Еліміздің батысындағы Атырау өңірінде дүниеге келген ол өзінің еңбек жолын киелі Маңғыстаудың қара шаңырағы атанған Форт-Шевченко қаласында орта мектепте мұғалім болып бастайды. Адамзат өркениетінде елу миллиондай адамның өмірін жалмаған сұрапыл соғыстың қан майданын бастан өткізіп, 1946 жылы гвардия полковнигі шенінде елге қайтады. Адамзат тарихында болып көрмеген қантөгіс шайқастарда өзін нағыз батыр ретінде көрсетіп, І дәрежелі «Отан соғысы», Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталды.
Соғыстан кейін С.Зиманов өзін заң қызметкері болуға арнап, осы саладағы қызметін сол кездегі Гурьев облысының прокуратурасында тергеуші лауазымынан бастайды. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының прокуратурасында ерекше маңызды істер бойынша тергеуші болып жұмыс істеген. Алайда ғылымға деген зор құштарлық, жас жігітті ендігі жерде құқық қорғау органдарының күнделікті, бірсарынды жұмыстарында ұстап қала алмады.
Заң ғылымдарының теориялық мәселелеріне деген қызығушылық оны өзінің барлық саналы ғұмырын осы салаға арнауға итермеледі. Ол – 500-ден астам ғылыми еңбектің, соның қатарында 20-дан астам монографияның авторы. С.Зимановтың ғылыми-зерттеу еңбектері негізінен алғанда, мемлекет пен құқық тарихы мен теориясына Қазақстан мен Орталық Азияның өзге де аймақтарында ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы мен даму жолдарына, тәуелсіз қазақ мемлекетінің құқықтық платформасының қалыптасуына және т.б. өте өзекті мәселелерге арналған.
Тынымсыз ізденіс, табиғи талант, өз мақсатына қол жеткізуге деген мүдделілік С.Зиманұлының ғылыми қызметкер, білім беру мен ғылым істерінің шебер ұйымдастырушысы ретінде қалыптасуын қамтамасыз етті. Еліміздің ұлттық құқықтық жүйесінің қалыптасып, дамуына айрықша үлес қосып, өзінің атын отандық юриспруденцияның тарихына алтын әріптермен жазған тұлға десек артық айтпағандық болар еді. Өз ұлтына деген қалтқысыз қызметтің, жасампаз еңбектің жарқын дәлелі болып табылатын С.Зимановтың ғылыми жетекшілік етумен дайындалған 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясы ұлттық құқық тарихының жауһары іспетті.
«Кей кезде ғалымның сөзі әміршілерден де, бұл фәнидің заңдарынан да күштірек болады» – дейді Шығыс даналығы. С.Зиманов – әрдайым өз халқының намысын жеке басының мүддесінен жоғары қоя білген азамат.
Ел басына сын түсіп, ұлттық намыстың сыналар шағы болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде де ол өзінің ұлтжандылығын, азаматтық ұстанымын көрсетті. Империялық орталықтан шоқпарларын сүйретіп Мәскеуден келгендердің қазақ ұлтының атына айтқан жаласына, астам пікірлеріне де тайсалмай қарсы шығып, ұлт намысының тапталуына жол бермеген санаулы адамдардың бірі болды.
ХХ ғасырдың 90-жылдар атақты академиктің саяси және мемлекеттік қызметіндегі барынша белсенді кезеңі болды. Нақ осы кезең экономикалық, саяси, әлеуметтік өмірі толықтай тоқырауға ұшыраған Кеңес Одағы сияқты алып мемлекеттің шаруасы шатқаяқтап, құрдымға кетуге таяған кезі болатын. Кеңес Одағы ыдырап, әлемнің саяси картасында тәуелсіз мемлекеттердің, яғни халықаралық құқықтың дербес субъектілерінің пайда болуы ұлттық құқықтық жүйені қалыптастыруды күн тәртібіне өткір қойды.
Қазақ халқының қолына уақыттың өзі берген тарихи мүмкіндікті пайдаланып, аталарымыздың арманы болған тәуелсіз мемлекетті қалыптастыруға деген қажеттілік, көптеген біртуар тұлғалардың тарих сахнасына жарқ етіп шығуына себепкер болды. Академик С.Зиманов осындай тарихи тұлғалардың бірі және бірегейі бола білді.
