12 Желтоқсан, 2013

Діні мықты қоғамның үні нықты

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Достық үйінде» Дін істері агенттігі, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі және «Астана-Зерттеу» қоғамдық қоры бірлесіп, «Дін және азаматтық қоғам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Алматыдағы «Достық үйінде» Дін істері агенттігі, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі және «Астана-Зерттеу» қоғамдық қоры бірлесіп, «Дін және азаматтық қоғам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияның мақсаты дін және азаматтық қоғам арақатынасындағы ең өзекті де тәжірибелік маңызы бар мәселелерді ортаға салу, сондай-ақ, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында қоғам азаматтарын діни ағартуға кеңінен тарту болып табылады.

Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин конференцияны «Азаматтық қоғам институттарының дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысуының ұтымды бағыттары» деген кіріспе баяндамамен ашып, пленарлық отырысты жүргізіп отырды. Қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова қатысушыларға ізгі тілегін арнап, осындай шараның мәдени астанамыз Алматыда өткізіліп отырғанына ризашылық танытты.

Алқалы жиынның ресми бөлімінде мемлекеттік-конфессияаралық қатынастар аясындағы зайырлылық мәселесіне, Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар ерекшелігі мен діншілдік және діни сауатсыздық мәселелеріне, Ислам ілімі тұрғысындағы құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам идеялары секілді бірқатар өзекті тақырыптарда баяндамалар жасалды.

Одан әрі конференция жұмысы секциялық отырыстармен жалғасып, «Дін азаматтық қоғам назарында: сараптамалық көзқарас», «Дін саласында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастырудағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін қолдану», «Үкіметтік емес ұйымдардың деструктивті ағымдар мен ұйымдардан зардап шеккен тұлғаларды оңалтудағы рөлі» деген тақырыптарда пікір алмасу мен ғылыми тұжырымдарды талдау қорытындысы түзілді.

Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында жиналған барлық материалдар мен сауатты пікірлер арнайы жинақ болып тасқа басылып, еліміздің кітапханаларына түсетіндігі жиын соңында келісілді.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар