Оқиға • 14 Қаңтар, 2021

Сары көлікте туған сәби

457 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әдетте сәбидің бәрі перзентханада жарық дүние есігін ашады. Дегенмен, ілеуде біреуі жолда өмірге келеді. Жақында облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының фельдшері Мағжан Сүйінғалиев жедел жәрдем көлігінде жүкті ананы босандырып алды.

Сары көлікте туған сәби

Фельдшердің айтуынша, Атырау қаласына таяу орналасқан Еркінқала ауылынан шақырту түсіпті. Арнайы бригадасы мекенжайға 10 минутта жетіп, жүкті ананы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізуге бет алады. Алайда, жедел жәрдем көлігінде 20 жастағы жүкті ананың толғағы қысып, босанудың белгісі байқала бастапты.

Сол сәтте фельдшер Мағжан Сүйін­ғалиев 3 кило 200 грамм сал­мағы бар торсықтай ұлдың өмірге келуіне қолұшын созды. Бригададағы әріп­тестері жас болса да өзіне жүк­тел­ген жауапкершілікті жете сезінген фельдшердің кәсі­би­лігіне тәнті болды. Ол анасын да, жедел жәрдем бригадасының мүшелерін де қуантып, іңгәлап жатқан нәрестенің кіндігін кесіп, перинаталдық орта­лық­қа аман-есен жеткізді. Ал мұндағы акушерлер сәбидің де, анасының жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.

 – Бұл – менің міндетім. Біздің көлікте науқас бола ма, әлде жүкті ана бола ма, бәріне көмегімді көрсетуім керек. Бұған дейін жедел жәрдем көлігінде үш ананың босануына қол ұшымды созғандықтан, бұл жолы да кәсіби тұрғыдан әрекет еттім, – дейді фельдшер Мағжан Сүйінғалиев.

 

Атырау облысы