Ол Отанымыздың саяси дамуының бағытын айқындауда ерекше маңызға ие болған құжат. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның түпкі редакциясын дайындау бойынша комиссияға басшылық жасады. Осы аталған құжатты қабылдаудың қажеттілігі туралы негізді пайымдауларды қоғамға ұсынды. Сонымен қатар ол келесі бір тарихи маңызды құжат «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» – Конституциялық Заңын дайындау бойынша комиссияның да мүшесі болды. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясының жобасын дайындау барысында ол сарапшылар тобын басқарды. Шындығын айтқанда, осы аталған Конституция мемлекеттік билік бөлінісін айқындауда, өкілетті билік органдарының құзыретін бекіту мәселелерінде барынша прогрессивті құжат болатын. Осы жылдары Салық Зиманұлы біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан зор көлемді саяси, әлеуметтік және құқықтық реформалардың басты идеологтерінің бірі болды, өзін халқын қалтқысыз сүюдің, оның болашағына деген сенімнің, ұлт мүддесі үшін жасампаз еңбек етудің жарқын үлгісі ретінде көрсете білді.
Қалыптасу үстіндегі құқықтық жүйе, ұлттық құқықтық ғылымды дамыту және оны білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібіне өткір қойды. Осы өрістегі мәселелерді шешуде С.Зиманұлы аянбай еңбек етті.
Ол 1995-2005 жылдар аралығында Қазақ академиялық университетінің ректоры қызметін атқара жүріп, аталған оқу орнының Ақтау қаласындағы филиалының ашылуына ықпал жасады. Академиялық университеттің Ақтау филиалы Маңғыстау топырағындағы жоғары білімді заң қызметкерлерін даярлайтын алғашқы оқу орындарының бірі болды. Оқу орнының аяғынан тұрып кетуіне атақты академик бар күш-жігерін жұмсады. 2001 жылы Академиялық университеттің Ақтау филиалы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің «Құқықтану» кафедрасы болып қайта құрылып, жоғары білімді заң қызметкерлерін даярлайтын өлкеміздегі ең іргелі оқу орнына айналды.
2011 жылы кафедра қабырғасында академик С.Зиманов атындағы аудитория ашылып, оның тұсаукесеріне атақты академиктің өзі арнайы келген болатын. Қазіргі уақытта «Құқықтану» кафедрасы Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-нің ең беделді құрылымдық бөлімшесінің бірі болып табылады.
Осы уақыт аралығында кафедра екі мыңнан аса жоғары білімді маман дайындап шығарды. Олардың басым көпшілігі өлкеміздің құқық қорғау органдарында қызмет атқарады. Еліміздегі құқық тәртібі мен заңдылықты нығайту, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың ең негізгі міндет екендігін болашақ маманның санасына сіңіруді кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы қызметтік парызы ретінде бағалайды.
Оның өмір жолы – қазіргі уақытта өте сирек құбылысқа айналған, ғылымға адал ғалымның және ары таза мемлекеттік қайраткердің ақиқат бейнесі. Салық Зиманұлы жоғары білікті құқықтанушы ғалымдар мен тәжірибелік заңгер қызметкерлерді даярлау тәрізді аса маңызды өрісте де тынбастан еңбек етті. Ол аса үлкен ғылыми мектепті қалыптастырды, оның шәкірттері қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде, құқық саласының әртүрлі өрістерінде жемісті еңбек етуде. Олардың қатарында ұстаздарының ақ батасымен өздерін ғылыми, ағартушылық және қоғамдық-саяси қызметке арнағандары да жетерлік.
Салық Зиманұлы Зимановтың жарқын бейнесі – халқына қалтқысыз қызмет етудің, ұлтжандылық пен ғылымға деген адалдықтың символы ретінде ел есінде мәңгі сақталып қала береді.
Серікқали ӘЛІБЕКОВ,
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ доценті,
заң ғылымдарының кандидаты
Ақтау