Маңғыстау жыраулық мектебі өзінің сөз саптау (стильдік, тілдік ұстанымы), жырды орындау тәсілі, тарихи қалыптасуы, концептуалдық мазмұны жағынан XIV-XV ғасырлардағы Сыпыра жырау дәстүрін жалғастырып, XX ғасырдың ортасына дейін (Сәттіғұл, Сүгір жыраулар) үзбей жеткізуімен ерекшеленеді. Бұл мектеп Қазақстанның батыс өңірін, Түрікменстан, Ресейдің кейбір аймағын қамтитын кең байтақ жыраулық кеңістік болып табылады. Қазіргі таңда Маңғыстау жыраулық мектебі туғызған 49 жыраудың 125 баспа табақ әдеби мұрасы белгілі. Олардың қатарында 15 автор осы жолға бүкіл ғұмырын арнаған белгілі ғалым, алаштың аяулы азаматы Қабиболла Сыдиықовтың жанкешті еңбегінің арқасында ғылыми ортаға танымал болса, қалған 30-дан астам жыраудың рухани көмбесін Тәуелсіздіктің самиян самалымен жергілікті мәдени мұра жинаушы, ардагер азамат Жетібай Жылқышыұлы тірнектеп тауып, жинақтап оқырманға ұсынды. Бұл шығармалар ел арасында ауызша жырлаудан, жеке адамдардың архивіндегі ескі қолжазбалардан, XX ғасырдың 70-80 жылдары жазылған үнтаспалардан көшіріліп, жинақталғандықтан әрқайсысының бұған дейін баспа жүзін көрмеген кем дегенде он шақты мәтін нұсқалары бар.
ҰҒА-ның сирек қолжазбалар қорында Маңғыстау жырауларының түрлі көлемдегі 145 шығармасы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорында маңғыстаулық 9 жыраудың 140 шығармасының қолжазбасы сақтаулы. Маңғыстау жыраулық мектебі арқылы жүйелі де толық нұсқасы үзілмей жеткен «Қырымның қырық батыры» жырлар тізбегінің әрбір жырының кем дегенде он шақты нұсқасы ОҒК-ның қолжазбалар қорында, әдебиет және өнер институтының қорында қаттаулы. Қолжазбалардың бірқатары араб, латын графикасымен жазылған, сапасы нашар қағазға жазылғандары көмескіленіп, өшуге айналған. Бұл жәдігер жолдардың барлығы бірдей баспа бетін көріп, зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Ал бұл жырлардың астарында ұлтымыздың тарихына қатысты деректер, ел мен жердің шежірелік дәйектері, ақпараттық, танымдық материалдар, тілдік материалдар жасырынып жатқаны сөзсіз. Маңғыстау жыраулық дәстүріндегі 49 жыраудың қазіргі кезде белгілі болып отырған шығармаларын түгел жинақтап, тізімдеу, шығарма мәтіндерінің қолдағы нұсқаларының библиографиялық анықтамаларын жасау, атап айтқанда, шығарманың неше мәтіндік нұсқасы белгілі, әр мәтін нұсқасы қай жылдары кімнен, қайдан, қалай (ауызша, жазбаша мәтін түрінде, дыбыстық мәтін түрінде) алынғандығы көрсетіп, әр нұсқаның барынша толықтырылған, шартты түрде канондық мәтінін анықтау, жыр мәтіндеріндегі көне, кірме, діни-танымдық жолдарға, антропонимдер мен топонимдерге тарихи-этимологиялық зерттеу жүргізу қажет.
Маңғыстау жыраулық мектебі өзінің сөз саптау, сөз таңдау әлеуетімен де ерекшеленеді. Мәселен, Маңғыстау ақын-жыраулары тілінде қазақтың қазіргі жазба әдеби тілінде де, ауызша әдеби тілінде де, тіпті Қазақстанның өзге өңірлерінен шыққан ақын-жыраулар тілінде де кездеспейтін ерекше сөздер мен сөз қолданыстары бар. Оларды шартты түрде көне сөздер, диалектизмдер, кірме сөздер, поэтикалық қолданыстар деп жіктеуге болады. Мұндай көнеліктердің, біздің пайымдауымызша, 3 түрлі келу көзі бар – біріншіден, жеке халық болып кұралғанға дейінгі көне тілден қалған жұрнақтар (сөздер) – олар Алтай, Сібірдегі түркілердің, моңғолдардың тілінің лексикасында бар сөздер (мысалы, арқайын, дүреу, құрал//хурал, алқа, т.б. сөздері), екіншіден, Түркі қағанаты ыдырағаннан кейінгі дәуірлерде Каспий бойына келіп мекендеген тайпалар тілдерінен қалған көне тұлғалар, үшіншіден, қазақ хандығы құрылатын дәуірде келген тайпалар (ноғай, түрікмен, қарақалпақ) тілдерінен ауысқан сөздер деп жорамалдауға болады.
