Академик Н.Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығы №5 травматология бөлімшесінің травматолог-ортопед дәрігері Әнуарбек Кулчаров дәріс уақытында көптеген пайдалы кеңес берумен қатар, биылғы жағдайдың алдыңғы жылдардан ерекшелігіне тоқталды. Бұрын көшеде тайып жығылып, қол-аяқтарын сындырып немесе дененің өзге де жарақатына ұшырайтындар көп болса, биыл адамдардың көбі үйінде отырғандықтан, көшеден жарақаттану азайған. Оның орнына күнделікті тұрмыста, тіпті кафелге тамған тамшыға тайып жығылып, сыныққа дауа іздеп келеді екен. Статистиканы сөйлетсе, тұрмыстық жарақаттанудың 2019 жылы саны 9 932 болса, 2020 жылы 10 485-ке өскен көрінеді.
Жарақат алғандарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМКК) аясында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жарақатты қарау, рентгенге түсіру, гипс салу, қажет болса операция жасалып, стационарға жатқызылғанда да пациенттен бір тиын алынбайды. Оңалту да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде (МӘМС) қарастырылғандықтан, медициналық көмек алушы қалтасынан қаражат шықпайды.
Жарақаттанған жанға гипс салынғанымен, алғашқы 10-15 күн шамасында сол жер ісінеді, күлдіреп, гипстің қажауы да мүмкін. Сондайда тұрғылықты жері бойынша емханаға барып травматолог дәрігерге жүгіну керек. Маманға дер кезінде барса, қажетті көмек көрсетіліп, ушығып кетуге жол берілмейді.
«Негізінен жарақаттануды пайызға шағып айтар болсақ, оның дені жер тайғақ болатын қыс айларына тән. Осы ретте сырғанақ тебу, шанамен сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналысқан уақытта аса мұқияттық қажет. Бұған қоса, жарақаттанған жанның дәрігерге қаралғаны жөн. Өздігімен гипс саламын деп әуреленуге мүлде болмайды, қатты таңып жіберіп, мүлде ондайдың орны толмайтын өкінішке ұрындыруы да мүмкін. Елімізде жарақаттануға байланысты сапалы көмек жаңа технологияларды пайдалана отырып жүргізіледі. Пациенттер үшін қолдан келген көмегімізді аянбаймыз», деді Әнуарбек Лесбайұлы.