнда несиенің ең жоғарғы мөлшері 70 млн теңге деңгейінде белгіленген. Жалпы алғанда 40-тан астам жобаға несие беріліпті.
Институттар пандемия кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тұрақтандыру процестеріне де қатысқан. Бөлінген 12,2 млрд теңгенің 4 млрд теңгесі Алматы қаласындағы ірі дистрибьютерлік компанияларға, медициналық заттар мен дәрі-дәрмектерді жеткізушілерге берілген.
«Өндірістік парктерді ұйымдастыру тетігі де ойдағыдай жұмыс істей бастады. Осы орайда мақсат қалалық әкімдік ірі бизнеске бос ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіруге немесе жаңа орын салуы үшін 6 пайызбен жеңілдетілген несие береді. Мұнда осы жобаға қосымша ретінде өндірістік парктер резиденттерінің жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл – елімізде баламасы жоқ акция. Біз бүгінгі күні осындай үш жобаның ойдағыдай жұмыс істеп жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Үш жоба толығымен жабдықталған, істерін жаңа бастаған кәсіпкерлер осы өндірістік орындарды жалға алды. Бұлардан өзге, біз индустриялық аймақта осыған ұқсас өндірістік парктерді құру үшін жалпы алаңы 40 мың шаршы метр болатын 4 жер учаскелерін қосымша бөлдік. Барлық құжаттама, ережелер әзірленді және қабылданды. Бүгінде индустриялық аймақтағы 4 өндіріс паркіне әлеуеті жоғары қатысушылардан 50-ден астам өтініш келіп түсті» деді Е.Оразалин.
Спикердің айтуынша, 2020 жылы несиелердің 70 пайызы сауда мен қызмет көрсету саласына бөлінген. Маңыздысы сол, осы несиелер арқылы бизнес ауқымы артты және қаржы айналымы толықты.
АЛМАТЫ