Маңғыстау ақын-жыраулары тіліндегі ерекше сөз қолданыстардың енді бір тобы – ортазиялық түркі жазба әдебиетінің игі ықпалымен келіп орнығып қалған айшықты, көркем кестелі сөздер (Б.И.Нұрдәулетова, «XVIII-XIX ғасырлардағы Маңғыстау жырауларының тілдік ерекшеліктері» Алматы, 2011).
Қазақ әдебиеті тарихында «ноғайлы жырлары», «ноғайлықтың батырлары» «Қырымның қырық батыры» деген атаумен ерекшеленетін жырлар тізбегі көркемдік құрылымы, қызықты сюжеттерімен ғана емес, осы эпосты өздерінің алтын дәуренінің поэтикалық шежіресі ретінде танып, бағалайтын «ноғайлық» халықтардың түп тарихына деген сағынышын тудыруымен де бағалы. Осы қаһармандық жырлар тізбегі арқылы қазіргі қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек, түрікмен халықтары өздерінің рухани тұтастығының түп бастауын табатыны сөзсіз.
«Қырымның қырық батыры» жырлар циклін Маңғыстауда Мұрын жырау жырлап бізге жеткізген. Мұрынға дейін Қашаған, Нұрым, Мұрат, Қарасай жыраулар жырласа, олардың өзі жырды Абылдан үйренген. Ақтөбе өңірінде жырлар циклін Нұрпейіс Байғанин жырлаған. Ол Жаскелең жырау бастаған жыраулық мектептен үйренген. Ал Жаскелеңнің өзі Бекберген жыраудан, ол әлім Үкі жыраудан үйренген. Жайық өңірінде Жиембет жыраудың мектебі, Атырауда Қуан, одан Ығылман жыраулар бастаған жыраулық мектеп осы жырлар циклін жырлап таратқан. Қызылорда облысының Арал, Қазалы аймағында Нұртуғанның жыраулық мектебі болған. Осы Нұртуған жырау «Қырымның қырық батырына» кіретін біршама жырларды жаңғырта жырлаған.
Маңғыстаудан шыққан танымал зерттеуші Серікбол Қондыбай Мұрын жыраудан жазып алынған «Қырымның қырық батыры» жырлар циклі бойынша 112 топонимді анықтаған, олардың 32-сі Маңғыстау мен Үстіртте бар немесе осы географиялық кеңістіктегі жер-су атауларына жуықтайтын атаулар дейді. ҚҚБ-на жатқызылатын 30-дан астам жырдың әрқайсысының 10-нан 20-ға дейін нұсқаларын зерттеу барысында олардың мәтініндегі 200-ден астам топономикалық, антропонимдік, этнографиялық атаулар мен ұғым-түсініктің бар екенін анықтадық. Сондай-ақ Маңғыстаудың Қараойы мен Үстіртте шашырап жатқан ноғайлы билері мен батырларының атымен аталатын оба, қойылымдықтар да ноғайлы заманының бағзылық белгілері екені сөзсіз. Осындай ноғайлық пантеондардың бірқатары – Маңғыстаудың Қараойында шоғырланған Едіге ұрпақтарына байланысты мола-ескерткіштер.
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеден оңтүстік шығысқа қарай 40 шақырымда Қарауылкүмбет биігі деп аталатын аласа таулар сілемі бар. Қарауылкүмбеттің үстінде, жергілікті ақсақалдардың айтуынша, ежелгі ноғайлыдан қалған қойылымдықтар жатыр. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық қызметкерлерінің анықтауы бойынша Қарауылкүмбет қойылымдығы ХІV-ХVІ ғасырларға тән ескерткіш ретінде тіркелген. Қойылымдықтардың қатарында, төбенің биіктеу тұсында бүгінде жартылай бұзылған, бірақ аса көрнекі ғимарат тұр. Мамандардың көрсетуінше, ғимарат Маңғыстау күмбез тамдарының ішіндегі сәулеттік құрылысы ерекше, ежелгі тас шеберлерінің керемет қолтаңбасы болып табылады. Жергілікті өлкетанушы, жыршы – Ақылбек Өтеш 2015 жылы ғимараттың қасбетінде: «...Едіге баһадүр бұ бас би болдұ, баһадүр болдұ» деген араб графикасымен таңбаланған жазу бар екендігін алғаш анықтаған. Бұл «Қырымның қырық батыры» жырлар цикліндегі «Едіге батырдың» бас қаһарманы Едігенің прототипі – Алтын Орданың атақты биі, беглер бегі, Ноғай Ордасының негізін қалаған, талай жыр мен аңыздың тууына негіз болған атышулы Едігеге салынған кесене болуы мүмкін бе? Біз осы мәселеге қатысты Едігенің өлімі мен жерленуіне байланысты деректерді қарастырып, бірнеше мақала жариялаған болатынбыз.
