“Күліп барып, жылап қайтады” дейтін қарыздың кейде қайтуы қиындап кететін, кейде тіпті қайтпай қалатын да кездері болады екен. Өз қолымен беріп, кейін өз аяғымен барып ала-алмай әуре-сарсаңға түскен талайлардың басындағы жағдай куә оған. Сондайлардың бірі – Райхан Қосбармақов. Сот шешімінің шыққанына екі жылдан астам уақыт өтсе де өз ақшасын өндіріп ала алмай әлі жүр. Бармаған жері жоқ – шешіліп қалады дейді, жазбаған жері қалмады – көңіл көншітер әдемі жауаптан басқа қолына әл-әзір ештеңе тиген жоқ.
“2005 жылдың қараша айында мен өзімнің Каменка поселкесі, А.Иманов көшесіндегі екі қабатты үйімді Тортбаева Өрікке сатқан болатынмын. Ол Қазкоммерцбанктен ипотекалық несие алды. Бірақ алған ақшасы менімен толық есептесу үшін жеткіліксіз болды. Сондықтан жетпеген 10 336 000 (он миллион үш жүз отыз алты мың) теңгесін нотариусқа барып куәландырып, несие келісім-шартын жасадық. Осы келісім-шарт бойынша Тортбаева 2006 жылдың 15 ақпанына дейін менімен есептесіп болуы керек еді...” (Р.Қосбармақовтың арызынан).
Ақша жүрген жерде – уәде қосамжарланып бірге жүреді. “Ертең беремін, бір апта тоса тұр, бір айдан кейін құтылатын боламын”, деген сияқты, тағы сондай осыған ұқсас сөздер қарыз иесінің діңкесін құртары сөзсіз. Р.Қосбармақов та бос сөз, құрғақ уәдеден шаршап, ақыры сотқа жүгінеді. Алматы облысы, Қарасай ауданының соты 2007 жылы 2 наурызда Р.Қосбармақовтың пайдасына шешім шығарады. Осы шешім бойынша Райхан Қосбармақовқа қарызданушы Өрік Тортбаевадан 10 387 680 (он миллион үш жүз сексен жеті мың алты жүз сексен) теңге өндірілуі тиіс еді. Бірақ... бірақ бүгінгі күні аулада 2010 жылдың сәуірі орталап қалса да сол сот шешімі әлі орындалған жоқ.Обалы не керек, түк татырмады десек, қателескен болар едік. Там-тұмдап тамызып қойғаны рас. Мәселен, Ө.Тортбаева Р.Қосбармақовқа 2008 жылы 30 желтоқсанда 2000 АҚШ доллары, 2009 жылы 15 маусымда 5000 теңге, 2009 жылы 9 шілдеде 5000 теңге, 2010 жылы 16 ақпанда 5000 теңге, 2010 жылы 26 ақпанда 5000 теңге берген. Бірақ мұнымен сот шешімі орындалып жатыр деуге бола қоймас.
“...Сот шешімі шыққан кезден бастап осы іспен Қарасай аудандық сот орындаушылары айналысып келеді. Алғаш бұл іспен айналысқан сот орындаушы Аман Тоқберген қарыздардың атына жазылған екі бірдей жылжымайтын мүлігіне тоқтам салған болатын. Біріншісі, Каменка поселкесі, Иманов көшесіндегі екі қабатты үй, екіншісі, Ақжар поселкесі “Алатау” санаторийіндегі №1 үйдің 11-ші пәтері. Алғашқысы “Альянсбанкте”, екіншісі “Альтернативные финансы” акционерлік қоғамында кепілдікте тұр екен...” (Р. Қосбармақовтың арызынан).
Қарасай аумақтық сот орындаушылар бөлімінің сот орындаушысы Нұржан Смайылдың (осы істегі нешінші сот орындаушы екенін білмейміз) бізге берген түсінігінде былай дейді: “Өрік Тортбаеваның мүліктік жағдайын тексере келе оның атында екі жылжымайтын мүліктің бар екені анықталды. Біреуі, Каменка поселкесі, Иманов көшесіндегі №33 үй, екіншісі, Каменка поселкесі, “Алатау” санаторийіндегі №1 үйдің 11-ші пәтері. Бұлар кейін анықталғанындай, кепілде тұрған болып шықты. Жалпы кепілдік сомасы 72 168 826 теңге. Кепілді ұстаушы “Альянсбанк” акционерлік қоғамының өкілі Иманов көшесіндегі №33 үйден тоқтамды алып тастау жөнінде Қарасай аудандық сотына талап-арыз түсіреді. Осы аудандық соттың 2009 жылғы 3 ақпандағы шешімімен тоқтам алынған”.
Сонымен сот орындаушылар тарапынан салынған тоқтам сот тарапынан алынып тасталады. Ө.Тортбаеваның меншігінде деп есептелген жоғарыда аталған жылжымайтын мүліктер басқа мекемелердің кепілдігінде тұр. Және аз ақшаға емес. Қомақты сома. Бірақ сот орындаушының айтып отырғанындай сома нақты ма, әлде белгілі бір мөлшері төленді ме? Несие мөлшері қанша қалды? Неге сот орындаушылар заңды құзыреттерін пайдаланып Тортбаева Өріктің “Альянсбанк” алдындағы нақты қарызын анықтамайды? Тортбаевада ешқандай табыс көзі жоқ болса, қалайша банк төрт жылдан бері ол үйді оның игілігінде қалдырып отыр? “Мен білетін мәлімет бойынша Тортбаева Өріктің банкіге қарызы жоқ, яғни, Каменка поселкесі, Иманов көшесіндегі №33 үй кепілдікте тұрған жоқ”, дейді арыз иесі Р.Қосбармақов.
2010 жылғы 8 ақпандағы қаулы бойынша Өрік Тортбаеваның тоқтамға алынған мүлкінің нарықтық бағасын анықтау “Азиатская экспертная компания” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы” Заңның 49-бабына сәйкес жоғарыда аталған мүлік (Ө.Тортбаеваның “Алатау” санаторийіндегі №1 үйдің 11-ші пәтері) 2010 жылы 26 наурызда саудаға қойылған. Бірақ сатып алушы болмағандықтан, сауда-саттық өтпеген деп есептелінген.
Айтпақшы: “Барлық алынған жауапты талдап көрсем, бәрінікі бір жауап: “Сот шешімінің орындалуын қадағалап отырмыз, бұл іс өз шешімін табады” деген сияқты шығарып салма сөздер”, деп Р.Қосбармақов өз арызын күйінішпен аяқтапты. Оның сот орындаушыларына деген өкпесін түсінуге де болатын сияқты. Мәселен, Қарасай аумақтық сот орындаушылар бөлімінің сот орындаушысы Н.Смайылдың бізге ресми тілде берген жауабында: “Также направлены запросы для проверки имущественного положения должника Тортбаевой О.К.и супруге Мусаева Е.К. в УДП ДВД и Департамент юстиций по городу Алматы и Алматинской области, но ответы до настоящего время не получены”, дейді. Ал Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Б.Асқаровтың редакцияға жолдаған жауабында: “Сот орындаушы борышкердің күйеуінің атына тіркелген дүние-мүлкін анықтау үшін Алматы қаласы мен Алматы облысының мемлекеттік тіркеу органдары: Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығына, екінші дәрежелі Халық банкіне, жол полициясы басқармаларына, жер комитеті мен салық комитетіне сұрау жолдады. Келіп түскен мәліметтерде жылжитын немесе жылжымайтын мүлік тіркелмегендігі анықталды”, дейді. (Бұл жауаппен келісуге болады. Себебі, қолда бар басқа құжаттарда да борышкердің күйеуінің атында ешқандай жылжымайтын мүліктің тіркелмегендігі айтылған.) Осы мәліметті төраға орынбасары үстіміздегі жылдың 11 наурыздағы редакцияға жолдаған хатында келтірсе, сот орындаушы Н.Смайыл “әлі жауап келген жоқ” деген сөзін биылғы жылдың 1 сәуірдегі бізге берген түсінігінде айтып отыр. Сонда бұл мәліметтен хабары жоқ, сұрағына әлі күнге дейін жауап ала алмай отырған сот орындаушының әрекетіне қалай қарның ашпайды...
Сонымен, талай есік қағылды, талай табалдырық атталды, талай жерге арыз-шағым жазылды, талай жауап алынды. Арадан екі жылдан аса уақыт өтті, ал сот шешімі әлі орындалған жоқ, қарыз қайтпады. Мақаламызды: “Сот шешімі қашан орындалады?!” деген сұрақпен аяқтағымыз келіп отырған. Бірақ жоғарыдағыдай таптауырын жауап тағы біреудің қол қоюымен келіп те қалатын шығар деген күпті көңілдің күмәні де жоқ емес...
Шарафаддин ӘМІР.
Алматы облысы, Қарасай ауданы.