«Қырымның қырық батыры» жырлар тізбегінің тұтасқан, жүйеленген поэтикалық ареалының басқа емес, Маңғыстау аймағы болуында қандай сыр бар?! Бұл да ноғайлы жырлары мен Маңғыстау феноменіне қатысты тың зерттеулерді қажет ететін өзекті мәселе деп есептейміз.
Қазақ эпосының ұлттық руханияттағы орнына талдау жасай келіп, эпостанушы профессор Әуелбек Қоңыратбаев: «Қырғыздар «Манас» жыры мен оның айтушыларын қоса қамтып зерттейді және «манасшы» дегендерге айрықша көңіл бөледі. Ал бізде айтушыға, тіпті мән берілмейді», – деп қынжылыс білдірген еді. Шын мәнінде, «Қырымның қырық батырын» жырлап жеткізген жыраулық мектеп, олардың басты өкілдері, олардың жырлау мақамы, сөз саптау стилі, өзіне дейінгі жырау-жыршылар жеткізген нұсқаларға қосып-алары, оның поэтикалық, әлеуметтік т.б. себептеріне талдау жасап, жалпы жыраулықтың ерекше табиғатын, қазақ мәдениеті тарихындағы орнын, тәрбиелік, танымдық қызметін зерттеуге арналған еңбектер кемде-кем. Бұл орайда Ә.Қоңыратбаевтың «Эпос және оның айтушылары» атты еңбегін айтуға болады. Бірақ оның өзі кеңестік көзқарастан аса алмай, жыраудың болмысын оның сөз саптау шеберлігімен бағалаудан әрі бара алмаған. Қ.Сыдиықов «Мұрын жырау және «Қырымның қырық батыры» атты бірнеше бөлімнен тұратын көлемді мақаласында Мұрын жыраудың шығармашылық өмірбаянын, қалыптасқан өнер ортасын, жыршылық жолдағы ұстаздарын, жырлау машығын, негізгі рухани мұралары (өлеңдері, жыр-дастандары) мен материалдық бұйымдарын, оның жыраулық болмысын жан-жақты ашатын мағлұматтар ретінде баяндаған. Бұл жырауды, оның киелі болмысын зерттеп-зерделеудегі тұңғыш әрі кең аядағы еңбек деуге болады. Осындай бағытта басқа да жыраулар зерттеліп, олардың жырлап жеткізген нұсқалары салыстырылса, жырдың даму, қалыптасу тарихын пайымдауға мол мүмкіндік болар еді.
Біз жоғарыда бірнеше түркі халықтарына ортақ жырлар тізбегін құрайтын «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінің қалыптасқан поэтикалық ареалы Маңғыстау екендігін айттық. Кезінде аталған жырды және оны жеткізуші Мұрын жырау Сеңгірбекұлының мұраларын ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізу туралы Қазақстан Парламенті тарапынан ұсыныс болған еді. Өкінішке орай, бұл шара аяқсыз қалды. Кейін аталған ұйымның Қазақстандағы өкілдерімен кездескенімізде, қырғыздардың манасшылары сияқты «Қырымның қырық батырын» жырлап, дамытып, үйретіп отыратын арнайы мектеп болу керектігін айтты. Жекеленген жыршылар болғанымен, Маңғыстауда арнайы жыршылар мектебі жоқ екендігі рас. Тіпті 49 тақтақ шыққан, «Қырымның қырық батыры» тәрізді 3 ай жырлап тауыса алмайтын жыр топанын туғызған Маңғыстаудай поэтикалық оазисте бірде-бір жыршы дайындайтын білім орнының болмаған өкінішті-ақ.
Ш.Есенов университетінің базасында Батыс жыраулық дәстүрін оқып-үйрететін мамандық ашудың сәті бір келмей-ақ қойды. Ал сонау Алтын Орда дәуірінен үзілмей келе жатқан поэтикалық дәстүрдің алтын тінін келер ұрпаққа жалғастыру үшін осы топырақтың жыр-құнарымен сусындаған өнер ортасын қалыптастыру қажет-ақ. Оны қалыптастыратын ғылыми-педагогикалық білім ордасы екендігі сөзсіз.
Бибайша НҰРДӘУЛЕТОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Маңғыстау облысы